Ұлы ақын мұрасы және жас сарбаз
Ел болашағы мен ұлттық қауіпсіздігіміздің тірегі – саналы, рухы биік жастар. Бүгінгі таңда шекара шебін күзетіп жүрген жас сарбаздардың бойына отансүйгіштік пен парасаттылықты сіңіруде ұлы ғұлама Абай Құнанбайұлының мұрасының орны ерекше.
Осы орайда, аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен, Абай күні және Шекарашылар күніне орай Ақсу шекара бөлімшесінде тағылымды шара өтті.
Рухани шараға Оразалы батыр ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы, ардагер ұстаз Ертай Нұрғалиев арнайы қатысып, әскери ортада ұлы ақынның шығармашылығы мен қара сөздеріндегі терең ойларды тарқатты. Кездесу барысында ардагер ұстаз сарбаздардың рухын көтеріп, Отанды қорғау – қасиетті борыш қана емес, үлкен парасат пен жауапкершілікті талап ететін іс екенін жеткізді. Абайдың қара сөздеріндегі адамгершілік, адалдық, еңбекқорлық және елдік туралы қағидаттар әскери қызметшілердің дүниетанымын кеңейтіп, өмірлік көзқарасын қалыптастыруға зор үлес қосатыны атап өтілді.
Ақсу шекарасы бөлімшесінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Әскербек Битемиров өз сөзінде «Руханият пен әскери борышты ұштастырған мұндай бастамалар сарбаздардың санасын жаңғыртып, оларды еліне адал қызмет етуге жұмылдырады» – деп атап өтті.
Елдос Әбішев,
Ақсу ауылдық округінің жастармен жұмыс
жөніндегі маманы.