Қайырымдылық – қайырлы істің бастауы
Өткен аптадағы жұма намазында Қорағаты ауылдық округіне қарасты «Жиенбет Жексенбай» мешітінің имамы Шүкірәлі Оспанбекұлы Бердібековтің ұйымдастыруымен, жүрегі жомарт ауыл азаматтарының қолдауымен «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында игілікті іс ұйымдастырылды. Акция барысында Жиенбет ауылындағы әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың балаларына 20 дана мектеп сөмкесі мен оқу құралдары табысталды.
Қайырымдылық шарасында мешіт имамы Шүкірәлі Бердібеков балалар мен жиналған ауыл тұрғындарына ізгі тілегін білдіріп, адам өміріндегі тәрбие, мейірімділік пен қайырымдылықтың маңызына тоқталды.
– Әр күнің берекелі істің бастауына айналуы керек. Біреу шөп шабады, біреу жер қазады. Алла берекесін берсе, кез келген адал істің қайыры болатынын сезіну, өз жүрегіңдегі иман мен ізгі қасиетті бағалай білу адамға зор күш-қуат пен сенім береді. Баланы тәрбиелеуден бұрын адам өзін тәрбиелей білуі қажет. Мейірімділік те тек тәтті үлестірумен немесе бір реттік көмек көрсетумен шектелмеуі керек. Бала бойында үлкенге құрмет, кішіге ізет қалыптассын десек, ең алдымен, өзіміз оларға үлгі болуымыз қажет, – деді имам.
Расында, әр ата-ана перзентінің жақсы адам болып өскенін қалайды. Алайда күнделікті күйбең тіршілікпен жүріп, кейде бала тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөле алмай жататынымыз да жасырын емес. Отбасылық дастарқан басындағы әрбір әңгіме, үлкендердің іс-әрекеті мен сөйлеген сөзі баланың мінез-құлқына әсер ететінін естен шығармаған жөн. Өйткені бала үлкендердің айтқанын ғана емес, ең алдымен, жасағанын көріп өседі. Сондықтан оның көркем мінезді, парасатты азамат болып қалыптасуында білім мен өнермен қатар, отбасынан алған тәлім-тәрбиенің орны айрықша.
– Қайырлы іс жасасаң, «мен жасадым» деп жария етудің қажеті жоқ. Алла оның бәрін көріп, біліп тұрады. Ауыл азаматтарының бүгінгі шағын болса да шынайы жәрдеміне Алланың нұры жаусын. Бүгінгі бала – ертеңгі ел азаматы. Бала күнінде көрген жақсылығы мен сезінген мейірімі оның жадында қалады, – деген Шүкірәлі Оспанбекұлы жаңа оқу жылының табалдырығында тұрған балаларға ақ батасын арнады:
Атымтайдың пейілін берсін,
Алғыр жанның зейінін берсін.
Достың адалын берсін,
Ғалымның талабын берсін.
Білімнің жақұтын берсін,
Елдің сенімін берсін!
Ең бастысы – адал адам бол,
Қайда жүрсеңдер де аман бол!
Әумин!
Осылайша, балдырғандарға ақ батасын берген имам оларды санаулы күндерден кейін басталатын жаңа оқу жылымен құттықтап, білім жолында талапты, тәрбиелі әрі елге пайдалы азамат болуларына тілектестігін білдірді.
«Жиенбет Жексенбай» мешітінің имамы Шүкірәлі Бердібековтің қайырымдылық бағытындағы жұмысы тек «Мектепке жол» акциясымен шектелмейді. Ол жыл бойы ауыл өміріндегі түрлі игі бастамаларға белсене атсалысып келеді. Қазақы дәстүрдегі соғым кезінде әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға жанашыр ауыл азаматтарының көмегімен «Соғымнан сыбаға» тарату да игі дәстүрге айналған.
Сонымен қатар оқушылардың жазғы демалысы кезінде «Имани жаз» бағдарламасы аясында балалардың бойына кісілік, мейірімділік, қайырымдылық қасиеттерін дарытуға, оларды адамгершілік пен азаматтық жолға бағыттауға мән беріліп, «Имандылық әліппесі» бойынша тағылымдық шаралар өткізіліп келеді. Мұның барлығы – өскелең ұрпақтың тәрбиесіне қосылған өзіндік үлес.
«Кеңесіп пішкен тон келте болмас» демекші, ауыл азаматтарымен ақылдаса отырып қолға алынған мұндай игі бастамалар көпшіліктің көңілінен шығуда.
– Шүкірәлі Оспанбекұлының ауыл азаматтарымен бірлесе атқарып жүрген жұмыстарын көріп жүрміз. Халқымыздың ұлттық құндылықтарын дәріптеп, жастар арасында адамгершілік пен қайырымдылықты насихаттауы – құптарлық іс. Мұндай шаралардың әсіресе жас ұрпақтың тәрбиесіне берері мол, – деп ауыл азаматы Қазыбек Дүмшебаев өз пікірін білдірді.
Жақсылықтың үлкен-кішісі болмайды. Бір балаға көрсетілген қамқорлықтың өзі оның жүрегіне сенім ұялатып, ертең сол жақсылықты өзгеге жалғастыруына себеп болуы мүмкін. Ауыл азаматтарының ауызбіршілігімен жүзеге асқан осындай ізгі істерді көріп, «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген халық даналығының мәнін тағы бір ұғынғандай болдық.
Несіпхан Қоңырбаев,
Жиенбет ауылы.