Жасыл желек – көрікті болашақ кепілі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы бүгінде кең көлемде жүзеге асырылуда. Игі бастаманы қолдаған Шу ауданында күзгі абаттандыру, санитарлық тазалық және көгалдандыруға арналған екі айлық аясында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтің бастамасымен әр сенбі сайын көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары тазартылып, қоғамдық орындарға ағаш көшеттері отырғызылуда.
Бұған дейін Шу қаласы мен аудан орталығында көгалдандыру жұмыстары қолға алынып, түрлі ағаш көшеттері егілген болатын. Енді бұл игі бастама ауылдық округтерде де жалғасын тауып, елді мекендердің экологиялық ахуалын жақсартуға серпін беруде.
Осы жолғы тағылымды шара Ақсу ауылдық округінде ұйымдастырылып, Ақсу су айдынының жағалауына 1500 түп ағаш көшеті отырғызылды. Баянды бастама аудан әкімдігі, «Балық FEST SHU» қоғамдық бірлестігі және Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті профессорларының ұйытқы болуымен жүзеге асты. Ортақ іске ауыл тұрғындары да белсене атсалысты.
Ауқымды шараға аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлы мен арнайы ат басын бұрған ғалымдар қатысты. Олардың қатарында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Орман шаруашылығы және жер ресурстары» факультетінің «Орман ресурстары, аңшылықтану және аквамәдениет» кафедрасының профессоры, экономика ғылымдарының докторы Құрманкүл Төлеутайқызы Абаева, кафедраның аға оқытушысы, магистр Гүлсім Оразымбетқызы Искакова, аға оқытушы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі Анар Темірханқызы Жұбанышова және ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлнар Әзімбайқызы Мырзабаева болды.
Ағаш отырғызу жұмыстары басталмас бұрын құрметті қонақтар ізгі тілектерін білдіріп, қоршаған ортаны қорғау мен көгалдандырудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар университет атынан бірқатар жерлестерімізге Алғыс хаттар табыс етілді.
– Президенттің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы – бір күндік науқан емес. Ол баршамыздың өмір салтымызға, тұтас мәдениетімізге айналуы тиіс. Аға буынның игі істері кейінгі ұрпаққа өнеге екенін ескерсек, мұндай шараларды жиі ұйымдастырудың маңызы зор. Табиғи байлықты сақтап, оны тиімді дамыту жолында экологиялық бастамаларды қолдап отырған «Балық FEST SHU» қоғамдық бірлестігіне және оның төрағасына шынайы алғысымызды білдіреміз. Сондай-ақ арнайы келіп, ортақ іске үлес қосқан ардақты ұстаздарға да ризашылығымызды айтамыз. Бүгінгі шараның мәні ерекше. Ақсу су айдынының маңы жасыл желекке бөленіп, тұрғындар тынығып, табиғат аясында демалатын көрікті орынға айналсын, – деді аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков.
Ал «Балық FEST SHU» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жұмахан Төлеуұлы ағаш отырғызудың мәні мен маңызына тоқталып, мұндай бастамалардың туған өлкенің табиғатын сақтаудағы рөлін атап өтті. Оның айтуынша, ағаш егу – келер ұрпақтың игілігіне бағытталған маңызды іс. Бүгін отырғызылған әрбір көшет ертең жайқалған жасыл желекке айналып, туған өлкенің көркін арттырып, қоршаған ортаның жақсаруына үлес қосады.
Ақсу су айдынының жағалауын көгалдандыруға ғалымдардың атсалысуы мен жергілікті тұрғындардың ортақ іске қолдау білдіруі – табиғатты аялауға деген жауапкершіліктің айқын көрінісі. Мұндай шаралар қоршаған ортаны қорғаумен қатар, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға да ықпал етеді.
Алдағы уақытта да көгалдандыру жұмыстары ауданның өзге ауылдарында жалғасын тауып, елді мекендердің ажарын ашып, тұрғындар үшін қолайлы әрі таза орта қалыптастыруға негіз болмақ. Өйткені табиғатты қорғау – баршаға ортақ міндет. Ал бүгін егілген әрбір ағаш – ертеңгі ұрпаққа қалатын жасыл мұра, көрікті болашаққа бастайтын игі қадам.
Байжан Емберді.