АУЫЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ ЖӘНЕ ТҰРҒЫНДАРДЫ ҚОЛДАУ
№5 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Шу аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Ергазиев Ербол Майлыбайұлы
№5 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Шу аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Ергазиев Ербол Майлыбайұлы ауыл инфрақұрылымын жақсарту, жолдар мен әлеуметтік нысандарды дамыту, жастарды қолдау және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған сайлауалды бағдарламасын ұсынды. Бағдарламада алдағы бес жылда жүзеге асырылуы көзделген нақты міндеттер қамтылған.
Өмірбаяны және еңбек жолы
Ергазиев Ербол Майлыбайұлы 1975 жылғы 8 маусымда Жамбыл облысы Шу ауданы Қорағаты ауылдық округінің Жиенбет ауылында дүниеге келген.
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Заңгер», 2009 жылы Алматы қаласындағы Орталық Азия инновациялық университетін «Экономист» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1996 жылы «Анар» шаруа қожалықтары қауымдастығында заңгер болып бастаған. 2002–2005 жылдары Жамбыл облысы бойынша салық жинау агенттігінің филиалында инспектор, 2005–2007 жылдары Шу ауданы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінде бас маман қызметін атқарған.
2007–2013 жылдары Шу ауданы бойынша салық жинау агенттігінде бөлім басшысы болған. 2013 жылдан бері «Анар» өндірістік кооперативінің басшысы қызметін атқарып келеді. Отбасылы, бес баланың әкесі.
Сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары
Ербол Ергазиевтің 2026–2031 жылдарға арналған бағдарламасында ауылдардағы әлеуметтік нысандарды дамыту, инженерлік инфрақұрылымды жақсарту және халықтың өзекті мәселелерін шешуге ықпал ету міндеттері белгіленген.
Әлеуметтік нысандар және мәдениет
Мойынқұм ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен мәдениет үйінің құрылысына қаржы бөлінуіне ықпал ету көзделген. Дулат ауылдық округінде спорт кешенін салу, мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу, балалар ойын алаңдарын орналастыру және саябақты абаттандыру мәселелері қамтылған.
Жол және коммуналдық инфрақұрылым
Жиенбет пен Еңбек ауылдарының көшелерін орташа жөндеуден өткізу, асфальт төсеу, Қорағаты және Дулат ауылдық округтеріне ауылішілік газ құбырларын тарту ұсынылған. Сонымен қатар Төле би ауылындағы Әл-Фараби атындағы орта мектеп маңындағы жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру мәселелеріне назар аударылған.
Суару жүйелерін жаңғырту
Төле би, Қорағаты және Дулат ауылдық округтеріндегі каналдарды қайта жаңғырту жұмыстарының сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуын бақылау көзделген.
Жастар және әлеуметтік қолдау
Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спорттық жарыстар мен мәдени іс-шаралар өткізу, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу ұсынылған. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың, қарттар мен мүгедектігі бар азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал ету де бағдарламадан орын алған.
Абаттандыру және құқықтық қолдау
Елді мекендердің тазалығын сақтау, тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығару және ауылдарды абаттандыру мәселелері көтерілген. Сонымен қатар тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың заңды мүдделерін мемлекеттік органдар алдында қорғауға жәрдемдесу көзделген.
Тұрғындармен тұрақты қатынас
Кандидат депутат болып сайланған жағдайда, тұрғындармен жүйелі кездесулер өткізіп, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тиісті органдарға жеткізуді жоспарлап отыр.
Ербол Ергазиевтің бағдарламасында ауылдардың әлеуметтік дамуына ықпал ету, тұрғындардың қажеттіліктерін ескеру және көтерілген мәселелердің заң аясында қаралуын бақылау негізгі міндеттер ретінде белгіленген.
Дайындаған: “Шу аудандық баспасы” ЖШС
Тапсырыс беруші: Ергазиев Ербол Майлыбайұлы
Шу аудандық мәслихатының депутаттығына кандидаттың сайлауалды үгіт материалы республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді