Ақпараттық портал

ЖЕМІСТІ ЕҢБЕККЕ – ЛАЙЫҚТЫ МАРАПАТ

Халқымызда «Алтын деген жер сыйы, Алғыс деген ел сыйы» деген дана сөз бар. Бұл фәниден қашанда көңіл қымбат екенін білеміз. Сондықтан ел үшін еткен еңбектің еленуі адамды арқаландыратыны ақиқат. Қазіргі таңда ай сайын аудан әкімдігінде алқалы жиын өтіп, тер төккен азаматтарды марапаттау жақсы үрдіске айналып отыр. Жыл басынан бері әр салада қызмет етіп, өңірдің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан жерлестерімізге «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі тарту етілуде. Бұл жақсы қадам жуырдағы жиында да жалғасын тапқан болатын.
Осы аптаның ішінде аудан әкімі Сәкен Арубаев білім, мемлекеттік қызмет, медицина, азаматтық қоғам институты өкілдері және зиялы қауыммен кездесті. Жиынды жүргізген аудан басшысы жиналғандарға жылы лебізін білдіріп, елдің дамуы жолындағы еселі еңбектеріне алғыс білдірді.
– Бүгін 12 айды артқа тастап сіздермен жылдың мәресіне жетіп отырмыз. 2022 жыл жақсы жетістіктер мен оң көрсеткіштерге толы болды. Оның барлығына өздеріңізбен бірге қол жеткізгенімізді айта кеткен жөн. Сонымен бірге ауданның дамуын, алға басуын зиялы қауымсыз елестету қиын. Әр саладағы саңлақтар мен сақа қызметкерлердің қатысуымен жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүргеніміз жасырын емес. Оның ішінде идеология, руханият және мәдениет секілді салалар елдіктің ендігісіне үлкен үлес қосып келеді. Өздерінің өткір ұсыныстарын айтып, өзекті мәселелерді бірігіп талқылап жүрген зиялы қауым өкілдеріне де айтар алғысымыз шексіз. Биыл бұл бағытта да бірқатар жақсы жұмыстар атқарылды. Оның барлығында сіздердің қолтаңбаларыңыз бар. Сондықтан сіздерге де шексіз ризамыз,-деді Сәкен Қаланұлы кездесу барысында.
Ізгі лебіздерден соң ауданның бірқатар атпал азаматтарының кеуделеріне жоғарыда аталған төсбелгі тағылып, құрмет көрсетілді. Мұндай марапатқа разы болған зиялы қауым аудан басшысына алғысын білдірді.
Дәл осындай шара түскен кейін де жалғасын тапты. Аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында өткен шараға өңірдің мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан ардагерлер мен үздік қызметкерлер шақырылды. Жиынға төрағалық еткен Сәкен Қаланұлы мазмұнды әңгіме өрбітіп, мәдениет қызметкерлерінің көп елене бермейтін еңбектеріне тоқталып өтті.
-Бүгін сіздермен аса маңызды мәжілісте бас қосып отырмыз. Бұл жүздесуді төгілген тер мен төзімге, жемісті жұмысқа алғыс айту сәті деп бағалауға болады. Түске дейін бір топ ел азаматтарын қабылдап, құрмет көрсеткен болатынбыз. Енді өздеріңізбен дидарласудың реті келіп отыр.
Өнер мен мәдениет құстың қос қанаты секілді дүние. Олар қатар қағылғанда әлеуметтің рухани әлемі байып, еліміз биіктерге самғайтыны сөзсіз. Ал, мәдениет қызметкерлері мылтықсыз майданның сарбаздары деуге әбден болады.
Шу өңірі ежелден таңдайына тәтті ән ұялаған әншілердің, бармағына күй қонған күйшілердің, жыршы-термешілердің кіндік қаны тамған жер. Бұл мекенде қазақ мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан аймаңдайлы азаматтар туып, түлеген. Солардың іздерін сіздер сенімді түрде жалғап келесіздер. «Ән айтсаң да, жанынды жеп айтасың» дегендей өнер адамы болу екінің бірі ойлағандай жеңіл нәрсе емес. Мұның артында ізденіс пен еңбек жатыр.
Ауданымызда әрбір мерекелік шаралар мен салтанатты жиындар өнерпаздардың қатысуынсыз өтпеген. Сіздер күннің суығына, ыстығына қарамай халыққа қызмет етіп келесіздер. Демалыс күні демалмайтындардың қатарында мәдениет қызметкерлері бар. Бұл еңбектеріңізді біз жоғары бағалаймыз,-деді аудан басшысы өзінің сөзінде.
Салтанатты шара соңында шақырылған қонақтарға «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен куәліктері табыс етілді. Ардақталған азаматтар аудан әкіміне ризашылық білдіріп, шығармашылықты шарықтатуға шабыт алғандарын жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.