Ақпараттық портал

ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖҰМЫСТАРЫН САПАЛЫ ӘРІ ЖЕДЕЛ ОРЫНДАУДЫ ТАПСЫРДЫ

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Талас ауданына жұмыс сапарымен барып, төтенше жағдайдан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарының барысын тексерді.

Аймақ басшысы алдымен жылу көзі болып табылатын «Игілік» орталықтандырылған қазандығында болып, мұндағы жұмыс барысымен танысты. Қазіргі таңда қазандық штаттық режимде жұмыс істеп, қаланы жылумен қамтамасыз етуде. Отын көлемі жеткілікті.
Бұдан соң облыс әкімі қатты желден шатыры ұшқан көпқабатты тұрғын үйлерді аралап көрді. Мұндай үйлердің саны 11-ге жеткен.
Келесі кезекте аймақ басшысы “Корзинка” ірі дүкеніне бас сұғып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы мен қорының жеткілікті екендігін тексерді. Дүкенде тиісті азық-түлік қоры қалыптасқан. Нұржан Нұржігітов нан мен су тапшылығын болдырмауға айрықша басымдық беру керектігін ескертті.
Облыс әкімі аудандағы жұмыс сапары барысында жедел штаб отырысын өткізді.
Басқосуда аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков қалыптасып отырған ахуал бойынша баяндап, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Қазіргі кезде ауыз су беру мәселесін жедел шешу бойынша шаралар қабылдануда.
Нұржан Нұржігітов зардап шеккен нысандарды, құлаған электр бағаналарын қалыпқа келтіру шараларын жүрдім-бардымға салмай, жедел әрі сапалы орындауды тапсырды.
– Ең бастысы халыққа көрсетілетін коммуналдық қызметтердің жұмысы тұрақты әрі үздіксіз жүзеге асуы тиіс. Азық-түлік тапшылығының орын алмауы маңызды. Ал, қалпына келтіру жұмыстары 7-10 күннің ішінде аяқталуы керек. Барлық нысанда жұмыстар бір мезгілде басталып, құжаттама жұмыстары қатар атқарылуы қажет. Қаланың тазалығы да басты назарда болуы тиіс,-деді аймақ басшысы.
Жаңатас қаласына жылу беріле бастады
Сарысу ауданында да төтенше жағдай салдарын жою бойынша жұмыстар қызу атқарылуда.
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов ауданға жұмыс сапарымен барып, жауаптыларға ең алдымен Жаңатас қаласына электр энергиясын және жылу беру мәселесін жедел шешуді тапсырған болатын. Соған сәйкес атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бұған дейін қалаға электр энергиясы берілген десек, енді жылумен қамту шаралары жүзеге аса бастады.
Қазіргі таңда «Жаңатас Су Жылу» МКК-да жылумен жабдықтау жүйелеріне су толтыру, жеке генераторларының қуаты айналым-сорғыларының қызметін қалыпқа келтіру жұмыстары қызу жалғасуда. Осыған орай қалаға жылу беру кезең-кезеңімен іске асып, бір тәулікте толығымен жылуға қосылады деп жоспарлануда.
Еске сала кетейік, бұған дейін орын алған қатты дауыл салдарынан Жаңатас қаласындағы электр бағаналары құлап, электр желілерінің тиісті кернеуді таратуына кедергі туындаған. Соған байланысты «Жаңатас Су Жылу» МКК жұмысын тоқтатуға мәжбүр болып, жылумен жабдықтау жүйесінен суды ағызу туралы шешім қабылданған болатын.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.