Ұлдана Раимбаева аудан орталығының тұрғындарымен кездесті
Шу аудандық мәслихатының депутаттығына №3 бірмандаттық сайлау округі бойынша үміткер Ұлдана Раимбаева аудан орталығының тұрғындарымен кездесіп, өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды.
Айта кетейік, №3 сайлау округінде 5600-ге жуық сайлаушы тіркелген. Кездесу барысында үміткер алдағы бес жылға арналған жұмыс жоспары мен өңірдің әлеуметтік дамуына бағытталған негізгі міндеттері туралы баяндады.
Ұлдана Раимбаеваның сайлауалды бағдарламасының басты мақсаты – өзі кіндік қаны тамған өлкенің дамуына үлес қосып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру. Оның айтуынша, халықтың қолдауына ие болған жағдайда, алдағы бес жылда елді мекеннің өзекті мәселелерін шешуге бағытталған бастамаларды жүзеге асыруға күш салмақ.
Бағдарламада білім беру саласын дамытуға ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, округ аумағындағы мектептер мен балабақшалардың материалдық-техникалық базасын жақсарту, ағымдағы жөндеу жұмыстарының сапалы жүргізілуіне бақылау жасау көзделген.
Сонымен қатар балалардың сапалы білім алуына жағдай жасаумен қатар, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында спорт секциялары мен түрлі үйірмелердің қолжетімділігін арттыруға ықпал ету жоспарланған.
Жас мамандарды қолдау да маңызды бағыттардың бірі. Осы орайда олардың әлеуметтік мәселелерін шешу мақсатында жергілікті атқарушы органдар алдында тиісті мәселелерді көтеру міндеті белгіленген.
Өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру, патриоттық тәрбие беру бағытындағы қоғамдық іс-шаралар мен кездесулерді тұрақты ұйымдастыруға ықпал ету де сайлауалды бағдарламадан орын алған.
Бұдан бөлек, тұрғындармен тұрақты әрі тығыз байланыс орнату, сайлаушылардан келіп түскен өтініштер мен арыз-шағымдардың шешілуіне депутаттық өкілеттік аясында барынша ықпал ету көзделген.
Үміткердің пікірінше, кіндік қаны тамған өлкенің өркендеуіне үлес қосу – үлкен жауапкершілік. Сондықтан халықпен ашық диалог орнатып, тұрғындардың талап-тілегін ескеру және ел игілігіне бағытталған бастамаларды қолдау алдағы жұмыстың негізгі ұстанымы болмақ.
Кездесу барысында аудан орталығының тұрғындары Ұлдана Раимбаеваның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарымен танысты.
Дайындаған: «Шу аудандық баспасы» ЖШС
Тапсырысберуші: Раимбаева Улдана Серікбайқызы
Шу аудандық мәслихатының депутаттығына кандидаттың сайлауалды үгіт материалы республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді.