Ақпараттық портал

Білімнің бастауы – балабақшадан

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. Ал сол болашақтың алғашқы іргетасы мектепке дейінгі тәрбиеден басталады. Баланың алғашқы білім баспалдағы – балабақша. Балабақша – баланың тұлға болып қалыптасуындағы алғашқы баспалдақтың бірі. Өйткені бала осы ортада өз қатарластарымен араласып, қарым-қатынас жасауды, үлкендерді сыйлауды, достарымен тату болуды және өз ойын жеткізуді үйренеді. Дәл осы жерде оның алғашқы достары пайда болып, алғашқы жетістіктері қалыптасады. Ән айтып, би билеп, сурет салып, түрлі ойындарға қатысу арқылы балалардың шығармашылық қабілеттері мен танымдық қызығушылықтары артады.
Білім күні – баршаға ортақ ерекше мереке. Бұл күн жаңа оқу жылының басталуын ғана емес, білімге, ізденіске және жаңа жетістіктерге апарар жолдың бастамасын білдіреді. Әсіресе балабақша тәрбиеленушілері үшін әрбір жаңа күн қызықты жаңалықтар мен жаңа мүмкіндіктерге толы. Білім күні қарсаңында балабақшада балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, бүлдіршіндер өз өнерлерін ортаға салады. Балалардың шат күлкісі мен қуанышты жүздері – балабақшадағы мерекенің ең басты көрінісі.
«Mubarak damu»балабақшасының ұжымы үшін әр баланың жетістігі – үлкен қуаныш. Себебі кішкентай бүлдіршін – ертеңгі ел болашағы. Оларға сапалы тәрбие мен жақсы білім беру – баршамызға ортақ міндет.
Біздің балабақшамызда бала тек білім алып қана қоймайды. Ол жауапкершілікті сезінуді, тәртіп сақтауды, бір-біріне көмектесуді, еңбекке қызығушылық танытуды және мейірімді болуды үйренеді.
Әсіресе, қазіргі заманда баланың жан-жақты дамуына жағдай жасау – біздің басты міндетіміз. Себебі бүгінгі кезеңді «цифрландыру дәуірі» деп айтуға болады. Қазіргі таңда балалар жас ерекшеліктеріне қарамастан ұялы телефондар мен планшеттерге тәуелді болып, көп уақытын гаджеттермен өткізеді. Мұның барлығы балалардың денсаулығына, психоэмоционалдық жағдайына кері әсерін тигізеді. Осы бағытта балабақша педагогтері әрбір күнді сапалы әрі қызықты өткізу үшін жаңа педагогикалық әдістерді қолдану арқылы оқу-тәрбие үдерісін жетілдіріп келеді.
Жаңа оқу жылы білімге құштар, арманы асқақ бүлдіршіндер үшін сәттілікке толы болсын! Балалардың әр күні қуаныш пен күлкіге, қызықты жаңалықтар мен жарқын жетістіктерге толғай!
Барша оқушыларды, мектеп табалдырығын алғаш аттап жатқан балапандарды жаңа оқу жылымен құттықтаймыз! Жолдарыңыз әрқашан ашық болсын! Жаңа оқу жылы балалар үшін бақытты балалық шақ пен ұмытылмас сәттерге толы жылға айналсын!
Мадина Алмежанова,
«MUBARAK DAMU» бөбекжай-бақшасының әдіскері.
Бірлікүстем ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.