АУЫЛДАРДЫҢ ДАМУЫ – ХАЛЫҚ ӘЛ-АУҚАТЫНЫҢ НЕГІЗІ
«Әділет» партиясынан №7 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Шу аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Мамедов Али Тарвердиевич
«Әділет» партиясынан №7 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Шу аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Мамедов Али Тарвердиевич ауыл инфрақұрылымын жақсарту, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ету және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын ұсынды.
Өмірбаяны және еңбек жолы
Мамедов Али Тарвердиевич 1959 жылғы 15 қыркүйекте Жамбыл облысы Шу ауданының Жаңажол ауылында дүниеге келген.
1982 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын «Сауда экономикасы» мамандығы бойынша бітірген. 1984 жылы аталған оқу орнында экономикалық болжау және перспективалық жоспарлау әдістері бойынша білімін жетілдірген. 1989 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтында ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын ұйымдастыру және басқару бағытында қосымша білім алған.
Еңбек жолын 1982 жылы Жезқазған қаласында экономист болып бастаған. Әр жылдары сауда және ауыл шаруашылығы салаларында жоспарлау бөлімінің басшысы, дүкен директоры, бухгалтер және аға экономист қызметтерін атқарған.
1987–1998 жылдары «Жаңажол» совхозында аға экономист, 2007–2015 жылдары «Жаңа Жол» СПВК төрағасы болып еңбек еткен. 2000 жылдан бері «Акиф» шаруа қожалығының басшысы қызметін атқарып келеді.
Сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары
Али Мамедовтің бағдарламасында ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту, тұрғындардың табысын арттыру және әлеуметтік мәселелерді шешуге ықпал етуге арналған он бағыт қамтылған.
Жол және коммуналдық инфрақұрылым
Белбасар ауылындағы Достық көшесі мен Өзімбай көшесінің бұрылысындағы жолды, Еңбекші ауылындағы Т. Әлімбеков көшесін жөндеуге ықпал ету көзделген. Жаңажол, Белбасар, Еңбекші және Тасөткел ауылдарын тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ету, инженерлік желілерді жаңарту, электрмен жабдықтау мен көше жарығын жақсарту мәселелері көтерілген.
Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алу мүмкіндіктерін кеңейту, отбасылық кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы кооперативтерін қолдау ұсынылған. Жайылымдық жерлердің қолжетімділігін арттыру, ветеринариялық қызмет сапасын жақсарту және шаруалардың өнімдерін өткізуге жағдай жасау көзделген.
Жұмыспен қамту және жастар
Шағын бизнесті дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және инвестициялық жобаларды қолдау арқылы жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал ету жоспарланған. Жастардың кәсіптік білім алуына және кәсіпкерлікпен айналысуына қолдау көрсету де бағдарламаға енгізілген.
Медицина, білім және әлеуметтік қорғау
Ауылдық медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту, медицина мамандарын тарту, мектептер мен балабақшалардың жағдайын жақсарту міндеттері қамтылған. Қарттарға, көпбалалы және әлеуметтік осал отбасыларға, мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау шараларының қолжетімділігін арттыру ұсынылған.
Цифрландыру және абаттандыру
Ауылдардағы ұялы байланыс пен интернет сапасын жақсарту, цифрлық қызметтерді дамыту, «Таза Қазақстан» бастамасы аясында көшелерді көгалдандыру, қалдықтарды шығару жүйесін жетілдіру және қоғамдық орындарды абаттандыру көзделген.
Халықпен ашық байланыс
Кандидат тұрғындардың ұсыныстарын тиісті мемлекеттік органдарға жеткізіп, көтерілген мәселелердің шешілуіне ықпал етуді және атқарылған жұмыстар туралы халық алдында ашық есеп беруді жоспарлаған.
Али Мамедовтің сайлауалды бағдарламасында әр ауылдың қажеттілігін ескеру, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамыту және тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту негізгі міндеттер ретінде белгіленген.
Дайындаған: “Шу аудандық баспасы” ЖШС
Тапсырыс беруші: Мамедов Али Тарвердиевич
Шу аудандық мәслихатының депутаттығына кандидаттың сайлауалды үгіт материалы республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді