Ақпараттық портал

Ел құрметіне бөленген қария

Шу және Мойынқұм аудандарының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, саналы ғұмырын ел қызметіне арнаған, қадірлі қария Сәруархан Зәуірбекұлы Зәуірбеков биыл 90 жасқа толып отыр. Өмір жолы өнегеге, еңбек жолы жетістікке толы ардақты ақсақал – туған жердің өркендеуіне қызмет етіп, халықтың құрметіне бөленген азамат.

1936 жылы 21 қазанда Мойынқұм ауданының Айдарлы ауылында дүниеге келген Сәруархан Зәуірбекұлы 1953 жылы Новотроицк селосындағы қазақ орта мектебін тәмамдап, еңбек жолын өзі білім алған мектепте аға пионер жетекшісі болып бастады. Кейін жоғары білім алып, Алматы зооветеринарлық институтын бітірді.
Еңбекке ерте араласқан жас маманның ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлігі көп ұзамай жауапты қызметтерге жол ашты. 1954–1959 жылдары Көктерек аудандық комсомол комитетінде нұсқаушы, мектептер бөлімінің меңгерушісі және бірінші хатшы қызметтерін атқарды. 1959–1962 жылдары Көктерек аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып еңбек етті.
1962 жылдан бастап Шу және Мойынқұм аудандарында түрлі жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, ұйымдастырушылық тәжірибесін шыңдады. 1965–1969 жылдары Мойынқұм аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімін басқарса, 1969–1973 жылдары аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы болды.
1973–1982 жылдары Айдарлы қой совхозының директоры қызметін атқарып, ауыл шаруашылығы саласының дамуына айрықша үлес қосты. Кейін Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары болып, мол тәжірибесін облыс көлеміндегі жұмыстарға бағыттады.
1983–1992 жылдары Шу аудандық агроөндірістік комитетінің төрағасы, аудандық Кеңес атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. 1992–1996 жылдары Жайсан мал бордақылау совхозын басқарды. Ал 1996–1997 жылдары Шу ауданы әкімдігінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып, мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын абыроймен аяқтап, құрметті демалысқа шықты.
Сәруархан Зәуірбекұлы қай қызметте жүрсе де, ел мүддесін бәрінен биік қойып, өзіне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен атқарды. Оның еңбекқорлығы, іскерлігі мен ұйымдас-тырушылық қабілеті әріптестері арасында зор беделге ие болуына негіз болды.
Ел алдындағы еңбегі жоғары бағаланып, «Құрмет белгісі» орденімен және 12 мемлекеттік медальмен марапатталды. Сондай-ақ көптеген мемлекеттік төсбелгілерге, жоғары саяси және мемлекеттік органдардың Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарына ие болды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Құрмет грамотасымен және үш мәрте Алғыс хатымен марапатталуы – оның елге сіңірген қызметіне берілген жоғары бағаның айғағы.
Шу және Мойынқұм аудандарының Құрметті азаматы атануы да Сәруархан Зәуірбекұлының туған жерге деген адалдығы мен еселі еңбегінің лайықты бағасы. Ол Шу аудандық ардагерлер ұйымы кеңесінің төрағасы ретінде де қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ел бірлігін нығайтуға, аға буынның өнегесін кейінгі ұрпаққа жеткізуге үлес қосты.
Еңбекпен өрілген ғұмырдың ең үлкен байлығы – ұрпақ тәрбиесі мен отбасының амандығы. Сәруархан Зәуірбекұлы жұбайы Роза жеңгеймен бірге жарты ғасырдан астам уақыт бойы жарасымды ғұмыр кешіп, ұл-қыздарын тәрбиелеп өсірді. Бүгінде балалары әртүрлі жауапты қызметтер атқарып, өз алдына шаңырақ көтерген. Көздеріне көрінген 16 немере мен 12 шөберенің ортасында отырған ақсақал үшін бұдан асқан бақыт жоқ.
Тоқсанның төріне шыққан Сәруархан Зәуірбекұлының өмір жолы – адал еңбектің, табандылықтың, елге қызмет етудің және отбасылық құндылықтарды қастерлеудің жарқын үлгісі. Оның жүріп өткен жолы мен жинаған тәжірибесі кейінгі буын үшін өнеге мектебі.
Абыройлы ғұмыр кешіп, ел ықыласына бөленген Сәруархан Зәуірбекұлының мерей жасы құтты болсын! Зор денсаулық, ғасырдан астам ғұмыр мен сарқылмас қуат тілейміз!

Шу аудандық ардагерлер кеңесі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.