Ақпараттық портал

«Ауыл кеші көңілді»

Ел іші ежелден өнердің қайнар көзі саналады. «Ән – көңілдің ажары» деп дүйім жұрттың ән мен күйге айрықша мән беретіні де сондықтан. Кейінгі жылдары Шу ауданында тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға бағытталған «Ауыл кеші көңілді» атты сазды бағдарлама көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп келеді.

Аудандық мәдениет үйінің бастамасымен биыл үшінші мәрте ұйымдастырылып отырған жоба аясында аудан орталығынан шалғай орналасқан елді мекендердің тұрғындарына жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасы ұсынылуда.
Ал сәрсенбінің сәтінде аудан орталығындағы жерлестеріміз үшін де көңілді кеш ұйымдастырылды. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін тамашалаған концертте елге етене таныс ескі әндермен қатар, заманауи эстрадалық туындылар мен көпшіліктің көңілінен шыққан танымал шығармалар шырқалды.
Жазғы сахна алдына жиналған көрерменге аудандық өнерпаздардың алдыңғы буын өкілдері Жанат Досжанова мен Бақытжамал Қосыбаева әннен шашу шашып, кейінгі буын өнерпаздарының орындауындағы әсем әндермен жалғасты. Сонымен қатар кешке Балуан Шолақ ауылдық округінің әжелері қатысып, әннен шашу шашса, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері патриоттық әндер орындады.
Екі сағатқа жуық уақытқа созылған сазды бағдарлама барысында көрермендер әсем әннің ырғағына билеп, бүлдіршіндер шаттыққа бөленді. Ән мен бидің әуені жазғы кештің ажарын ашып, тұрғындарға ерекше көңіл-күй сыйлады.
Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев сөз алып, «Ауыл кеші көңілді» жобасының маңызына тоқталды. Ауыл тұрғындарының рухани тынысын кеңейтіп, мәдени шараларды елді мекендерге жақындатуды көздейтін жобаның түпкі мақсатын атап өткен ол мәдениет қызметкерлеріне жемісті еңбектері үшін ризашылығын білдірді.
Өз кезегінде көрермендер де ұйымдас-тырушыларға алғыстарын айтып, өнерпаздарға ақжолтай тілектерін білдірді. Әсіресе ауыл тұрғындарының мәдени-рухани сұранысын өтеуге бағытталған мұндай игі бастамалардың жалғасын табуына тілектестік білдірді.
Айта кетейік, «Ауыл кеші көңілді» атты көшпелі сазды бағдарлама шілде айында аудан орталығынан шалғай орналасқан Шоқпар ауылынан бастау алған. Одан кейін Ақсу, Көкқайнар, Қонаев, Көктөбе және Абай ауылдарында жалғасын тапты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, гастрольдік сапар бұдан әрі де жалғасып, ауданның өзге де ауылдарын қамтитын болады. Бұл – өнерді елге жақындатып, ауыл тұрғындарының мәдени демалысын мазмұнды ұйымдастыруға бағытталған тағылымды жоба.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.