Ақпараттық портал

ҚАУІПСІЗ ЖОЛ: ЖОЛАУШЫ САҚТЫҒЫ БӘРІНЕН МАҢЫЗДЫ

Заң мен тәртіп – қауіпсіз қоғамның негізі. Аталған қағиданы басшылыққа ала отырып, Бәйдібек ауылында Меркі–Бурылбайтал республикалық маңызы бар автожолының бойында жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған «Қауіпсіз жол» профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды.
Іс-шараға аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлы, аудандық полиция бөлімінің бастығы Сейітжан Тұрсынбекұлы, полиция батальонының қызметкерлері, жергілікті атқарушы орган өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Шара барысында жол қозғалысы ережелерін сақтау, жылдамдық режимін бұзбау, жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар жол бойында киіз үйлер тігіліп, жолаушыларға ыстық тағамдар ұсынылды. Сондай-ақ медицина қызметкерлері мен жолаушылардың қан қысымы тексерілді.
Аталған бастама «Заң мен тәртіп» қағидасының мәнін айқындай түсіп, жол қозғалысына қатысушыларды ортақ жауапкершілікке, өзара құрмет пен қауіпсіздік талаптарын сақтауға үндеді. Өйткені жол ережесін сақтау – тек заң талабы ғана емес, адам өмірі мен қоғам алдындағы жауапкершіліктің көрінісі.
Іс-шара барысында жол бойымен қатынаған шетелдік меймандар да ұйымдастырылған шараға оң бағасын беріп, жолаушыларға көрсетілген ықылас пен қамқорлыққа ризашылықтарын білдірді. Бұл өз кезегінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларының маңызын арттырып, өңірдің қонақжайлық дәстүрін де таныта түсті.
Естеріңізге сала кетейік, түнгі мезгілдегі «Қауіпсіз жол» акциясы бұған дейін де өткізіліп, көпшілік тарапынан қолдауға ие болған еді.
Осы жолғы шара бұрынғысын толықтырып, өңірдің оң имиджін қалыптастыруға сеп болды.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.