АУЫЛДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІН ШЕШУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН БАҒДАРЛАМА
№9 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Шу аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Мадалиев Сағадат Нұрмағанбетұлы
№9 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Шу аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Мадалиев Сағадат Нұрмағанбетұлы ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, кәсіпкерлікті қолдау, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру және тұрғындардың тұрмыс сапасын көтеруге бағытталған 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын ұсынды.
Өмірбаяны және еңбек жолы
Сағадат Нұрмағанбетұлы Мадалиев 1973 жылғы 4 наурызда Жамбыл облысы Шу ауданының Балуан Шолақ ауылында дүниеге келген. Отбасылы, үш қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр.
1991 жылы Қырғыз Республикасының Ыстықкөл облысы Қарақол қаласындағы жоғары оқу орнына түсіп, 1994 жылы оқуын аяқтаған. Еңбек жолын 1995 жылы Балуан Шолақ ауылындағы ұжымда қойма меңгерушісі болып бастаған. 1997 жылдан бері «Қалқа» шаруа қожалығының жетекшісі қызметін атқарып келеді. 2021–2023 жылдары аудандық мәслихаттың сегізінші шақырылым депутаты болған.
Кандидаттың ауыл шаруашылығы саласындағы ұзақ жылғы тәжірибесі мен қоғамдық жұмыстағы белсенділігі оның сайлауалды бағдарламасында айқын көрініс тапқан.
Сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары
Мадалиев Сағадат Нұрмағанбетұлының бағдарламасында Балуан Шолақ, Далақайнар және Шоқпар ауылдық округтерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар маңызды міндеттер қамтылған.
Жол және көлік инфрақұрылымы
Бағдарламада Төле би – Шоқпар облыстық жолының аралығын, сондай-ақ Далақайнар ауылындағы Абай, Ә. Молдағұлова, Т. Рысқұлов көшелерін жөндеу жұмыстарының жүзеге асуына ықпал ету көзделген. Сонымен бірге ауылдық округтер аумағындағы қауіпті жол учаскелеріне малдың шығуын болдырмайтын қоршаулар орнату, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және қозғалыс қауіпсіздігін күшейту мәселелері көтерілген.
Коммуналдық инфрақұрылым және газдандыру
Кандидат Балуан Шолақ, Далақайнар және Шоқпар ауылдық округтерін газдандыру, газ желілерін тарту жобаларының орындалуына ықпал етуді ұсынады. Сондай-ақ ауызсу мен электр желілерінің тұрақты әрі сапалы жұмысын бақылауда ұстауға басымдық берілген.
Кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын қолдау
Бағдарламада ауыл тұрғындарының жеңілдетілген қаржыландыруға қолжетімділігін арттыру, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында отбасылық кәсіп пен ауыл шаруашылығы кооперациясын кеңейту көзделген. Сонымен қатар Балуан Шолақ ауылдық округінде ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай биотермиялық шұңқыр құрылысының қаржыландырылуы мәселесін көтеру, жайылым және ветеринариялық қызметке қатысты түйткілдерді шешуге ықпал ету жоспарланған.
Жұмыспен қамту және жастар
Кандидат ауылдарда жаңа жұмыс орындарының ашылуына, шағын өндірістер мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісінің дамуына қолдау білдіруді мақсат етеді. Жастарды кәсіпке баулу, оларды еңбекке тарту және жұмыспен қамту бастамаларын қолдау да бағдарламаның маңызды бөлігі ретінде белгіленген.
Медицина, білім және әлеуметтік қолдау
Бағдарламада ауылдық округтердегі медициналық қызмет сапасын арттыру, денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық базасын жақсарту және мамандар тарту мәселелері қамтылған. Далақайнар ауылындағы Т. Әшимбаев атындағы мектеп пен «Қаусар» балабақшасын күрделі жөндеу жұмыстарының орындалуын бақылау, білім беру ұйымдарының жағдайын жақсарту да назарға алынған. Бұдан бөлек, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қолдаудың қолжетімділігін арттыру міндеті қойылған.
Цифрлық инфрақұрылым және абаттандыру
Ауылдық елді мекендердегі ұялы байланыс сапасын жақсарту, интернетке қолжетімділікті арттыру, көшелерді көгалдандыру, көшет отырғызу, тазалық сақтау және тұрғындарға қолайлы демалыс орындарын қалыптастыру бастамалары да бағдарламадан орын алған.
Халық мүддесі – негізгі бағдар
Сағадат Мадалиевтің сайлауалды бағдарламасында ауылдың инфрақұрылымын дамыту, халықтың табысын арттыру және әлеуметтік мәселелерді шешу өзара тығыз байланысты міндеттер ретінде қарастырылған.
Кандидат депутат болып сайланған жағдайда, тұрғындардың ұсыныстары мен талап-тілектерін ескеріп, оларды жергілікті жоспарлар мен бюджетте қарауға ықпал етуді, сондай-ақ атқарылған жұмыстар туралы халық алдында ашық есеп беруді көздейді.
Дайындаған: “Шу аудандық баспасы” ЖШС
Тапсырыс беруші: Мадалиев Сағадат
Шу аудандық мәслихатының депутаттығына кандидаттың сайлауалды үгіт материалы республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді