КІТАПХАНАҒА ЖАН БІТІРГЕН БАСТАМА
«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген Әбіш Кекілбаевтың сөзі адамзаттың рухани кемелдену жолындағы кітаптың орнын дәл аңғартады. Кітап беттерінде тұтас дәуірдің тағдыры, ұлттың жады, адамның жан сыры сақтаулы. Оның мұқабасын ашқан сайын өзге бір өмірмен танысып қана қоймай, өзіңе де үңілесің. Кейіпкердің қуанышына ортақтасып, қасіретін сезіне отырып, айналаңа басқа көзбен қарай бастайсың. Көркем әдебиеттің адамды тәрбиелейтін құдіреті де осында.
Осы тұрғыдан алғанда, «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонының мәні терең. Бұл бастама оқырманды көркем сөздің тұнығына жетелеп, кітап оқуды күнделікті өмірдің қажеттілігіне айналдыруға үндейді. Бір шығарманы бірге оқып, одан түйген ойды ортаға салу адамдарды рухани жақындастырады. Оқушы, ұстаз және ата-ана арасындағы әңгімені әдебиетпен байытып, ұрпақтар сабақтастығына қызмет етеді.
Игі бастама Шу өңірінде де жақсы жолға қойылып, кітапқа құштар қауымның басын қосып отыр. Мұның әсерін мектеп кітапханаларының бүгінгі тынысынан-ақ байқауға болады. Кітапханаға сән кіріп, сөрелердегі кітаптарға жан біткендей. Қаз-қатар тізілген том-том кітаптар оқырман қолына көшіп, мұқабалары ашылып, беттері парақтала бастады. Күн сайын кітапханаға оқушылар, мұғалімдер, тіпті ата-аналар да ағылып келеді. Бірі іздеген шығармасын сұраса, бірі оқып шыққан кітабын өзгеге ұсынуда. Енді бірі кейіпкер тағдырынан алған әсерімен бөлісуге асығады. Осылайша, кітапхана ой бөлісетін, пікір тоғыстыратын рухани ортаға айналып келеді.
Осы тұста оқырмандық мәдениетті орнықтыруға өз үлесін қосып жүрген әріптесім Амангелді атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Маха Айдана Сәкенқызын ерекше атап өткім келеді. Ол «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонының «Кітап оқитын педагог» аталымына белсенді қатысып, көркем шығармадан алған әсерін күнделікті бөлісіп келеді. Ұстаздың оқығанын көңіл сүзгісінен өткізіп, түйген ойларын ортаға салуы айналасындағыларды да әдебиетке жақындатып, рухани әлемге жетелеуде. Мұғалімнің шәкіртке берер өнегесі оның өз ісінен басталады. Кітапқа ықыласпен ден қойған, кейіпкер тағдырын жүрегінен өткізген ұстаздың әңгімесі де әсерлі. Өйткені мұндай әңгімеде оқылған шығарманың мазмұнымен бірге оқырманның сезімі, ізденісі, өмірге көзқарасы көрінеді. Айдана Сәкенқызының күнделікті ой бөлісуі кітаптан туған әсердің жалғасын табуына, бір оқырманның қызығушылығы екінші оқырманға ұласуына себеп болып отыр.
Мәселен, марафон аясындағы Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» адам бойындағы ізгілік пен зұлымдықтың тартысын суреттеп, ар тазалығы мен адалдық туралы ойлантады. Ал, Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» шығармасы ядролық сынақ зардабын тартқан Ләйлә тағдыры арқылы адамзат қасіретін танытып, мейірім мен жанашырлыққа үндейді. Һас батырымыз Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясы» отбасы өнегесі мен ұлттық тәрбиенің бала болмысын қалыптастырудағы маңызын ашса, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» Абайдың өмірі мен рухани өсуі арқылы қазақ қоғамының тұтас келбетін көрсетіп, білімге, әділетке, адамгершілікке ұмтылдырады.
Осы туындыларды оқығаннан кейін оқырмандар «Кейіпкердің орнында мен не істер едім?», «Бұл оқиға маған нені ұқтырды?», «Оқығаным өмірдегі әрекетіме қалай әсер етеді?» деген сұрақтар төңірегінде ойланып, кітап пен күнделікті тіршіліктің арасын жақындатады. Өзгенің пікірін тыңдап, өз ойыңды дәлелдеп, кейде бастапқы көзқарасыңды қайта қараудың өзі – үлкен рухани еңбек. Кітап оқитын педагогтің қоғамға берер пайдасы да осындай ойлы орта қалыптастыруынан көрінеді.
Шу өңірінде өріс алған осы жарқын бастаманың ғұмыры ұзақ болғай. Бірге оқылған шығарма отбасындағы әңгімені байытып, мектептегі пікір алмасуға тереңдік қоссын. Сөрелердегі кітаптар оқырман қолынан түспей, олардың әр бетіндегі тағылым көңілге тоқылсын. Ең бастысы, сол кітаптардан табылған мейірім мен парасат, адалдық пен жауапкершілік күнделікті ісімізден көрініс тапсын. Сонда кітапханаға жан бітірген бастама ұлттың рухани өміріне орныққан ізгі дәстүрге айналары анық.
Оралкүл Молдабекова,
Амангелді атындағы орта мектептің кітапханашысы.