АДАМ ЖАНЫНА АРАША БОЛҒАН АПАЙҒА АЛҒЫС!
Балуан Шолақ ауылында ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтауға ұзақ жылдар бойы қажырлы еңбек сіңірген дәрігер Гүлмира Абдыкеримованы құрметті еңбек демалысына шығарып салу рәсімі өтті.
Гүлмира Абдыкеримованың медицина саласындағы еңбек жолы 2006 жылдан басталады. Көршілес Қырғызстаннан Шу өңіріне қоныс аударған ол алғашқы еңбек жолын аудандық орталық ауруханада дәрігер болып бастады. 2015 жылдан бастап Балуан Шолақ ауылдық дәрігерлік амбулаториясында қызмет атқарып, ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсетті.
Ақ халатты абзал жан Бәйдібек, Бөлтірік, Жиделі, Прудхоз және Балуан Шолақ ауылдарының тұрғындарына медициналық қызмет көрсетіп, он бір жылға жуық уақыт бойы елдің денсаулығын сақтау жолында аянбай еңбек етті. Қызмет барысында талай науқасқа дер кезінде медициналық көмек көрсетіп, тұрғындардың алғысы мен құрметіне бөленді.
Дәрігерлік қызметті үлкен жауапкершілікпен атқарған Гүлмира Абдыкеримова өз ісіне адалдығымен, адамгершілік қасиетімен және кәсіби білімімен әріптестерінің де, ауыл тұрғындарының да ықыласына ие болды.
Еңбек жолын абыроймен аяқтап, құрметті демалысқа шыққан дәрігерге ауыл тұрғындары ерекше құрмет көрсетті. Қазақтың ежелден келе жатқан дәстүріне сай иығына шапан жауып, басына ақ жаулық салды.
Бұл – Гүлмира Абдыкеримованың ел игілігі жолындағы көп жылғы еңбегіне көрсетілген құрметтің, ауыл халқының ақ алғысы мен шынайы ризашылығының белгісі.
Ақ халатты абзал жанға әріптестері мен ауыл тұрғындары мықты денсаулық, отбасына амандық, ұзақ ғұмыр және бейнетінің зейнетін көруді тіледі.
Данияр Сандыбаев,
Балуан Шолақ ауылдық округінің әкімі.