Сәруар ғұмыр, сәулелі із
1936 жыл… Ел басына қара бұлт үйіріліп, әр шаңырақтың жүрегін үміт пен күдік қатар билеген кезең еді. Ашаршылықтың алапаты халықтың еңсесін әлі тіктетпеген. Жан жарасы жазылмай, тіршіліктің үзілмес жібін ұстап қалуға ұмтылған жұрт ертеңгі күннен жақсылық күтті. Ал араға бір жыл салып, елдің ардақты азаматтары қуғын-сүргінге ұшырайтынын ол кезде кім білген?
Сондай алмағайып уақытта дүниеге келген әр сәби қараңғы түнді жарып шыққан таң шапағындай көрінетін. Өмір жалғасып жатқанының, үміт оты өшпегенінің белгісіндей еді. Дәл сол жылы Мойынқұм топырағында Зәуірбек ақсақалдың шаңырағында ұл дүниеге келді. Нәубеттен қажыған елдің көңіліне сәбидің үні қуаныш сыйлады. Әкесі перзентіне Сәруархан деп ат қойды. Бұл есімге ұлы ер жетіп, елге тірек болсын, жұрттың алдында жүріп, жақсылыққа бастасын деген тілек сыйғандай.
Әке үміті ақталғандай, Сәруархан Зәуірбекұлы жастайынан ел ісіне араласып, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсті. 1953 жылы өзі білім алған алтын ұя мектебіне ұстаз болып оралды. Арада бір жыл өткенде, 1954 жылы Көктерек аудандық комсомол комитетінің мектептер бөлімін басқарды. 1957–1959 жылдары осы комитеттің бірінші хатшысы қызметін атқарды. Жігері мен іскерлігі танылған жас маман 1959 жылы Көктерек аудандық партия комитетіне нұсқаушы болып шақырылды. Үш жыл бойы бұл міндетті де абыроймен атқарды.
Қызметтің қарбаласы оның білім алуына кедергі болған жоқ. Еңбектен қол үзбей жүріп, 1962 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын тәмамдады. Ордабұзар отызға жетпей-ақ жауапты істің жүгін көтеріп, басшылыққа қажет тәжірибені де, білімді де қатар жинады. Табандылығы мен тындырымды тірлігі бағаланып, 1962–1965 жылдары Шу аудандық селолық партия комитетінде инспектор қызметін атқарды. Кейін жаңадан ұйымдастырылған Мойынқұм ауданына қайта шақырылып, аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөліміне жетекшілік жасады. Ал 1969 жылғы желтоқсаннан 1973 жылдың ақпанына дейін Мойынқұм аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы болды. Ел мүлкіне жанашырлықпен қарап, сеніп тапсырылған міндетке қырағылық танытты.
Оның ұйымдастырушылық қабілетін, істің ыңғайын таба білетін алғырлығын ескерген аудан басшылығы 1973 жылы Айдарлы қаракөл кеңшарының тізгінін қолына ұстатты. Бұл — Сәруархан Зәуірбекұлы үшін айрықша жауапты кезең еді. Өйткені ол енді өзі туып-өскен ауылдың тіршілігіне бас-көз болуға тиіс болатын. Туған жердің топырағы да, әр үйдің түтіні де оған ыстық. Қуанышы да осында, жауапкершілігі де осында.
Айдарлыны табаны күректей тоғыз жыл басқарды. Жартылай шөлейтті өңірде мал өсіру де, сортаңдау жерден өнім алу да оңайға соқпайтын. Жаздың аптап ыстығы, қыстың қақаған аязы, табиғаттың қыңыр мінезі ауыл еңбеккерлерін талай сынады. Бірақ туған жерге деген сүйіспеншілік пен іске деген адалдық қиындыққа мойынсұндырмады. Сәруархан Зәуірбекұлы ауыл шаруашылығын өрге сүйреу үшін ұжымымен бірге аянбай тер төкті. Туған жерге туын тіккен азаматтың еңбегі осындай күнделікті, табанды істерден көрінді.
Қызығы сол — табанына топырағы тиген жерін, туғалы туыстай болып кеткен елін жақсы біледі, ал қиыны — жартылай шөлейтті аймақта мал бағу да, сортаң жерге дәнді дақыл өсіру де қыл көпірден өткенмен бірдей еді. Осыдан-ақ, Сәруархан атамыздың туған жерге туын тіккен атпал азамат екенін жазбай аңғарасыз. «Халықшыл болғандарда қасиет бар, тарыдай мың дәні бар басын иіп» демекші, сәруар көңіл Сәруархан атамыз ешқашан сорға біткен қамыстай құр кеудесін қағып, жалаң сөзбен жүрген азамат емес. Әр адымын нық басып, қарым-қабілетін сөзбен емес іспен дәлелдеп, тарыдай төңірегіне пайдасын тигізе білді.
Сәруархан Зәуірбекұлы өскен орта да еңбекке құрметімен қымбат. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, «малшылардың маршалы» атанған Жазылбек Қуанышбаев пен Социалистік Еңбек Ері Ділдаш Итбасова сынды аға шопандармен бір өңірде ғұмыр кешіп, олардың өнегесін көрді. Маңдай терімен мерейге жеткен сол жандардың өмірі еңбек жолына түскен жас азаматқа үлгі болғаны анық.
Өткен ғасырдың 70-80 жылдары ауыл шаруашылығындағы табыс көбіне адам төзімі мен ұжымның ауызбіршілігіне сүйенетін. Талдықорған облысының Панфилов ауданы жүгері өсірудегі жоғары көрсеткішімен танылған тұста, Айдарлы кеңшарының еңбеккерлері де «Екінші Панфилов атанамыз» деген үмітпен іске кірісті. 2500 гектарға жуық жерге дәндік жүгері егілді. Күткен үміт ақталып, әр гектардан 80–100 центнерге дейін өнім алынды. Бұл — жердің тілін таба білген диқандардың, істі үйлестірген басшылардың ортақ жеңісі еді. Шу өзені бойындағы құс фермасы да өнім көлемін арттырып, 60–70 тоннаға дейін үйрек етін өткізді. Мұндай көрсеткіштердің әрқайсысының артында таңнан кешке дейін тыным таппаған еңбек адамдары тұрды.
Егін егіп, алтын дән бастырған, төрт түліктің бабын тапқан Шу өңірінде ауыл шаруашылығы қашанда ел тіршілігінің өзегі болды. Сол еңбектің ішінде шыңдалған Сәруархан Зәуірбекұлының тәжірибесі аудан аясынан асып, облыс басшылығының да назарына ілікті. 1982 жылғы қарашада ол Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының мал шаруашылығы жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды. Ауыл мен ауданда жинаған тәжірибесін енді облыс көлеміндегі іске жұмсады. Ал 1983–1992 жылдар аралығында Шу аудан-дық агроөнеркәсіптік бірлестігінің төрағасы, сондай-ақ аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. Кейін Жайсан мал бордақылау кешенін төрт жыл басқарды. Құрметті еңбек демалысына шыққан 1997 жылға дейін Шу ауданы әкімінің ұйымдастыру бөліміне жетекшілік жасады.
Осы жылдардың бәрінде оның жолы жеңіл болды деу қиын. Әр қызметтің өз жүгі, әр кезеңнің өз талабы бар. Бірде алқаптағы егіннің жайын ойласа, бірде мал қыстатудың қамы алдан шықты. Бірде мекеменің жұмысын үйлестіруге, енді бірде көптің мұң-мұқтажын тыңдауға тура келді. Бірақ қай жерде жүрсе де бастаған ісін аяқсыз қалдырмай, өзіне артылған сенімді ақтауға тырысты.
Еткен еңбек, төккен тердің өтеуі — елдің құрметі. Сәруархан Зәуірбекұлы әр жылдары «Құрмет белгісі» орденімен, 14 мемлекеттік медальмен және естелік төсбелгілермен марапатталды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды. Бүгінде ол — Шу және Мойынқұм аудандарының «Құрметті азаматы», Жамбыл облысының «Құрметті ардагері», «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері. Алайда ақсақал үшін осы марапаттардың ішіндегі ең қымбаты — өзін танитын жұрттың жылы ықыласы болса керек.
Зейнетке шыққан соң да Сәруархан ата ел өмірінен шет қалмады. Шу аудандық ардагерлер ұйымы кеңесінің төрағасы ретінде қоғамдық жұмыстарға араласып, жұрттың қажетіне жарайтын істің басы-қасынан табылды. Солардың бірі — Шу өңіріне газ тарту мәселесі. Бүгінде газбен жылынған үйдің жайлылығы үйреншікті көрінуі мүмкін. Ал кезінде қыс қамын жаздан бастап, отын жарып, көмір түсіріп, таң ата пеш жағатын ауыл адамдары үшін көгілдір отын үлкен қуаныш еді. Сәруархан Зәуірбекұлы осы мұқтаждықты жақсы түсінді. 2005 жылдан бастап Шуға газ тарту мәселесін жоғары мінберлерде қайта-қайта көтерді. Облыс пен республикадан келген басшыларға «Шуға қашан газ келеді?» деген сауалды қоюдан жалықпады. Бір топ ардагердің атынан Парламент депутаттарына хат жолдады. Елдің күнделікті тіршілігін жеңілдетуге бағытталған осы іске табандылық танытты. Бүгінде шуылдықтардың көгілдір отынның игілігін көруінде сол жанашырлықтың да ізі бар.
Ел қамын ойлау Сәруархан атаның болмысымен біте қайнасқандай. Ол қай ортада да өз ойын ашық айтып, жұртқа қажет мәселені көтеруден тартынған емес. Сөзі орнықты, пікірі салмақты ақсақалдың өмірден түйгені мол. Жастарға да қызметтегі жетістікті ғана емес, адамдық қалпын сақтауды, ата-ананы сыйлауды, туған жерге пайда тигізуді айтып отырады. Адамның бойына сіңген тәрбие ұрпағына да жол табады. Сәруархан ата үшін отбасы — өмірдің берекесі, ал бала тәрбиесі — ата-ананың ең жауапты ісі. Ұл-қызға жақсы сөз айтып қана қоймай, жақсы істі көрсетудің қажет екенін өзінің ғұмырымен ұқтырып келеді. Ұлттық құндылық пен салт-дәстүрді қадірлеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету туралы өнегелі әңгімелері де осы өмірлік ұстанымынан туындайды. «Көретін қызығым, жейтін жемісім, атар таңым — сендер» деген сөзінің өзінен ұрпағына артқан үміті мен мейірімі сезіледі.
Қазақ баласына ат қойғанда оның болашағына тілек қоса бата берген. «Сәруар» сөзінің «басшы, жетекші» деген мағынасын ескерсек, Зәуірбек ақсақалдың ұлына берген есімі де, тілегі де өмір жолынан орын алғандай. Сәруархан жастайынан басшылық қызметтерге араласты. Бірақ адамның есімге сай ғұмыр кешуі қызмет дәрежесімен ғана өлшенбейді. Тоқсанға келген шағында оның айналасына сөзі өтетін, ақылын тыңдайтын, елдің қамын әлі де ойлайтын абыройлы ақсақал болып отырғаны — сол есімге лайық өмір сүргенінің айғағы.
Азаматтың ұзақ жолында қасынан табылып, қуанышын да, қиындығын да бөліскен жанның орны бөлек. Сәруархан Зәуірбекұлы жары Роза Бақбергенқызымен алпыс жылдан астам уақыт отасып, бір шаңырақтың түтінін түтетіп, қол ұстаса жүріп үлгі боларлықтай ғұмыр кешті. Қонағы үзілмеген үйдің берекесін келтіріп, бала тәрбиесіне көңіл бөлген Роза Бақбергенқызы ерінің тірегі болды. Екеуі ұл-қыздарын өсіріп, әрқайсысының өз шаңырағын көтергенін көрді. Бүгінде немере мен шөберенің ортасында отырған ардақты ақсақалдың ең үлкен байлығы да — осы ұрпағы.
Өмір бойы елдің ертеңіне алаңдаған жанның тілегі тоқсан жасында да өзгермейді. Ол — ұрпағының амандығы, туған жерінің тыныштығы, мемлекеттің мерейі. Тоқсан жылдық ғұмырдың белестеріне көз салсаңыз, ұстаздықпен басталған жолдың ел басқару ісіне, ауыл шаруашылығын өркендетуге, кейін ардагерлердің басын қосып, жұрттың мұңын жеткізуге ұласқанын көресіз. Бір адамның өміріне тұтас бір өңірдің еңбек тарихы сыйып тұрғандай.
Тәуелсіздіктің 35 жылдығы аталып өтетін тұста торқалы тоқсанға жеткен Сәруархан Зәуірбекұлы — қиын дәуірдің табын көріп, бейбіт күннің шуағына бөленген буынның өкілі. Сәруархан ата ел алдына шығып, «Мен талай еңбек еттім, еңбегімді бағалаңдар» деп даңқ іздеген жан емес. Өзіне бұйырған істі адал атқарып, жақсылығын жұртқа жария етпей, алшаң басып алға жүрді. Артында қалған ізін өзі айтып емес, ел таныды. Бәлкім, ерді кебенек ішінде танытатын тектілік дегеніміз де осы болар?! Оның жүріп өткен жолы туған жерге адалдықтың, еңбекке беріктіктің, ел сеніміне жауапкершілікпен қараудың өнегесі болып қала бермек. Сәруархан атаға мықты денсаулық тілей отыра, отбасының ортасында ұзақ ғұмыр кешіп, ғасырлық тойын ел-жұртымен бірге тойлауын тілейміз.
Айғаным Асқарбек.