Ақпараттық портал

ЖЫЛУ БЕРУ САЛАСЫНДА ЖҰМЫС ЖҮЙЕЛІ

Тоғыз жолдың торабында орналасқан ауданымыздың энергетикалық инфрақұрылымын сөз қылғанда, ең әуелі «Шу-Жылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны ойға оралады. Жылу энергиясын өндіру, жөнелту және оны тасымалдаумен айналысатын кәсіпорын қаладағы жүздеген нысандар мен тұрғын үйлерге үздіксіз қызмет көрсетеді. Әсіресе, бірнеше әлеуметтік нысандар мен жеке және көпқабатты үйлер, мемлекеттік және коммерциялық мекеме дейсіз бе, яғни бас-аяғы 350-ден аса маңызды нысанды қатал қыста жылумен қамтып отырған осы қазандық.

Қала халқының жылдан жылға өсуіне байланысты, мұндағы қатты отынмен жылытатын қазандықтарға салмақ түсетіні және тиісінше шығынның да артары белгілі. Оған қоса, бұл қазандықтарды құру жұмысы 1987 жылы басталып, 1990 жылы пайдалануға берілген. Яғни, ширек ғасырдан астам уақыт қолданыста тұрған. Сондай-ақ, қатты отынмен жылыту ауданның экологиялық жағдайына да кері әсерін тигізіп келген-ді. Сондықтан болар, осыдан бірнеше жыл бұрын мекеме басшылары жылу орталығын жаңғырту мақсатында мұндағы КЕ-25/14С маркалы бу қазанын газбен жұмыс істейтін BOSCH маркалы UNIMAT UT-L46 су қыздырғыш қазандарына ауыстыру жұмыстарын жүргізіп, жылыту маусымына тыңғылықты әзірленген болатын. Осылайша, кәсіпорын басшылығы көгілдір отынмен жұмыс істейтін үш бірдей қазанды іске қосып, табиғи газбен жылытуға толыққанды көшті. Кәсіпорын қызметкерлерінің айтуынша, 2014 жыл болу керек, қазандықты газбен жылытатын арнайы құрылғыны орнату жұмыстары жүргізілген екен. Бірақ олар қазіргідей үлкен қазан болмағандықтан, жылытуға күші жетпеген әрі тиімсіз болған. Сол себепті, қайтадан көмірмен жылытуға тура келеді. Ал қазіргі кезде жұмыс істеп тұрған газ қазандықтарының тиімділігі сол, бұл қазандықтар аса көп жұмыс күшін қажет етпейді. Расымен де, байқағанымыздай Германиядан әкелінген бұл қазандықтардың жұмысы автоматтандырылған. Ол дегеніміз, қазандық сырттағы температураға қарап, тиісінше, ішкі температураның қанша мөлшерде болу керектігін өзі анықтайды. Мәселен, даладағы температура 10 градус суықты көрсетіп тұрса, қазандықтың құзырындағы 348 нысанға жылу энергиясын жөнелтудің температурасы 70,9 градусты құрайды. Егер де сырттағы суық -26 градустан асып кетсе, яғни аязды күндерде қазандық жұмысшылары жөнелтілетін ішкі энергияның температурасын өздері бекітуге мәжбүр болады екен. Соңғы екі жұмада өңірімізде бірнеше күн бойы аяз бет қаратпай тұрды. Сақылдаған сары аяз жұртшылықты біраз алаңдатқанымен, табиғаттың тосын мінезіне дайындық жұмыстары алдын ала жасалғандықтан, күтпеген оқиғалар орын ала қойған жоқ. Дейтұрғанмен, қаладағы көпқабатты үйлердің тұрғындары үйіміз суық, жылу жетпей жатыр деп, қазандық қызметкерлерін кінәлағандай болған. Тұрғындардың осы тектес шағымдарын әлі де кезіктіруге болады.
Сондай-ақ, «Шу-Жылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының берген дерегіне сәйкес, Шу қаласындағы көппәтерлі тұрғын үйлерге жеткізілетін жылу энергиясының сапасын арттыру үшін үйлердің жертөлесіндегі жылу құбырларына жөндеу жұмыстары жүргізілу қажет. Мәселен, «Шу-Жылу» КМК-на тиесілі биіктігі 45,9 метр резервтік қазанның темірбетонды түтін мұржасы апаттық жағдайда деп танылуына байланысты 250 миллион теңгеден аса қаржыға қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Жылыту маусымында апатты жағдайдың алдын алу үшін кәсіпорын директорының бұйрығымен шілде айында жекелеген обьект бойынша төтенше жағдай жарияланған. Осыған байланысты мекемеге қарасты ұзындығы 14,5 шақырым құбырға демонтаждау жұмыстарын жүргізу қажет болған. Бүгінде аталған жұмыстар толығымен жүргізіліп, қалыпты жағдайға келтірілген. Одан бөлек, аталмыш кәсіпорынға қарасты жылумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы 16,735 шақырымды құраса, оның 1,2 шақырымы кәсіпорын қаражаты есебінен ауыстырылған.
Бүгінгі күні ыстық сумен қамтамасыз етуді қоса есептегендегі желілік судың қалыпты деңгейдегі шығыны сағатына 55-70 текше метрді құрайды екен. Жауапты мамандардың айтуынша, тұрғын үйлердің құбырын тазартуға тұрғындардың кейбіреулері құлықсыздық танытып жатады. Сол себепті жылу да мардымсыз болмақ. Сонымен бірге пәтердегі жылу сапасын арттыру үшін кейбір тұрғындар желілік суды түтікше арқылы кәріз жүйесі желісіне ағызуда. Бұл желілік судың шығынына, ал ол, сәйкесінше шамадан тыс энергия мен отын шығынына әкеліп соғады. Расында тұрғындарда қалыптасып қалған әдет пе, жертөленің жағдайымен ісі жоқ. Басым бөлігінде өз пәтерінің жылы болғанын ғана ойлайтын келте түсінік қалыптасқан. Сондай-ақ жылу берушілердің айтуынша, тұрғын үйлерге қойылатын жылу есептегіш құралдардың да пайдасы аз емес екен. Жылу берушілер жылу көп берілсе, шығын да көп жұмсалатынын, ал есептегіш құрал жылуды үнемдеуге көмектесетінін айтады. Осы мақсатта Шу қаласындағы көпқабатты үйлердің басым бөлігіне осындай жылу есептегіш құралдары орнатылыпты.
Қай қала болмасын, мейлі ол ауылдық елді мекен болса да, оның лайықты тыныс-тіршілігі үшін жылу тарату желілері инфрақұрылымының кідіріссіз жұмыс істеуі аса маңызды. Қазіргі күнделікті тұрмысымызды қыс айында жылусыз елестету мүмкін емес. Бұл әсіресе, қалалық жердегі көпқабатты үйлерге қатысты. Бір күн жылу болмай қалса, қала тыныс-тіршілігінің сәні кетеді. Осы тұста тағы да Шу қаласының қысқы маусымда жылумен тұрақты және сапалы қамтамасыз етілуі жолында «Шу-Жылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына жүктелер міндет үлкен, жауапкершілік зор. Сол себептен, бүгінде қаланы жылумен қамтамасыз етудің жаңа технологияларға негізделген озық үлгілері іс жүзіне асырылуда. Дәлірек айтқанда, қалада энергетикалық инфрақұрылымның қолданыстағы нысандары, яғни жылу беру орталығын жаңғырту жүйелі жүргізілген. Оған жоғарыда аталған көгілдір отынмен жұмыс істейтін BOSCH маркалы UNIMAT UT-L46 су қыздырғыш қазандары дәлел бола алады. Осы ретте, санамызда бұл қазандықтардың қауіпсіздігі қандай деңгейде, оған жауапты мамандардың біліктілігі қаншалықты деген сұрақтың қылаң беретіні де заңдылық. Құдай сақтасын, десе де апаттың айтып келмейтіні әу бастан белгілі жайт. Жуырда ғана Қостанай облысындағы Екібастұз қаласында орын алған апат әлі де ұмытыла қойған жоқ. Жылыту қазандықтары істен шыққан ақаудан тұтас қала халқы жылусыз қалды. Бұл жағдай еліміздегі барлық жылыту мекемелеріне сабақ болды, әрине. Содан бері, қазір бұқара халықты қыстың көзі қырауда жылусыз қалумен қатар, қазандықтардағы қауіпсіздік мәселесі де ойландыратын болған.
Әрине, қай жағынан алып қарасақ та, қатты отынға қарағанда көгілдір отыннан келетін қауіп көп. Қаладағы апатты оқиғаны былай қойғанда, ауылдық жердегі жер үйлерге орнатылған газ құбыры жарылып, одан келетін зардаптың мөлшері орасан екенін көз көріп, құлақ естіп жүр. Ал мұндағы алып қазандықтардан ақау шыға қалса, одан келетін залалдың мөлшерін бағамдай беріңіз. Оған қазандық істен шыға қалса, қала тұрғындарының басым бөлігі мен әлеуметтік нысандар жылусыз қалатынын қосыңыз. Сол себепті, қаладағы орталық жылу жүйесінің қауіпсіздігі қай деңгейде екенін де анықтап көрген болатынбыз. Мұндағы мамандардың айтуынша, қазандықта қызмет ететіндердің біліктілігіне баса назар аударылатын көрінеді. Расында, қазандық қызметкерлерінің міндетіне мыңдаған адамды қытымыр қыста уақтылы жылумен қамтамасыз етуден бөлек, сақтық шараларын қатаң сақтау да кіреді. Сондықтан қазандық операторларын оқыту мәселесінде салғырттық танытуға болмайды. Сол себепті кәсіпорындағы қатты отынмен және табиғи газбен жылытылатын қазандықтарда жұмыс істейтін мамандар арнайы оқыту курстарынан өтеді екен.
Жалпы, қазандық қызметкерлерінің жұмысы маусымдық қызметке жататындықтан, олар тек жылыту маусымында ғана жұмыс істейді. Сала мамандары қызметкерлердің осындай оқыту курстарынан әр жыл сайын өтіп келетіндігін алға тартады. Өйткені, біліктілігін арттыру курстарынан өткендерге берілетін сертификат бір жылға ғана жарамды екен. Осыған байланысты, әрбір күз айында қазандық мамандары өзінің біліктілігін жетілдіру үшін арнайы курсты тәмамдауы тиіс. Алайда, бір ғана курстан өтті екен деп, қызметкерлердің кәсібилігі жоғары деңгейде деген ой туындамауы қажет. Неге десеңіз, қызметкердің қанша жерден білім-біліктілігі жоғары болғанымен, қазандықтағы қауіп көбінде салғырттықтан да туындап жатады. Сол себептен де салаға жауапты мекемелер қыстың қытымыр аязында жылусыз қалмаумен бірге қазандықтардағы қауіпсіздік мәселесіне көптеп көңіл аударса, артық болмас еді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.