Ақпараттық портал

Білім көкжиегі: Норвичтен Шуға дейін

Білім – ұлттың ертеңге қалдырар ең қымбат капиталы. Жердің байлығы сарқылар, дәуірдің дәулеті ауысар, заманның салтанаты өзгерер. Ал санасына білім ұялаған ұрпақ барда елдің еңсесі түспейді. Сондықтан қазақтың азаттығын аңсаған Алаш арыстары ең әуелі халықтың санасын оятуды, мектепті түзеп, ұрпақты оқытуды мұрат етті. Олар үшін білім – әріп танытып, есеп үйретудің ғана құралы емес, ұлтты өркениет көшіне бастайтын рухани күш еді. Ахмет Байтұрсынұлының «Мектептің жаны – мұғалім» деген бір ауыз сөзі сол дәуірдегі тұтас ағартушылық идеяның салмағын аңғартады. Мағжан Жұмабаев та ұлттың келешегін мектептің қандай негізде құрылуымен сабақтастырды. Оның педагогикалық ойларында өзгенің озығын тану мен ұлттық болмысты сақтау бір-біріне кереғар ұғым емес еді. Керісінше, Мағжан тәрбиешінің өз тәжірибесімен ғана шектелмей, түрлі заман мен түрлі ұлт ғалымдарының педагогикалық тәжірибесімен танысуы қажеттігін жазды.

Ғасыр бұрын айтылған осы ой бүгін де өзектілігін жойған жоқ. Тек заман өзгерді. Кешегі Алаш баласының алдындағы мұрат – сауатты ұлт қалыптастыру болса, бүгінгі ұрпақтың алдында әлемдік білім кеңістігінде бәсекеге қабілетті болу міндеті тұр. Ендігі мектеп оқушыға білімді дайын күйінде ұсынып қана қоймай, оны ізденуге, ойлауға, салыстыруға, алған білімін өмірлік жағдайда қолдануға үйретуі қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласына қатысты ұстанымы да осы үздіксіз ізденіс идеясымен сабақтасады. Президентіміз «Қазір – білім мен ғылымның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болады» деп білімді мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде айқындады. Сонымен бірге ғылым, білім мен технологияның өте жылдам өзгеріп жатқанын айтып, ұстаздардың ұдайы ізденіп, балалардың оқуға зейінін ашатын әдіс-тәсілдерді жетік меңгеруі қажеттігін атап өтті. Мұнда тағы бір маңызды ой бар. Президент дамыған мемлекеттердің білім беру тәжірибесін зерттеуге үндей отырып, оны сол қалпында көшіріп әкелуден сақтандырады. Оған «Озық тәжірибені үйреніп, оны еліміздің болмысына бейімдеу керек» деген сөзі дәлел. Осы бір тұжырым бүгінгі білімдегі жаңашылдықтың басты қағидасы іспетті. Өзгенің тәжірибесіне таңдану үшін емес – тағылым алу үшін қарау, үйрену үшін бара отырып, үйренгеніңді өз ортаңның қажетіне жарату, дайын қалыпты көшіру емес, одан жаңа жол табу-негізгі басымдықтарға айналуы тиіс.
Шу ауданының білім беру саласындағы ізденістерді де осы тұрғыдан бағалауға болады. Осы тұста аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев білім сапасын арттыруды тек материалдық базаны нығайтумен немесе көрсеткіштерді жақсартумен шектемей, білім беру үдерісінің мазмұнын жетілдіруге, мектеп басшылары мен педагогтердің кәсіби көкжиегін кеңейтуге ерекше көңіл бөліп келеді. Соның бір айғағы – ауданның үш мектебі басшысының әлемдік педагогикалық тәжірибені зерделеп, Ұлыбританияда кәсіби біліктілігін арттырып қайтуы. Өткен оқу жылының аяғына таман М.Х.Дулати атындағы жалпы білім беретін мектептің директоры Иманқұлова Құндызай, М.Мәметова атындағы орта мектептің директоры Смайыл Гаухар және Д.Қонаев атындағы орта мектептің директоры Оспанова Ұлжан Ұлыбританияның Норвич қаласындағы Norwich Institute for Language Education (NILE) оқу орнында ұйымдастырылған «Content and Language Integrated Learning – CLIL» бағыты бойынша біліктілікті арттыру курсынан өтіп, халықаралық педагогикалық тәжірибемен танысып қайтты.
Норвич пен Шу арасын мыңдаған шақырым бөліп жатыр. Бірақ білімнің жолында географиялық қашықтықтың өлшемі басқа. Бір қиырда туған озық ой екінші қиырдағы мектептің қажетіне жараса, екі араны жалғаған көзге көрінбес көпір пайда болады. Оның аты – тәжірибе. Ал тәжірибенің құны көргеніңді қайталаумен емес, одан өзіңе керегін таба білумен өлшенеді. Үш мектеп басшысының Ұлыбританиядағы тағылымдамасының өзегіне айналған CLIL де әлемдік білім кеңістігінде қолданылып жүрген осындай тәсілдердің бірі. Ағылшын тіліндегі «Content and Language Integrated Learning» атауы қазақша пән мен тілді кіріктіріп оқыту деген мағынаны білдіреді. Оның мәнін күрделі ғылыми анықтамаларсыз-ақ бір сөйлеммен түсіндіруге болады: оқушы тілді үйреніп қана қоймайды, тіл арқылы білім үйренеді. Мәселен, бала жаратылыстануда табиғат құбылысын зерттей отырып, сол тақырыпқа қатысты екінші тілдегі ұғымдарды меңгереді, географиядағы деректі талдай отырып тілдік қорын дамытады, белгілі бір мәселені талқылау кезінде пәндік білімін пайдаланып, өз ойын басқа тілде жеткізуге дағдыланады. Яғни пән мен тіл бір-бірінен бөлек екі арна болып ақпай, бір таным кеңістігінде тоғысады.
Бұл жерде мақсат – ертеңнен бастап мектептегі пәндерді жаппай ағылшын тілінде оқыту емес. Мәселе одан әлдеқайда терең. Негізгі мұрат – баланың пәндік білімін тілдік дағдымен, тілдік дағдысын ойлау қабілетімен сабақтастыру. Оқушы жаттаушыдан ізденушіге, дайын жауапты күтушіден өз ойын дәлелдеушіге қарай қадам басуы керек. Бүгінгі білімнің жаңа өлшемі де осында жатыр. Өйткені ХХІ ғасыр баласына «не білесің?» деген сауалмен шектелу аздық етеді. Енді «білгеніңді қайда және қалай қолдана аласың?», «ақпаратты талдай аласың ба?», «өз ойыңды дәлелдей аласың ба?», «өзге тілдегі білім көзін пайдалана аласың ба?» деген сауалдардың салмағы артып келеді. Сондықтан Норвичтен алынған тәжірибенің Шу жеріндегі жалғасы CLIL атауын мектеп құжаттарына енгізумен өлшенбеуі тиіс. Оның шынайы нәтижесі – сол тәжірибеден туған жаңа педагогикалық ойда.
Алдағы уақытта тағылымдамадан өткен мектеп басшыларының алдында дайын үлгіні қайталау емес, үйренген әдістің тиімді қырларын өз мектептерінің мүмкіндігіне қарай бейімдеп, педагогтермен бірге тың идеялар қалыптастыру міндеті тұр. Бір мектеп оны жаратылыстану бағытындағы пәндер мен тілдік дағдыларды сабақтастыру арқылы дамытса, екіншісі мұғалімдердің бірлескен жобасына айналдыруы мүмкін. Үшінші білім ордасы оқушының зерттеушілік қабілетін жетілдіретін өзіндік тәсіл ұсынуы ықтимал. Яғни Норвичте көрген тәжірибе – дайын жауап емес, ол – жаңа сұрақтардың бастауы. «Біз мұны өз мектебімізде қалай қолданамыз?», «Қазақ баласына оның қай тұсы тиімді?», «Ауыл мектебінің мүмкіндігіне қалай бейімдейміз?», «Осы тәжірибеден өзіміздің қандай жаңа әдістемелік идеямызды туғыза аламыз?» деген сауалдарға жауап іздеу енді басталмақ. Нағыз жаңашылдық та осындай ізденістен туады. Шетелден келген әдісті сол қалпында қайталау жаңалық болмауы мүмкін. Ал оның өзегін түсініп, ұлттық мектептің табиғатына бейімдеп, мұғалімнің шығармашылық шеберлігімен толықтырып, балаға пайдалы жаңа үлгі қалыптастыру – жаңашылдықтың шынайы сипаты.
Бұл тұста ғасыр бұрынғы Алаш ойы мен бүгінгі мемлекеттік білім саясатының арасында ғажап үндестік байқалады. Алаш зиялылары әлемдік білімнен оқшауланбай, оның озығын игерген ұлттық мектепті аңсады. Бүгін Мемлекет басшысы да дамыған елдердің тәжірибесін зерттеп, оны еліміздің болмысына бейімдеуді міндет етіп отыр. Екі дәуірдің арасын жүз жылдан астам уақыт бөліп тұр. Бірақ мұрат біреу – білімді ұлт. Сол мұраттың бүгінгі жолы енді цифрлық технологиямен, жасанды интеллектімен, жаңа педагогикалық әдістермен, әлемдік тәжірибемен тоғысып жатыр. Президент білім беру үдерісіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні жедел енгізу қажеттігін айтып, «озық ойлы ұлт» пен «технологиялық ұлт» ұғымдарының егіз екенін атап көрсетті. Демек, бүгінгі мектептің есігі әлемге ашық болғанымен, табалдырығы ұлттық топырақта нық тұруы керек.
Шу ауданындағы осы бастаманың да үлкен мәні осында. Шетелде көрген тәжірибенің ең үздік тұсы Шу мектебінің сабағына еніп, мұғалімнің шығармашылық ізденісіне қозғау салып, одан әрі жергілікті педагогтердің өз қолтаңбасы бар жаңа идеясына ұласса – сапардың шынайы нәтижесі сол болмақ. Бір директордың көргені бір ұжымның біліміне, бір ұжымның ізденісі жүздеген баланың мүмкіндігіне айналуы тиіс. Сонда Норвичке барған сапар үш адамның кәсіби өмірбаянындағы бір жол болып қалмайды. Ол аудандық білім беру жүйесіндегі жаңа ізденістің алғашқы парағына айналады. Білімнің табиғаты да қызық: оны бөліскен сайын азаймайды, қайта көбейеді. Бір ұстаз меңгерген жаңалық екіншісінің ойын оятады. Бір мектепте туған идея екінші мектепке қанат бітіреді. Ал ұстаздың санасында туған бір тың тәсіл кейде бір баланың бүкіл болашағына бағыт беруі мүмкін.
Сондықтан білімге салынған инвестицияның қайтарымы бір жылдың есебімен өлшенбейді. Оның жемісі жылдар өте шәкірттің жетістігінен, мұғалімнің шеберлігінен, мектептің мәдениетінен, ақыр соңында тұтас қоғамның сапасынан көрінеді. Алаш арыстары мектепті ұлт келешегінің ұстаханасы деп білді. Бүгінгі мемлекет те білімді ел дамуының қозғаушы күшіне айналдыруды көздейді. Ал осы екі мұраттың арасындағы алтын арқауды жалғайтындар – заман талабын сезіне білетін ұстаздар мен жаңашылдыққа жол ашатын мектеп басшылары. Әлемнен үйрену – өзіңнен безіну емес. Өзгенің озығын тану – соған ұқсау емес. Нағыз парасат – әлемдік тәжірибеден керегіңді алып, оны ұлттық білімнің топырағына егіп, өз жемісіңді өсіре білуде.
Норвичтен Шу жеріне жеткен тәжірибе де осындай бір дән. Ендігі мәселе – оның қалай көктейтінінде. Ал оның тамыр жаятын топырағы – мектеп, нәр алатын күші – ұстаздың ізденісі, бүр жарып, жеміс берер тұсы – баланың білімі. Егер сол дән ертең Шу мектебінен туған тың педагогикалық идеяға айналса, онда әлемнен алынған тәжірибенің елге қызмет еткені. Ал білімдегі жаңашылдықтың ең үлкен жеңісі де – осы.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.