Ақпараттық портал

Сауапты істен құр қалмайық

Жаңа оқу жылы қарсаңында елімізде дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы Шу ауданында да өз жалғасын табуда. Биылғы игі бастамаға Шу ауданы аумағындағы өнеркәсіп бағытындағы кәсіпорындар, «Жібек жолы» арнайы экономикалық аймағында орналасқан кәсіпорындар мен ауданның жеке кәсіпкерлері белсенді атсалысып, өскелең ұрпаққа қолдау көрсетудің жарқын үлгісін танытты.
«Мектепке жол» акциясының негізгі мақсаты – жаңа оқу жылына дайындық кезінде әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардан шыққан оқушыларға көмек көрсету, олардың әлеуметтік себептермен мектепке бармай қалуының алдын алу. Сонымен қатар аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар да акция аясындағы қамқорлықтан тыс қалмайды.
Осы мақсатта жуырда Шу қаласындағы Теміржолшылар саябағында Шу ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің ұйымдастыруымен дәстүрлі «Мектепке жол» науқаны аясында қайырымдылық шарасы өтті. Іс-шараға Шу ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Жеңіс Нұрғалиев, аудан аумағындағы кәсіпорын өкілдері мен кәсіпкерлер қатысып, жаңа оқу жылы қарсаңында 250 оқушыға мектеп сөмкелері мен қажетті оқу құралдарын табыс етті.
Бала үшін жаңа сөмке, дәптер мен қалам – күнделікті қолданатын қарапайым заттар ғана емес. Жаңа оқу жылы қарсаңында мұндай сыйлық әр шәкіртке ерекше қуаныш сыйлап, оның мектепке деген ынтасын арттыратыны анық. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі шара барысында көрсетілген қолдау – балалардың алаңсыз білім алуына жасалған қамқорлық әрі олардың болашағына бағытталған ізгі қадам.
Қоғамда азаматтардың әлеуметтік жағдайы бірдей емес. Әйтсе де, өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, қатарынан қалмай жетілуіне жағдай жасау – баршамызға ортақ міндет. Бұл бағытта мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаумен қатар, туған жерінің тыныс-тіршілігіне бейжай қарамайтын кәсіпкерлер мен жаны жомарт азаматтардың қайырымдылық бастамаларға үн қосуының маңызы зор.
«Мектепке жол» республикалық акциясына халық қалаулылары, меценаттар, кәсіпкерлер, еріктілер және ауданның жанашыр азаматтары атсалысып келеді. Осындай ортақ іске жұмыла білу – қоғамдағы мейірім мен өзара жанашырлықтың белгісі.
Айта кетерлігі, Шу ауданында бұл бағыттағы жұмыстар жыл сайын жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Өткен жылы да аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Жеңіс Нұрғалиевтің ұйытқы болуымен, кәсіпкерлердің қолдауымен бірнеше білім беру ұйымында оқитын 200 оқушыға мектеп сөмкелері мен қажетті оқу құралдары табыс етілген болатын. Биыл игі бастаманың ауқымы кеңейіп, қамтылған балалар саны 250 оқушыға жетіп отыр.
«Туған жерге туыңды тік» демекші, ауданның абыройын ойлайтын әрбір азамат ең алдымен кейінгі буынның кем-кетігін түгендеп, олардың болашағына қолдау көрсетуді азаматтық парыз санайтыны сөзсіз. Себебі бүгінгі мектеп оқушысы – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын маман. Бүгін оған көрсетілген кішкентай ғана қолдаудың өзі келешекте үлкен нәтижеге ұласуы мүмкін.
Сонымен қатар алдағы уақытта «Мектепке жол» жалпы республикалық акциясымен қатар, жаңа оқу жылына дайындық аясында мектеп формалары мен кеңсе тауарларын төмендетілген бағамен ұсынатын жәрмеңке де ұйымдастырылады. Мектеп формалары мен кеңсе тауарларын 10-20 пайыз тіпті 50 пайызға төмендетілген бағамен ұсынуға дайын азаматтар осы игі іске мұрындық болады. Бұл да жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналарға қолдау көрсетіп, отбасылық шығынды азайтуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болмақ.
Қайырымдылықтың үлкен-кішісі болмайды. Бір отбасыға көрсетілген көмек, бір баланың қолына ұстатылған сөмке немесе бір оқушыға сыйланған қаламның өзі жақсылықтың бастауы болуы мүмкін. Сондықтан ауданның жанашыр азаматтарын, кәсіпкерлер мен жаны жомарт жандарды «Мектепке жол» акциясына бір кісідей атсалысып, балаларға қолдау көрсетуге шақырамыз.
Атап өтейік, «Мектепке жол» республикалық акциясы ағымдағы жылдың 30 қыркүйегіне дейін жалғасады. Акцияға қатысу немесе көмекке қатысты туындаған сұрақтар бойынша Шу аудандық білім бөліміне 8 (72638) 3-00-09 телефоны арқылы хабарласуға болады.
Балаға жасалған қамқорлық – болашаққа жасалған инвестиция. Сондықтан игі бастаманың жыл сайын жалғасын тауып, оған атсалысатын азаматтар қатарының артуы – ауданымыздағы ауызбіршілік пен жанашырлықтың жақсы көрінісі.
Сіз бір қалам алып берген бүгінгі шәкірт келешекте қарымды қаламгер болмасына кім кепіл?! Бүгін қолына жаңа сөмкесін ұстап, мектеп табалдырығын қуана аттаған бала ертең туған елінің дамуына үлес қосатын білікті маман болуы әбден мүмкін. Ендеше, сауапты істен құр қалмайық! Бала қуанышын еселеп, білімге бастар жолына бірге қолдау көрсетейік!
Айғаным АСҚАРБЕК,
аудан әкімдігі білім бөлімінің әдіскері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.