ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов жергілікті зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, олардың ой-ұсыныстарын тыңдады.
Тағылымды басқосуда аймақ басшысы 2022 жылы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері ойдағыдай қалыптасқанын атап өтіп, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға қысқаша тоқталды.
– Өтіп бара жатқан жыл еліміз үшін сындарлы әрі елеулі оқиғаларға, тарихи шешімдерге толы болды. Жалпы ұлттық референдум, Президент сайлауларында маңызды таңдау жасап, ел болашағын бағдарлай білдік.
Тәуелсіз Қазақстан бүгінде – ел дамуының жаңа кезеңіне нық қадам басқан, болашағына үлкен сенім артқан мемлекетке айналды. Ортақ мақсатқа жету жолында облысымыздың тұрғындары да лайықты үлес қосуда. Бүгінде Жамбыл облысы қарқынды дамуда.
2022 жылғы қаңтар-қараша айларының қорытындысымен экономикалық өсім 105,7 пайызды құрап, барлық көрсеткіштер республикалық орташа деңгейден жоғары қалыптасып отыр.
Жамбыл облысының 2025 жылға дейінгі кешенді даму жоспарының жобасы әзірленіп, онда барлық сала, өңірдегі барлық елді мекен қамтылды.
Бұған дейін қолға алынған облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жөніндегі пилоттық жоба жемісті жалғасып, тағы 10 ауылдық округте жеңілдетілген несиемен қамту шаралары басталды. Жалпы, 2023 жылы жобаға тағы 22 ауылдық округ, ал 2025 жылға дейін облыстағы барлық ауылдық округтер енеді деп көзделуде.
Сондай-ақ, облыс орталығы – Тараз қаласындағы көптеген қордаланған мәселелерді шешуге айрықша басымдық берілуде. Бұл бағытқа 2023 жылы облыстық бюджеттен 7 миллиардқа жуық қаржы қаралуда. Қоғамдық көліктерді жаңарту, ирригациялық және жылу жүйелерін реттеу секілді басқа да маңызды мәселелер назарға алынып отыр,-деді Нұржан Нұржігітов.
Облыс әкімі аймақтағы мәдени, рухани тыныс-тіршілікке де айрықша тоқталып, 2023 жылы шалғай елді мекендердің басым көпшілігінде мәдениет нысандары бой көтеретінін де жеткізді.
Мұнан соң Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері сөз тізгіндеп, көкейкесті мәселелерін, ойларын ортаға салды. Белгілі жазушы Пернебай Дүйсенбин халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Елен Әлімжан «Шах Махмұт» атты драмасын жазғанын, ол шығарма бүгінде біз Әулиеата деп жүрген Шах Махмұт Қарахан екенін айта келе, осындай салмақты дүниенің өскелең ұрпаққа жетуі үшін аталған шығарманың театрлық қойылымға сұранып тұрғанын жеткізді.
Облыс басшысы жауаптыларға бұл туындыны театр репертуарына енгізуді тапсырды.
Жамбыл облысы әкімінің
баспасөз қызметі.