Атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар
1. Сот орындаушысы атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
2. Атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар мыналар болып табылады:
1. борышкердің өзіндегі не өзге де жеке немесе заңды тұлғалардағы (банктерді және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарды, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарын қоспағанда) ақшасы мен бағалы қағаздарын қоса алғанда, мүлкіне тыйым салу;
1.1) борышкердің банктердегі, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарындағы ақшасы мен мүлкіне тыйым салу;
2. борышкердің өзіндегі не өзге де жеке немесе заңды тұлғалардағы жылжымалы мүлкін алып қою;
2.1) борышкердің өзіндегі не өзге де жеке немесе заңды тұлғалардағы жылжымайтын мүлкін алып қою;
3. борышкерге белгілі бір іс-әрекеттер жасауға тыйым салу, оның ішінде заңды тұлға органдарына шешімдер қабылдауға тыйым салу, сол сияқты заңды тұлғаның жылжымалы және жылжымайтын мүлкін, мүліктік және мүліктік емес құқықтарын, бағалы қағаздарын және жарғылық капитал мен мүліктегі үлестерін иеліктен шығару жөнінде қабылданған шешімдердің қолданылуын тоқтата тұру;
4. борышкердің оған меншік құқығы негізінде тиесілі мүлікті, оның ішінде ақшаны пайдалануына тыйым салу не оларды сот орындаушысы белгілеген шекте пайдалануға нұсқау беру;
5. борышкер мүлкіне сүргі салу;
6. құқық белгілейтін құжаттарды алып қою;
7. басқа адамдардың борышкерге мүлік, оның ішінде ақша беруіне немесе оған қатысты өзге де іс-әрекеттерді орындауына тыйым салу.
3. Қажет болған жағдайларда орындауды қамтамасыз етудің бірнеше түрі қолданылуы мүмкін.
4. Қамтамасыз етудің бір түрін басқасымен ауыстыру туралы мәселені сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізу тараптарының арызы бойынша немесе өз бастамасы бойынша қарайды. Қамтамасыз етудің бір түрін басқасымен ауыстыру туралы мәселені қарау бұрын белгіленген қамтамасыз ету шараларының қолданылуын тоқтата тұрмайды.
5. Атқарушылық іс жүргізуді тоқтата тұру, кейінге қалдыру немесе мерзімін ұзарту атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөнінде бұрын белгіленген шаралардың күшін жоюға әкеп соқпайды.
6. Сот орындаушысы осы баптың 2-тармағының 1.1), 2.1) және 6) тармақшалары бойынша атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасында белгіленген тәртіппен алынатын санкциямен қолданады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген шараларды санкциялауды прокурор жүзеге асырады.
Бауыржан Серікбаев,
Шу ауданаралық мәжбүрлеп орындату аумақтық бөлімінің
мемлекеттік сот орындаушысы.