КӘСІПКЕ ҚОЛДАУ, ТҰРМЫСҚА ҚОЛАЙЛЫЛЫҚ
«Әділет» партиясынан №6 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Шу аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Алиев Умар Тайфурович
«Әділет» партиясынан №6 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Шу аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Алиев Умар Тайфурович 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын ұсынды. Бағдарлама инфрақұрылымға, кәсіпкерлікке, ауыл шаруашылығына, жұмыспен қамту мен әлеуметтік қызметтерге бағытталған.
ӨМІРБАЯНЫ МЕН ЕҢБЕК ЖОЛЫ
Умар Тайфурович 1984 жылғы 14 сәуірде Жамбыл облысы, Шу ауданы, Төле би ауылында дүниеге келген. Отбасылы, үш бала тәрбиелеп отыр. 2009 жылы Бішкек қаласындағы Қырғыз мемлекеттік құрылыс, көлік және архитектура университетін ақпараттық жүйелер мен технологиялар бағыты бойынша инженер мамандығымен бітірген. Еңбек жолын 2004–2007 жылдары «ШУ-АЛГАЗ» ЖШС-де қоймашы-оператор болып бастаған. 2008–2016 жылдары шетелдегі «KİLİT Global», «TEZ TOUR», «Библио-Глобус» туристік компанияларында, 2011–2022 жылдары «Nomad Insurance», «Interteach», «Аманат» сақтандыру компанияларында қызмет атқарған. 2016 жылдан бері «AUTtravel» туристік компаниясы аясында кәсіпкерлікпен айналысады. 2025 жылдан Шу аудандық «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігін басқарады.
ҚОНАЕВТАҒЫ ЖОЛ МЕН КОММУНАЛДЫҚ ЖЕЛІЛЕР
Бағдарламада Қонаев ауылындағы Ататүрік көшесінің жолын жөндеуге ықпал ету көзделген. Аудан орталығы мен елді мекендер арасындағы көлік қатынасын жақсарту, қоғамдық көліктің тұрақты жүруіне және жолдардың сапалы күтіп ұсталуына жәрдемдесу де міндеттер қатарында. Кандидат Қонаев ауылына ауызсудың тұрақты берілуін бақылауда ұстап, тозған инженерлік желілерді жөндеу мәселесін көтеруді жоспарлайды. Елді мекендерді электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етуге және көше жарығының аясын кеңейтуге көңіл бөлінеді.
АУЫЛ ӨНІМІНЕ — НАРЫҚ, КӘСІПКЕ — МҮМКІНДІК
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несиелердің қолжетімділігін арттыру, жеке қосалқы шаруашылықтарды, отбасылық кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуға жәрдемдесу ұсынылады.
Жайылыммен қамту, ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту және ауыл шаруашылығы қызметтеріне қолжетімділік мәселелерінде тұрғындардың мүддесін қорғау көзделген. Жергілікті фермерлер мен жеке қосалқы шаруашылықтардың өнімдерін сатуға арналған жабдықталған алаң құруға ықпал ету жоспарланған.
Шағын бизнес, өнім өңдеу және инвестиция тарту арқылы тұрақты жұмыс орындарын ашуды қолдау да басымдықтардың бірі. Жұмыспен қамту, кәсіптік оқыту және жас кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік шаралардың іске асуына жәрдемдесу қамтылған.
ОТБАСЫ ИГІЛІГІ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР
Медицина нысандарының жабдықталуын жақсарту, көмектің қолжетімділігін арттыру және «Дипломмен ауылға» жобасы арқылы мамандар тартуды қолдау ұсынылады. Мектептер мен балабақшалардың материалдық-техникалық базасын нығайту, оларға баратын жолдардың қауіпсіздігі, балалар және спорт алаңдарын дамыту да назарда.
Қарттарға, балалы отбасыларға және мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру, әлеуметтік осал азаматтардың тұрмысын жақсартуға ықпал ету көзделеді.
ЦИФРЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ПЕН КӨРІКТІ МЕКЕН
Кандидат ұялы байланыс пен интернет сапасын жақсартуды, мекемелерді цифрландыруды және электрондық мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қолдайды. «Таза Қазақстан» аясында көшелерді абаттандыру, қалдықтарды жинау мен шығаруды реттеу, көгалдандыру және жайлы қоғамдық кеңістіктер құру ұсынылады.
Умар Алиев бастамалардың даму жоспарлары мен аудандық бюджетте ескерілуіне ықпал етіп, шешімдердің орындалуын бақылауды және тұрғындар алдында ашық есеп беруді мақсат етеді.
Дайындаған: «Шу аудандық баспасы» ЖШС
Тапсырыс беруші: Алиев Умар Тайфурович
Шу аудандық мәслихатының депутаттығына кандидаттың сайлауалды үгіт материалы республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді