РЕСПУБЛИКА КҮНІ – ЕЛДІГІМІЗДІҢ АЙБАРЫ, ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ ТҰҒЫРЫ
25 қазан – Республика күніне орай Ахмет Байтұрсынұлы атындағы гимназияда 9 «А» және 9 «Б» сынып оқушыларының қатысуымен «25 қазан – Республика күні» тақырыбында тағылымы мол ашық тәрбие сағаты өткізілді.
Республика күні – еліміздің мемлекеттілік жолындағы маңызды белестерін айқындайтын, ұлттық рухымызды асқақтатып, елдігімізді дәріптейтін ерекше мереке. Бұл күннің мәні мен маңызын жас ұрпаққа түсіндіру, олардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру – тәрбие жұмысының басты бағыттарының бірі.
Тәрбие сағаты барысында оқушыларға еліміздің тарихы, тәуелсіздікке бастар жолы, мемлекеттік рәміздеріміз бен ұлттық құндылықтарымыз туралы мағлұматтар берілді. Іс-шараны ұйымдастыруда түрлі әдіс-тәсілдер тиімді қолданылып, оқушылардың танымдық белсенділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінді. Сұрақ-жауап, пікір алмасу және шығармашылық тапсырмалар арқылы оқушылар өз ойларын ортаға салып, ел тарихына деген қызығушылықтарын танытты.
Іс-шараның мазмұнын аша түскен ерекше сәттердің бірі – оқушының домбырамен күй орындауы болды. Қазақ халқының рухани мұрасын ұлықтаған күмбірлеген домбыра үні тәрбие сағатына ерекше әсер беріп, ұлттық өнердің құндылығын тағы бір мәрте айшықтады. Өнер арқылы оқушылардың бойына ұлттық дәстүрге деген құрмет пен туған жерге деген сүйіспеншілікті сіңірудің маңызы зор екені аңғарылды.
Тәрбие сағаты барысында оқушылар Республика күнінің тарихи маңызын тереңірек түсініп, Отанды сүю – туған елдің тарихын құрметтеуден, тілін қадірлеуден, мәдениеті мен дәстүрін сақтаудан басталатынын ұғынды. Елдің болашағы – білімді, саналы, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген жас ұрпақтың қолында. Сондықтан өскелең ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеу, олардың азаматтық жауапкершілігін арттыру – баршамызға ортақ міндет.
Осындай тағылымды шаралар оқушылардың тарихи санасын қалыптастырып қана қоймай, олардың бойында елге қызмет ету, туған жердің өркендеуіне үлес қосу сияқты ізгі қасиеттерді дамытады. Өйткені Отанға деген сүйіспеншілік – әрбір азаматтың жүрегінен орын алатын асыл сезім.
Аталған ашық тәрбие сағатын ұйымдастырып, оқушылардың бойында ұлттық рух пен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға үлес қосқан 9 «А» және 9 «Б» сынып жетекшілері Г.М.Джуманбаева мен А.С.Лушникова жас ұрпақ тәрбиесіне бағытталған маңызды жұмысты жүзеге асырды.
Республика күні – елдігімізді дәріптейтін, бірлігімізді бекемдейтін, болашаққа деген сенімімізді нығайтатын мереке. Көк туымыз көгімізде желбіреп, еліміздің абыройы асқақтай берсін!
Диляра Оспанбаева,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы гимназияның тәрбие
жөніндегі орынбасары.