Ақпараттық портал

Жүректерге жылу сыйлаған «Жан жылуы»

«Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз» деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі қоғамға ортақ жауапкершілікті айқындайды. Әсіресе, ерекше балалардың ортаға еркін араласуына, бойындағы қабілетін танытып, өзіне деген сенімін нығайтуына жағдай жасау – ізгілікке бастайтын маңызды қадам. Баланың талабын қолдап, кішкентай жетістігіне қуана білу арқылы біз оның үлкен өмірге деген үмітін қанаттандырамыз. Осындай ізгі мұратты арқау еткен «Жан жылуы» қайырымдылық мерекелік іс-шарасы күні кеше аудандық мәдениет үйінде өтті. Ерекше балалардың шығармашылығын көпшілікке таныстырып, оларға қолдау көрсетуді мақсат еткен басқосу жүректерді мейіріммен тоғыстырды.

Іс-шара ең алдымен мәдениет үйінің фойесінде ұйымдастырылған қайырымдылық көрмесінен басталды. Мұнда ерекше балалардың өз қолдарымен жасаған жұмыстары сатылымға қойылды. Әр туындыдан баланың талпынысы, төзімі мен қиялы аңғарылып тұрды. Бұл көрме келушілерге балалардың қолөнерін тамашалап қана қоймай, олардың еңбегін бағалап, шығармашылық ізденісіне қолдау білдіруге мүмкіндік берді. Бала қолынан шыққан бұйымға ықылас танытудың өзі оның «менің де қолымнан келеді» деген сенімін бекіте түсетіні анық.
Көрмеден кейін жұртшылық концерт залына жиналды. Адамдар иін тіресе отырған залға қарап, қоғамда мейірімділіктің азаймағанын, өзгенің қуанышына ортақтасып, қолдау көрсетуге дайын жандардың көптігін сезіндік. Сол күні мәдениет үйіне келген әрбір көрерменнің ықыласы сахнаға шығатын балаларға демеу, ата-аналарына рухани сүйеніш болғандай еді.
Іс-шараның ашылуында аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев сөз алып, қатысушыларға жылы лебізін білдірді. Бұдан кейін ерекше балаларға үнемі қолдау көрсетіп, қайырымдылық істерден қалыс қалмайтын азаматтарға Шу ауданы әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды. Бұл құрмет көмекке мұқтаж жандарға қолұшын созып, жомарттығын нақты ісімен танытып жүрген азаматтардың еңбегіне көрсетілген ризашылық болды.
Мерекелік концерт барысында ерекше балалар ән шырқап, би билеп, өнерлерін ортаға салды. «Айжұлдыз», «Сырғалым», «БиАрт» би ұжымдары олардың сахналық өнерін сүйемелдеп, әр нөмірдің ажарын аша түсті. Ән мен би жарасым тапқан өнер кешінде балалардың талантымен бірге, сахнаға деген құштарлығы, еңбегі мен жігері де көрінді.
Атап айтсақ, Тұрсынқұл Алижанның «Әжетай», Тоқташбаева Даянаның «Анашым-ай», Жұмақас Рамазанның «Дарите женщинам цветы» әндері, Жұмабек Қуаныштың «Ана» өлеңі, Бахтыбаева Толғанайдың шығыс биі мен Жансерікұлы Арманның «До-ре-ми» биі көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Шемет Владимирдің әпкесі Шемет Таисиямен бірге орындаған «Мамочка моя» әні, Қуаныш Махаббаттың анасы Гүлзат Әбдімомынқызымен қосыла шырқаған «Көнеміз ғой» әні кештің әсерін тереңдете түсті. Жақындарының жанынан табылып, бірге өнер көрсетуі балаға деген қолдаудың қаншалықты маңызды екенін аңғартты. Әр өнерпазды қошеметпен қарсы алған жұртшылық олардың өнеріне сүйсініп, шынайы қуанышына ортақтасты. Осылайша, сахна төрінде өз қабілеттерін паш еткен балалар көрерменнің көзайымына айналды.
Бұл жолы да «Жан жылуы» жүрекке жол табатын жақсылықтың үлкен-кішісі болмайтынын тағы бір мәрте ұқтырды. Біреудің жылы сөзі, біреудің шынайы қошеметі, енді біреудің қолдауы бала көңіліне қуаныш ұялатып, алға ұмтылуына күш береді. Ең бастысы, осындай ықылас мерекелік күнмен шектелмей, күнделікті өмірде жалғасын тапса екен. Әр бала өзін осы қоғамның қадірлі мүшесі сезініп, арманын еркін айта алатын, талабын жүзеге асыра алатын орта қалыптастыру – бәрімізге ортақ міндет. Жан жылуы жүректен жүрекке жетіп, жақсылықтың жалғасы үзілмесін!

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.