Ақпараттық портал

Жамбылдықтар Түркістанда топ жарды

Күні кеше Түркістан қаласында Қазақстанның Құрметті журналисі, Түркістан облысының Құрметті азаматы, «Оңтүстік» телеарнасының негізін қалаушы Байдулла Қонысбекті еске алуға арналған бильярдтан аймақтық турнир өтті.
Турнирге Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласынан бұқаралық ақпарат құралдарының 16 өкілі қатысып, өзара бақ сынасты. Дода барысында қатысушылар бильярд спортындағы шеберліктерін көрсетіп, өз өңірлерінің намысын қорғады.
Тартысты өткен жарыстың қорытындысы бойынша Жамбыл облысының өкілі, «Шу өңірі-Шуская долина» газетінің бас редакторы Ерғали Қартайған жеңімпаз атанып, бірінші орынды иеленді. Екінші орын шымкенттік Самат Мырзалиевке бұйырса, үшінші орын тағы бір жамбылдық журналист Данияр Әлімқұлдың еншісіне тиді.
Жарысқа қатысушылар турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, оның спорттық бәсекемен қатар, әріптестер арасындағы достық байланысты нығайтуға, өңіраралық тәжірибе алмасуға мүмкіндік бергенін жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін бес жыл бұрын Байдулла Қонысбектің 80 жылдық мерейтойына орай бильярдтан осындай турнир ұйымдастырылып, онда жамбылдықтар жеңіске жеткен болатын.
Байдулла Қонысбектің есімін ұлықтауға арналған бұл турнир – ардақты журналистің өнегелі жолын кейінгі ұрпаққа насихаттап, әріптестері арасындағы сыйластық пен ынтымақтастықты арттыруға бағытталған тағылымды шара болды.
Турнирді ұйымдастыруға және жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан Түркістан облысының әкімдігіне, ұйымдастыру алқасына және Ғалымжан Елшібай бастаған азаматтарға алғыс айтылды.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.