Теміржолда тер төккен тарлан едің…
Қазақ халқында «тек» деген терең ұғым бар. Тектілік бірден байқала қоймағанымен, уақыт өте келе тайға таңба басқандай анық көрінеді. Ал отбасында қалыптасқан шыншылдық, еңбекқорлық, жауапкершілік пен адамгершілік сынды асыл қасиеттер сол тектіліктің тамырын тереңдете түседі. Әңгімемізге арқау болып отырған азамат – Ақботаев Марат Оразалыұлы да осындай текті тәрбиенің тәлімін көріп, елге адал қызмет етудің үлгісін көрсеткен азамат еді.
Марат Оразалыұлы 1954 жылы 3 маусымда Қарағанды облысында дүниеге келген. Әкесі Оразалы Ақботаев ғұмырын сот саласына арнаса, анасы Бибігүл бала тәрбиесі мен отбасының берекесін ұйыстырған аяулы жан болатын. Қос бәйтерек сегіз перзент тәрбиелеп, бес ұлын ұяға, үш қызын қияға қондырды. Балаларының барлығы жоғары білім алып, әр салада абыройлы еңбек етіп, бүгінде зейнеткерлік жасқа жетті. Немерелерінің жүрегінде де ата-әжесінің жарқын бейнесі жылы естелік болып сақталды.
Марат ағамыз 1971 жылы орта білімді аяқтаған соң, Алматы қаласындағы В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтына оқуға түседі. Кейін «Автоматтандырылған басқару жүйелері, инженер-электрик» мамандығын алып, жас маман ретінде еңбек жолын Шу радиоторабы байланысының электромеханигі қызметінен бастайды. Кейін «Шусовхозводстрой» трестінде аға инженер, одан соң бас энергетик болып еңбек етеді. 1983-1985 жылдары Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп, Кеңес әскері қатарында қызмет атқарады. Онда батальон басшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары болды.
Әскерден оралған соң Марат Оразалыұлы бірнеше жауапты қызмет атқарып, тәжірибесі мен кәсіби біліктілігін шыңдай түседі. Атап айтқанда, Шу аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, «Дружба» кеңшары парткомының хатшысы, аудандық өндіріс ісі секторының меңгерушісі, Қазақстан әлеуметтік партиясының Шу аудандық ұйымдастыру-атқару комитетінің кеңесшісі әрі хатшысы, аудандық халық депутаттары кеңесінің бірінші санатты маманы, агроөнеркәсіптік бірлестіктің еңбекті қорғау жөніндегі жетекші инженері, бас инженер-энергетик, ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары секілді бірқатар жауапты қызметтерді абыроймен атқарады.
Азаматтың өміріндегі толысқан шағында оның еңбек жолы теміржол саласымен тоғысады. Марат Оразалыұлы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына қарасты Шу электрмен жабдықтау дистанциясының директоры қызметіне тағайындалып, осы салада өзін білікті басшы, тәжірибелі маман ретінде таныта білді. Саналы ғұмырының елеулі 17 жылын арнаған осы ұжымнан құрметті демалысқа шықты.
Марат Ақботаевтың ауданымыздағы теміржол саласына сіңірген еңбегі, оның экономикалық және әлеуметтік дамуына қосқан үлесі айрықша. Бірге еңбек еткен әріптестері оны талап қоя білетін қатал басшы ғана емес, өз ісіне жоғары жауапкершілікпен қарайтын, еңбекке ерекше мән беретін білікті менеджер ретінде еске алады. Қатаң талаптың ар жағында адамға деген құрмет пен жанашырлық жататын. Оның басшылық еткен жылдары электрмен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыру бағытында бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Түйіспелі желідегі қысқа тұйықталуларды ажырату мақсатында Шу-Отар теліміндегі май ажыратқыштың қысқа тұйықтауышы ауыстырылып, түйіспелі желі оқшаулағыштарының диагностикасы жүргізілді. Мекеменің еңбек қауіпсіздігін қорғауға арналған құралдарды игеру жұмыстары толық орындалды. Диагностика мен сенімділікті күшейту мақсатында жаңа автотехника, телевизиялық және ультрасканерлік құрал-жабдықтар алынды.
Марат Оразалыұлы көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өндірістік көрсеткіштерді жақсартуға қосқан үлесі үшін бірнеше мәрте ұлттық компания президентінің марапатына ие болды. Ал 2017 жылы оның еңбегі «Құрметті теміржолшы» атағымен бағаланды. Шу қаласындағы теміржолшылар аллеясында есімі құрмет тақтасына жазылды.
Теміржол тарланы қандай қызмет атқарса да, жауапкершілікті басты орынға қойды. Бедел биігінен көрініп, әріптестерінің құрметіне бөленді. 2024 жылы жетпіс жастың белесіне көтеріліп, туған-туысы мен әріптестерінің ыстық ықыласына бөленген еді. Алайда араға көп уақыт салмай, былтыр фәни дүниемен қош айтысты.
Өмірлік жары Сәуле Алтынбекқызы да теміржол саласында есепші болып еңбек етті. Екеуі Дариға мен Әйгерім атты қос қызғалдақты тәрбиелеп, олардың жоғары білім алып, саналы азамат болып қалыптасуына бар күш-жігерін жұмсады. Бүгінде қос қызы да абыройлы еңбек етіп, ата-анасының үмітін ақтап келеді.
Қазан айының 24-і күні Марат Оразалыұлының отбасы, ағайын-туысы, достары мен әріптестері бас қосып, жылдық асын өткізгелі отыр. Бұл – марқұмның елге сіңірген еңбегін еске алып, артында қалған ұрпағына өнеге ету, жақсы адамның жарқын бейнесін жаңғырту мақсатындағы тағылымды жиын болмақ.
Жақындары мен жерлестерінің жүрегінде жарқын бейнесі сақталған Марат ағайдың ғибратты ғұмыры, адал еңбегі мен азаматтық болмысы кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала бермек.
Жыл өтті жылжып аққан өзендейін,
Сағыныш үдеді әке сенен кейін.
Бақұл бол! Бар амалым – дұға қылу,
Өкініш сол, мейіріңе бөленбеймін.
Елің үшін ерінбей еңбек еттің,
Теміржолдың бойында тер де төктің.
Ықыласың бөлек еді бауырларға,
Қос гүліңді аялап, еркелеттің.
Теміржолда тер төккен тарлан едің,
Өміріңді еңбекке арнап едің.
Сол бір күндер енді тек естелік,
Шіркін, өмір, не деген жалған едің…
Байжан Емберді.