АУЫЛ ИГІЛІГІ ЖОЛЫНДАҒЫ ЖАУАПКЕРШІЛІК
«ӘДІЛЕТ» партиясынан № 1 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Шу аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Байгисиева Айжан Әділханқызы
«ӘДІЛЕТ» партиясынан № 1 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Шу аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Байгисиева Айжан Әділханқызының сайлауалды бағдарламасын ұсынды. Бағдарлама ауыл инфрақұрылымын дамытуға, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға және өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған.
Өмірбаяны
Депутаттыққа кандидат Байгисиева Айжан Адилханова Жамбыл облысы Шу ауданының Абай ауылында туған. Төле би ауылында тұрады. Тұрмыста, екі баланың анасы. 1991–1996 жылдары Алматыдағы Қазақ қыздар педагогикалық институтында «география-еңбек» мамандығы бойынша білім алған.
Еңбек жолы
Еңбек жолын М. Әуезов атындағы орта мектепте бастаған. 1995–1996 жылдары тәлімгер, 1996–2001 жылдары география мұғалімі, 2000–2010 жылдары кәсіподақ ұйымының төрайымы болған. 2010–2014 жылдары директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, 2012–2014 жылдары директордың міндетін атқарушы қызметтерін атқарған.
2014–2024 жылдары Т. Әшімбаев атындағы орта мектепті басқарған. 2024 жылдың желтоқсанынан бері Абай атындағы орта мектептің директоры. «Әділет» партиясының мүшесі, партияның Шу аудандық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының үйлестірушісі.
Сайлауалды бағдарламасы
Айжан Байгисиева әр ауылға тиісті көңіл бөлініп, барлық тұрғынға лайықты жағдай жасалуы керек деп санайды. «Әділет» партиясының құндылықтарына негізделген 2026–2031 жылдарға арналған бағдарламасы тоғыз бағытты қамтиды.
Ауызсу және электр қуаты
Абай, Ақтөбе, Тасөткел ауылдарында ауызсудың тұрақты берілуін бақылау, тозған желілерді жөндету көзделген. Электр қуатымен үздіксіз қамтуға және көшелерді жарықтандыруға көңіл бөлінеді.
Ауыл кәсіпкерлігі
«Ауыл аманаты» арқылы жеңілдетілген несиенің қолжетімділігін арттыру, қосалқы шаруашылықтарды, отбасылық кәсіп пен кооперативтерді дамытуға жәрдемдесу ұсынылған.
Ауыл шаруашылығы
Жайылым, ветеринариялық инфрақұрылым және аграрлық қызметтердің қолжетімділігі мәселелерінде тұрғындар мүддесін қорғау жоспарланған. Жергілікті өнімді сатуға жабдықталған алаң құру көзделеді.
Жұмыс пен табыс
Шағын бизнес, өнім өңдеу және инвестиция тарту арқылы тұрақты жұмыс орындарын ашуды қолдау қарастырылған. Жұмыспен қамтуға, кәсіптік оқытуға және жас кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге мән беріледі.
Қолжетімді медицина
Ауылдағы медициналық нысандарды жабдықтауды жақсарту, көмектің қолжетімділігін арттыру ұсынылған. «Дипломмен ауылға» және өзге қолдау шаралары арқылы медицина мамандарын тарту көзделеді.
Білім және балалар қауіпсіздігі
Мектептер мен балабақшалардың материалдық базасын жақсарту, оларға баратын жолдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, балалар және спорт алаңдарын дамыту басымдыққа ие.
Әлеуметтік қолдау
Қарттарға, балалы отбасыларға, мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру және әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтардың тұрмысын жақсартуға ықпал ету жоспарланған.
Байланыс пен интернет
Ұялы байланыс пен интернет сапасын жақсарту, ауылдық мекемелерді цифрландыру және электрондық мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру қарастырылған.
Таза әрі жайлы ауыл
«Таза Қазақстан» аясында көшелерді абаттандыру, қалдықтарды жинау мен шығару жүйесін жетілдіру, көгалдандыру және жайлы қоғамдық кеңістіктер құру ұсынылған. Кандидат осы міндеттердің даму жоспарлары мен аудандық бюджетте ескерілуіне ықпал етіп, шешімдердің орындалуын бақылауға және халық алдында ашық есеп беруге ниетті. Оның ұстанымынша, депутат жұмысының басты нәтижесі — тұрғындар өміріндегі нақты өзгерістер.
Дайындаған: “Шу аудандық баспасы” ЖШС
Тапсырыс беруші: Байгисиева Айжан Әділханқызы
«ӘДІЛЕТ» партиясынан № 1 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Шу аудандық мәслихатының депутаттығына кандидаттың сайлауалды үгіт материалы республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді.