Ақпараттық портал

Құтқарушылар күні аталып өтті

Еліміздің кәсіби мерекелер тізбесінде 19 қазан – Құтқарушылар күні болып белгіленген. Маңызды миссиясы бар қызмет 1995 жылы құрылса, 2008 жылдан бері кәсіби мерекесі тойланып келеді.

Осыған орай Шу ауданы әкімдігінің мәжіліс залында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін, өрт сөндірушілерді, құтқарушыларды және төтенше жағдайлар кезінде адам өмірін аман алып қалатын мамандарды құрметтеуге арналған салтанатты жиын өтті.
Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Найманхан Абдрашев құтқарушыларды төл мерекесімен құттықтап, жүрекжарды тілегін білдірді.
– Құтқарушы – құрметті мамандық. Бастарын тәуекелге тігіп, күнделікті тілсіз жау, табиғи апаттар мен төтенше жағдайлар кезінде мінсіз қызмет көрсететін сіздерге алғысымыз шексіз. Қазіргі таңда мемлекет азаматтық қорғау саласына айрықша көңіл бөліп отыр. Жуырда №19 өрт сөндіру бөлімі жаңғыртылып, жаңа бөлімнің құрылысына тиісті қадамдар жасалуда.
Сіздерге деген жерлестеріңіздің ықыласы ерекше. Ауданымызда қос бірдей өрт сөндіру бөлімі, апаттық медициналық көмек пен жедел әрекет жасағы жұмыс істеп отыр. Жүздеген адам өмірін осы саламен байланыстырады, – деді Н.Айдарханұлы.
Мұнан кейін кезек марапаттау рәсіміне беріліп, сала ардагерлері мен қызметкерлері аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды.
Сонымен қатар «Әdilet» партиясы аудандық филиалының Алғыс хаты табысталды.
Еске сала кетейік, кеше Президент: «Кейінгі бес жылда құтқарушыларымыз 75 мыңнан астам жедел шақырту бойынша 240 мыңға жуық азаматқа көмек көрсетті» деп ауқымды жиында құтқарушыларға алғысын білдірген болатын.

«Шу өңірі» ақпараты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.