Ақпараттық портал

Мектепке дайындық қанша тұрады?

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Қыркүйек айы жақындаған сайын сауда мен дүкендердегі мектеп тауарларына деген сұраныс та арта түскен. Ата-аналар баласына мектеп формасы мен аяқ киім іздеп, сөмке, дәптер, қаламсап секілді оқу құралдарын түгендеуге кіріскен. Ал биыл бір баланы мектепке толық дайындау қанша теңгеге түседі?
Осы сұрақтың жауабын білу үшін біз аудандағы орталық базарды аралап, мектеп тауарларының бағасын салыстырып көрдік. Базардағы жағдай таңертеңнен-ақ қызу. Бір жерде ата-аналар мектеп формасын таңдап жатса, енді бір жерде балалар өздеріне ұнаған сөмкені қарап тұр. Сатушылардың айтуынша, оқу жылы жақындаған сайын сатып алушылар қатары көбейіп келеді. Біз аралаған сауда орындарында ұл балаларға арналған жекелеген шалбарларды 7-12 мың теңгеге, жейделерді 4-8 мың теңгеге кездестіруге болады. Қыз балалардың мектеп формасы да бағасына қарай әртүрлі. Сарафан немесе белдемше 7-15 мың теңге, ақ жейде 4-8 мың теңге. Әрине, бағасы төмен дегеннің бәрі сапасыз, қымбат дегеннің бәрі сапалы деген сөз емес. Сондықтан ата-аналар матасының құрамына, тігіс сапасына және баланың киімнің ішінде өзін қаншалықты жайлы сезінетініне назар аударғаны жөн.
Сөмке бағасы да әртүрлі. Базардағы сөмкелердің бағасы 5 мың теңгеден басталып, сапасы мен үлгісіне қарай 15-20 мың теңгеге дейін жетеді. Бастауыш сынып оқушыларына арналған ортопедиялық сөмкелердің бағасы бұдан да жоғары болуы мүмкін. Сатушылардың айтуынша, ата-аналар көбіне сөмкенің сыртқы дизайнына емес, баланың арқасына ыңғайлы болуына көңіл бөле бастаған.
Ал аяқ киімге қанша кетеді? Біз көрген сауда орындарында мектепке арналған туфлилердің бағасы 10-20 мың теңге аралығында. Спорттық аяқ киімнің бағасы да шамамен сол бағаны көрсетіп тұр. Ал баланың аяғы өсетінін ескерсек, ата-ана үшін бұл да жыл сайын қайталанатын шығын.
Бір қарағанда арзан көрінетін дәптер, қалам, қарындаш сияқты ұсақ заттардың өзі жинала келе қомақты қаржыға айналады. Базардағы бағаларға қарасақ, 12 беттік дәптер 50-100 теңге, 48 беттік дәптер 200-400 теңге, қалам 100-300 теңге, қарындаш 100-250 теңге, өшіргіш 100-300 теңге, сызғыш 150-500 теңге, түрлі-түсті қарындаштар 500-1500 теңге, фломастер 500-2000 теңге, сурет альбомы 300-1000 теңге, пенал 1000-4000 теңге шамасында. Бұған қоса бірінші сынып оқушыларына түрлі-түсті қағаз, картон, желім, ермексаз, бояу, қылқалам секілді шығармашылық сабақтарға қажетті құралдар да керек. Яғни, «ұсақ-түйек қой» деп қараған кеңсе тауарларының өзіне бір оқушыға 10-20 мың теңге жұмсалуы әбден мүмкін.
Сонымен бір баланы мектепке дайындау үшін қанша ақша жұмсалады? Базардағы бағаларды шамалап есептеп көрсек, мектеп формасы, аяқ киім, сөмке, спорттық киім және кеңсе тауарларын қосқанда, бір баланы ең қарапайым деңгейде мектепке дайындауға шамамен 70-100 мың теңге қажет. Ал сапалы әрі қымбаттау тауарларды таңдаған жағдайда бұл сома 120-150 мың теңгеге, кей жағдайда одан да жоғарыға жетуі мүмкін. Ал бір отбасында мектеп жасындағы үш бала болса, ең төменгі есептің өзі 210-300 мың теңге шамасында шығады екен. Ал бұл оқу жылы басталар алдындағы шығын ғана. Оқу жылы ішінде жолақы, тамақтану, үйірмелер, қосымша сабақтар және басқа да қажеттіліктерге жұмсалатын қаражат бұған кірмейді. Базар аралаған кезде байқағанымыз, мектеп тауарларының түрі өте көп. Түрлі-түсті, мультфильм кейіпкерлері бейнеленген сөмкелер, қымбат пеналдар, брендтік дәптерлер балалардың назарын бірден аударады. Біздің базардағы шағын зерттеуіміз көрсеткендей, биыл да мектепке дайындық ата-ананың қалтасына салмақ салмай қоймайды. Ал одан да маңыздысы баланың білім алуға деген қызығушылығы мен ата-анасының қолдауы.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.