Ауылдың үнсіз шежіресі
Бір кездері әр ауылдың үйінен табылатын қарапайым тұрмыстық бұйымдардың бүгінде көпшілігі көзден алыстап барады. Күбі, келі, келсап, саба… Қазір бұл атауларды естігенде аға буынның есіне балалық шағы, әжесінің үйі, жазғы жайлау, қымыздың дәмі түсетіні анық. Ал бүгінгі балалардың кейбірі бұл заттардың не үшін қолданылғанын да білмеуі мүмкін. Қазір ас үйде жұмысты жеңілдететін техниканың түр-түрі бар. Дәнді ұнтақтау үшін диірмен іздеп әуре болмаймыз, сүтті араластыратын құрылғылар да бар. Ал бұрын бір табақ талқан мен бір кесе қымыздың өзінде қаншама еңбек жататын. Көне бұйымдарға үңілсек, қазақтың кешегі тұрмысын да көреміз. Өйткені олар жай ғана зат емес, сол дәуірдің тіршілігінен хабар беретін өзіндік бір белгі.
Қазақтың дәстүрлі тұрмысында күбінің орны ерекше болған. Ағаштан жасалған бұл ыдысқа сүт құйылып, қымыз, айран секілді тағамдар дайындалған. Әсіресе ауылда жаз айларында күбі үйдің ең қажетті бұйымдарының бірі болғаны белгілі. Күбінің ішіндегі қымызды пісу үшін арнайы піспек пайдаланылған. Оның өзі бір қарағанда қарапайым жұмыс болғанымен, үнемі назарды қажет еткен. Әжелердің күбі пісіп отырған сәтін көргендер мұны жақсы біледі. Бір ырғақпен жоғары-төмен қозғалған піспек, ағаштың өзіне тән иісі, күбіден шығатын қымыздың жұпар иісі ауылдың өзіндік көрінісі еді. Күбі жасау да кез келген адамның қолынан келе бермеген. Ағашты таңдау, кептіру, өңдеу, тақтайларын бір-біріне келтіру – шеберлікті қажет ететін жұмыс. Сондықтан жақсы жасалған күбі бір үйдің ғана емес, ұрпақтың кәдесіне жараған. Бүгінде күбіні күнделікті қолданып отырған үйді кездестіру қиын. Бірақ ауылдағы кейбір үлкендердің үйінде оның әлі де сақтаулы тұрғанын көруге болады.
Келі мен келсаптың да өз әңгімесі бар. «Келі» деген сөзді естігенде ауылда өскен аға буынның құлағына таныс бір дыбыс келгендей болады. Себебі келінің түйілген дауысы ауыл өмірінің бір бөлшегі болған. Келі – дәнді дақылдарды түюге арналған ыдыс. Ал келсап – сол дәнді түйетін құрал. Бұрын тарыны ақтау, дәнді түю, ұнтақтау үшін осы қарапайым құралдар пайдаланылған. Бүгінгідей дайын жарма мен ұн дүкен сөресінде тұрған жоқ. Дастарханға қойылатын тағамның әрқайсысының артында үй иесінің еңбегі тұрды. Тары түйіліп, талқан жасалды. Одан түрлі тағам әзірленді. Жент дайындалды. Яғни келі мен келсаптың қазақтың ұлттық тағамдарының жасалуында атқарған қызметі аз емес. Келіні түюі де өзіндік тәртіппен жасалған. Ауыр ағаш келсапты көтеріп, дәнді бір ырғақпен түю үшін күш керек. Бұл жұмысты көбіне әйелдер атқарған. Қазір мұндай көріністер ауылдың өзінде де сирек кездеседі. Ал келі мен келсаптың кейбірі бүгінде сәндік бұйым ретінде үйдің төрінен орын алған.
Қазақтың жылқы шаруашылығы мен қымыз мәдениетін сабасыз елестету қиын. Саба жылқы терісінен жасалған, қымыз сақтауға және пісуге арналған үлкен ыдыс. Әсіресе, жайлау кезінде оның маңы ауыл тіршілігінің бір бөлігіне айналған. Жылқы сауылып, бие сүті жиналады. Содан кейін қымыз ашытылады. Оны бабына келтіру үшін сабаға құйып, піседі. Сабаның көлемі де жайдан-жай үлкен болмаған. Бір отбасының емес, қонақтың да сыбағасы ойластырылған. Қазақтың қонақжайлығын ескерсек, бұл да түсінікті. Қымыз қазақтың тұрмысымен, шаруашылығымен біте қайнасқан ұлттық тағам. Ал сол қымыздың дайындалу жолында сабаның орны ерекше. Бүгінде саба музейлерден, этнографиялық бұрыштардан жиі кездеседі. Кейбір ауылдарда ұлттық мерекелер мен мәдени шараларда оның қалай пайдаланылғаны көрсетіліп жүр.
Ауылдағы үлкен кісілердің үйіне кірсеңіз, кейде көзге бірден түсе қоймайтын ескі бұйымдарды кездестіруге болады. Бір үйде күбі тұр. Екінші бір жерде келі сақталған. Тағы бір үйдің ауласында сабаның ескі нұсқасы бар. Біз үшін қарапайым болып көрінетін бұл заттардың әрқайсысының өзіндік тарихы болуы мүмкін. «Мұны әкем жасады», «Бұл атамнан қалған жәдігер», «Кезінде осы күбімен қымыз пісетінбіз» деген әңгімелердің өзі – тарих. Өкінішке қарай, осындай дүниелердің тарихын айтып беретін үлкендер азайып барады. Ал олардың орнына келетін ұрпақ көне бұйымның тек атауын білгенімен, оның қалай қолданылғанын, қандай еңбекпен жасалғанын білмеуі мүмкін. Сондықтан әр ауылда сақталған осындай дүниелерге немқұрайды қарамаған жөн. Мүмкін, бір ескі келінің артында тұтас бір әулеттің тарихы жатқан шығар. Рас, қазақтың дәстүрлі тұрмысын бүгінгі ұрпаққа таныту үшін міндетті түрде үлкен тарихи ғимарат немесе құнды жәдігер іздеудің қажеті жоқ. Кейде ауылдағы ескі сандық пен ұраның түбінде жатқан күбі мен келінің өзі көп нәрсені айтып бере алады. Бүгінде техниканың дамуы тұрмысымызды жеңілдетті. Бұл уақыт талабы. Дегенмен заман өзгергенімен, тарихымызды ұмытуға болмайды. Күбі, саба, келі, келсап – көзге қарапайым көрінгенімен, қазақтың кешегі ауылын көз алдымызға әкелетін үнсіз шежіре. Оларды сақтау сол затпен бірге келген әдетті, еңбекті, ұлттық тағамды, қолөнерді және атадан балаға жеткен тұрмыс мәдениетін сақтау. Бәлкім, бүгінгі бала үшін күбі жай ғана ағаш ыдыс шығар. Келі мен келсап түсініксіз көне құрал болуы мүмкін. Ал саба музейден көретін жәдігер ғана шығар. Бірақ сол қарапайым дүниелердің тарихын айтып берсек, бала бір заттың артында тұтас бір халықтың өмірі тұрғанын түсінеді. Ал өткенін білген ұрпақ қана бүгінін бағалап, ертеңін нық құра алады.
Балнұр Жексенбекқызы.