АУЫЛДАРДЫ ДАМЫТУ – БАСТЫ МІНДЕТ
«Әділет» партиясынан №4 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Шу аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Ниязбеков Болатхан Кемелбайұлы
Әділет» партиясынан №4 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Шу аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Ниязбеков Болатхан Кемелбайұлы ауыл инфрақұрылымын жақсарту, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын қолдау, жұмыспен қамту, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру және тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын ұсынды.
Өмірбаяны және еңбек жолы
Болатхан Кемелбайұлы Шу ауданының Бірлікүстем ауылында дүниеге келген. Мамандығы – ветеринариялық медицина. 1998–2003 жылдары Шу ауданы әкімі аппаратында жетекші маман, консультант және аудан әкімінің көмекшісі қызметтерін атқарған. 2003–2005 жылдары ауданның ауыл шаруашылығы басқармасын басқарған. 2005–2007 жылдары Алға ауылдық округінің әкімі, 2007–2009 жылдары аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы болған.
Кейін аудан әкімі аппаратында басшылық қызметтер атқарып, 2011 жылы Шу қаласы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеген. 2011–2015 жылдары «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында, 2015–2020 жылдары аудандық ветеринария бөлімінде басшылық қызмет атқарған. 2020 жылдан партиялық қызметпен айналысып, 2026 жылдың шілдесінен «Әділет» партиясының Шу аудандық филиалының төрағасы қызметін атқарады.
Сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары
Кандидаттың бағдарламасында ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту, тұрғындардың табысын арттыру және әлеуметтік мәселелерді шешуге ықпал ету міндеттері қамтылған.
Жолдар және коммуналдық инфрақұрылым
Алға ауылындағы Бармақ көшесінен республикалық жолға шығатын жолды жөндеу, елді мекендер арасындағы көлік қатынасын жақсарту көзделген. Алға, Сауытбек, Жайсан және Бірлікүстем ауылдарын тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ету, инженерлік желілерді жаңарту, электрмен жабдықтау мен көшелерді жарықтандыру мәселелері де қарастырылған.
Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы
«Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несиеге қолжетімділікті кеңейту, отбасылық кәсіпкерлік пен кооперативтерді дамыту ұсынылған. Жайылымдық жерлер, ветеринариялық қызмет және ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуға арналған жабдықталған алаң құру мәселелеріне назар аударылған.
Жұмыспен қамту және жастар.
Шағын бизнесті, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу жобаларын және инвестициялық бастамаларды қолдау арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ету жоспарланған. Жастарды кәсіптік оқыту мен кәсіпкерлікке тарту да бағдарламадан орын алған.
Медицина, білім және әлеуметтік қолдау
Ауылдардағы медициналық мекемелердің жабдықталуын жақсарту, мамандарды тарту, мектептер мен балабақшалардың материалдық-техникалық базасын нығайту көзделген. Қарттарға, балалы отбасыларға және мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру ұсынылған.
Цифрландыру және абаттандыру
Ауылдардағы интернет пен ұялы байланыс сапасын жақсарту, электрондық мемлекеттік қызметтерді дамыту, «Таза Қазақстан» бастамасы аясында көшелерді көгалдандыру, қалдықтарды шығару жүйесін жетілдіру және қоғамдық орындарды абаттандыру міндеттері белгіленген.
Халықпен ашық байланыс
Болатхан Ниязбековтің бағдарламасында тұрғындардың ұсыныстарын ескеріп, өзекті мәселелерді аудандық даму жоспарлары мен бюджетте қарауға ықпал етуге басымдық берілген.
Кандидат депутат болып сайланған жағдайда, көтерілген мәселелердің орындалуын бақылап, атқарылған жұмыстар туралы тұрғындарға ашық ақпарат беруді көздейді. Бағдарламаның негізгі ұстанымы – әр ауылдың қажеттілігін ескеріп, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған шешімдерге атсалысу.
Дайындаған: “Шу аудандық баспасы” ЖШС
Тапсырыс беруші: Ниязбеков Болат
Шу аудандық мәслихатының депутаттығына кандидаттың сайлауалды үгіт материалы республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді.