СӘКЕН АРУБАЕВ – СЕНАТОР
Өткен аптаның сенбісінде облыстардың және аудандардың мәслихат депутаттары жаңа сенаторларды сайлаған болатын. Әулиеатадағы саяси науқан К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының «Баласағұн» орталық концерт залында өтті.
Онда ҚР Парламенті Сенаты депутатын сайлау үшін Жамбыл облысы бойынша 179 депутат сайлауға қатысқан. Солардың ішінде Шу аудандық мәслихатының 15 депутаты және Шу ауданынан сайланған 4 облыстық халық қалаулылары өз таңдауларын жасады.
Сенатор болуға үмітті қос кандидаттың ішінен Сәкен Арубаевқа 158 дауыс, Сұлтан Өсербаевқа 18 дауыс берілген. Нәтижесінде, Шу ауданының әкімі Сәкен Қаланұлы Арубаев Жамбыл облысынан ҚР Парламентінің Сенат депутаты болып сайланды.
Жамбылдық жаңа сенатор 1976 жылы Мойынқұм ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1998 жылы бастап, әр жылдары Жамбыл облысы әкімінің аппаратын, бірқатар басқармаларды және Мойынқұм, Жамбыл аудандарын басқарған. Сәкен Қаланұлы өткен жылғы ақпан айында Шу ауданына әкім болып тағайындалған.
Тәжірбиесі толысқан азамат жауапкершілігі мол жаңа жұмыста жемісті еңбек етеді деп сенеміз. Сондай-ақ аудан тұрғындары атынан сәттілік тілейміз!
«Шу өңірі» ақпарат.