Ақпараттық портал

ЖАҢА ЖЫЛ ЖАҚСЫЛЫҒЫМЕН КЕЛСІН!

Өткен жылға өкпе жоқ, жаңа жылдан үміт көп дейтін шулықтар
2022 – жылдың соңғы сәті мен санаулы сағатын көтеріңкі көңілмен өткізді. 31-желтоқсан күні ымырт жабылған соң орталық алаңдағы жазғы сахнаның жарығы жанып, жұртшылық шыршаның маңына жинала бастады. Кешқұрым аудандық полиция қызметкерлері Төле би көшесінің белгіленген бөлігін уақытша бөгеп, қоғамдық тәртіпті қадағалаудың күшейтілген режиміне көшіп жатты. Сонымен қатар, жедел жәрдем көлігі мен өрт сөндіру техникасы да көпшілік жиналған жерден табылды.
Барша шулықтар шырша маңына жиналып, аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары ұсынған
сазды бағдарламаға ден қойды. Үлкенді-кішілі жандар жасыл шырша маңына суретке түсіп,
таныстарымен сәлемдесіп, бірін-бірі жаңа жылмен құттықтап жатқанын да көзіміз шалды.

Халықтың қарасы қалыңдағанда сахнаға аудан әкімінің міндетін атқарушы Серік Сәрсенбеков шақырылып, құттықтау сөз сөйледі. Өз сөзінде Серік Жұмалыұлы тарих қойнауына кеткен өткен жылдың жетістіктеріне тоқталып, атқарылған жемісті жұмыстарды тілге тиек етті.
-Жаңа жыл – үлкен үміт пен сенімді ақтайтын, армандардың орындалатын, бақыт пен байлыққа кенелетін, шаттықтың еселеніп, баянды өсіп-өркендеудің жылы болсын! Жаңа жылда жаңа бастамалар сәтті жүзеге ассын! Әрбір шаңыраққа шаттық, бақ–береке орнап, жүзімізден жылылық пен қуаныш кетпесін! Баршаңызға зор денсаулық, асқақ абырой, отбасы амандығы мен еңбекте табыс тілеймін! Мемлекетіміздің мерейі үстем болып, абыройы арта берсін! –деді С.Сәрсенбеков.
Мұнан соң мерекелік сазды бағдарлама басталып, тұрғындар әншілердің әніне билеп, мәре-сәре болып жатты. Әсіресе, мерекеге арналған от шашу көпшіліктің көңілін баурады.
Осы күні халық арасынан аудандық мәслихат хатшысы Ж.Әбенов, «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Б.Ниязбеков, аудан әкімінің орынбасарлары мен аппарат жетекшісі Н.Абай, бірқатар бөлім басшыларын байқадық.
Мәдениет үйі ұйымдастырған сазды бағдарлама бірнеше сағатқа созылып, жапалақтап жауған қармен көркем көрініс берді. Кеш жүргізушілері көрермендермен түрлі ойындар ойнап, сұрақ-жауап алмасты. Соңыра, шулық жастар шоғырланған «Шудың бойында» инстаграм парақшасының әкімшісі әрі белсенді жас Жоламан Әуес те жерлестеріне әсем отшашу арнап, ізгі тілегін жеткізді.
Байжан ЕМБЕРДІ,
«Шу өңірі».

Leave A Reply

Your email address will not be published.