Ақпараттық портал

ҚАЛЫБЫ ҚАРАПАЙЫМ ЖАН

Қабырғамызды қайыстырған қаңтар оқиғасымен басталған биылғы жылдың кедір-бұдыры көп болғаны рас. Оның ішінде өмірін құтқару қызметіне арнаған жүрек жұтқан жігіттер үшін де осы жыл оңайға соқпады. Қаңтар айындағы қасіретте де қызмет еткен батырлар қыркүйек айында Әулиекөл ауданындағы орман өртінде де берген сертінде тұра білді. Одан бөлек, қызыл жалынның ішінен үш адамды құтқарып, өз өмірін құрбан еткен Асқар Забикулиннің жанкештілігін жұрт ұмыта қойған жоқ. Сондықтан құтқарушыларға қандай құрмет көрсетсек те артық болмайды.

Газетіміздің үстіміздегі жылдағы соңғы санын осы салаға арнағанды жөн көріп отырмыз. Бүгінгі кейіпкеріміз – Шу аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Тимур Болатұлы Кариев. Азаматтық қорғау подполковнигі 1978 жылы Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Каменка ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Болат көлік жүргізушісі болса, анасы Роза темір жол саласында тер төккен. Кейіпкеріміз олардың жалғыз ұлы.
Бес жасында мектепке барып, оқуды қатарластарынан ерте тәмамдаған жігіт бастапқыда Қарағандыдағы милиция академиясына құжат тапсырған. Белгілі себептерге байланысты бұл офицерлер дайындайтын оқу орны Тимур Болатұлына бұйырмаған. Сонда да жігері мұқалмаған жігіт заң саласында білім алуды көздейді. Оның да орайы келмеген. Содан соң ол Отан алдындағы борышын өтеуді ойлап, дайындалып жүреді. Алайда әскерден оралған сыныптастары оған Тараз қаласына жоғарғы оқу орнына түсуге талпындырады. Осылайша болашақ құтқарушы 2002 жылы Тараз Мемлекеттік Университетін «инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Оқу оқи жүріп әскери кафедрада білім алады.
Студент кезінде жары Ақмарал Түменбаевамен тағдырын қосып, 2001 жылы Ислам атты ұлы өмірге келеді. Одан кейін Арман атты ұлы мен Атина атты қызы дүние есігін ашқан. Алғашқы еңбек жолын 2002-2006 жылдары «Қазфосфат» ЖШС филиалының «Жамбыл теміржол кешені» мекемесінде бақылаушы болып бастаған Тимур Болатұлы өмірін өзі арнаған салаға бағыттайды. Себебі, студент кезінде құтқарушы болып жұмыс істейтін құрдасын көрген жігіт оқалы киім киюге аңсары ауған.
Сөйтіп ол жеті жыл бойы туған ауылы Т.Рысқұлов аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері лауазымында жұмыс істейді. Ал, 2013 жылы Мойынқұм аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде 6 жыл бойы бас маман қызметін атқарған. 2019 жылдан бері Шу аудандық төтенше жағдайлар бөлімін басқарып келеді.
Арманын амалға асыру үшін сатылап өсіп, табандылық танытқан Тимур Кариев қызмет еткен жылдар ішінде түрлі марапатқа ие болған. Оның ішінде Т.Рысқұлов ауданы әкімінің Құрмет грамотасын, Мойынқұм ауданы әкімінің Алғыс хаты, Шу ауданы әкімі мен мәслихатының Құрмет грамоталарын, Жамбыл облысы әкімінің Алғыс хаты мен Құрмет грамотасын ерекше атауға болады. Сонымен қатар ол үшінші және екінші дәрежелі «Өртке қарсы органдарындағы мінсіз қызметі үшін», «Авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновке 100 жыл», «Өртке қарсы қызметке 100 жыл», «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерін кеудесіне таққан.
Жұбайы екеуі тәрбиелеп отырған 3 ұл мен 1 қызы есейіп, бірі қызмет етсе, бірі студент. Тұла бойы тұңғышы Ислам Кариев қазіргі таңда Төле би ауылында орналасқан №19 Өрт сөндіру бөлімінде құтқарушы-өрт сөндіруші болып жұмыс істейді. Азаматтық қорғаудың кіші сержанты білімін Бішкек қаласындағы оқу орнында өрт қауіпсіздігі мамандығы бойынша алуда. Ал, Арман атты ұлы күні кеше Отан алдындағы борышын өтеп келді. Арман Тимурұлы енді қарулы күштер саласында білім алып, офицер болуды көздеп отыр. Сол секілді арпа ішіндегі бір бидайы Атина Астана қаласындағы технология және бизнес колледжінің студенті. Ол жуырда ғана дебат ойындарына қатысып, өзін үздік спикер ретінде дәлелдеген. Тағы бір ұлы Жасын мектеп қабырғасында оқиды.
-Бала күнгі арманым офицер киімін кию болатын. Арманыма бірнеше рет талпынғанымен орындала қоймады. Сөйтіп әскер қатарына баруға бел будым. Сол жылдары қатарластарым да азаматтық борышын өтеп келіп жатты. Солардың қолқалауымен Таразға оқуға тапсырып, студент атандым. 2000 жылы жұбайым Ақмаралмен танысып, отау құрдым. Бір жылдан соң Ислам атты баламыз өмірге келді. Қазіргі таңда Ислам да құтқарушы қызметінде. Оны да офицерлік оқуға түсірмек болғанда кедергілерге тап болдым. Өрт сөндіруші болуға көзқарасын сұрағанда бірден келісті. Демек, жүрек қалауы құтқарушы болу деп түсіндім. Бүгінде әкем өмірден өткен, бар байлығым аяулы анам мен отбасым. Менің түсінігімде ер азамат Отанын қорғайтын қауқарлы болу керек. Ол үшін әскер қатарында болып, арнайы жаттығулардан өтуі тиіс. Құтқарушы болу – патриоттық сезімнің айқын көрінісі. Себебі күнделікті қауіптермен кездесуге үлкен жүрек пен мамандыққа деген махаббат керек. Біздің жігіттердің барлығын бүгінгі күннің батыры деуге болады,-дейді Тимур Болатұлы.
Асықпай жүріп, анық басып, арманына жеткен Тимур Болатұлы бос уақытында футбол ойнағанды жақсы көреді. Қолы қалт еткенде жейдесін киіп, өз командасы қатарынан табылады. Шулық өрт сөндірушілердің айтуынша, бөлімнің бастығы өте қарапайым. «Подполковникпін» деп паңданбайтын Тимур Болатұлы расында тамаша адам. Өзіне және отбасына амандық тілеп, ұлдарын ұлша өсіріп отырған еңбегіне алғыс білдіреміз!

Leave A Reply

Your email address will not be published.