ҚАЙТА БАСЫЛҒАН КІТАПТЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ
Апта басында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, техника ғылымдарының докторы, академик, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың «30 дней в народном Китае» атты жолсапар жинағының тұсаукесері өтті. Бұл кітап Д.Қонаев атындағы халықаралық қордың Президенті Элдар Қонаевтың басшылығымен екінші мәрте баспаға берілген. 160 беттен тұратын еңбек өткен жылы «Үш қиян» баспасынан орыс тілінде жарық көрген.
Даңқты тұлғаның туғанына 111 жыл толуына орай өткен тұсаукесерге аталған қордың Вице–Президенті Ш.Керімбеков, қамқоршылық кеңесінің мүшесі Қалдарбек Сраилов, жергілікті жазушы Сауытбек Мәдімәрұлы, ақын, ардагер журналист Ахметжан Қосақов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудандық мәслихат депутаты Жұмахан Чекаев пен бір топ кітапханашылар қатысты.
Тұсаукесерде жүргізуші Нұргүл Әуесханқызы кітаптың тарихы мен мазмұнын таныстырып өтсе, қонақтар 40 жылдай ел басқарған халықтың біртуар перзенті жайлы ойлары мен естеліктерін айтты. Әсіресе, аудан әкімі орынбасары болған уақытта Ахметжан Ақбұқаұлы Димаш Ахметұлын Төле би бабаның тойына шақыра барғандағы өрбіген әңгімені айтып, көпшіліктің жүрегін елжіретті.
Даладай кең Дінмұхамед Ахметұлы туралы кеш қонақтарының айтар әңгімесі аз болмады. Барлығы ол кісінің қарапайымдылығы мен даналығын, болмысын айтып, өнегелі өмірінен сыр шертті. Осыдан кейін кітаптың қызыл лентасын қию рәсімі өтіп, оның құрметі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Шу ауданының Құрметті азаматы Ахметжан Қосақов пен ауданның бас кітапханашысы Бағдагүл Алжанбаеваға бұйырды.
Аталған кітапта мәдениет пен ғылым қайраткерлерімен бірге Д.Қонаевтың 1954 жылы Қытай Халық Республикасында 30 күн бойы көрген-түйгені баяндалған жолсапар жинағының қайта жарық көруіне Қалдарбек Смаилұлы қолдау көрсеткен. Мұнан соң ауданға ат арылтып келген қос мейман өңірдің тарихынан сыр шертетін музеймен танысып, Шоқпар ауылдық округіне бет алды.