Ақпараттық портал

МҰЗ АСТЫНДА БАЛЫҚ БАР, БАЙҚАМАСАҢ ҚАУІП БАР

Қармақ ұстағанда қарны ашқанын ұмытатын қауым – балықшылар. Олар балықтардың уылдырық шашу кезінде ғана дамыл тауып, жылдың көктемі, жазы мен күзінде көл басынан, тоған қасынан табылатыны белгілі. Тіпті, қақаған қыстың өзінде мұзды ойып, құмарын тарқатпаса тыным таппайды.
Дегенмен, қыс мезгілінде мұзды ойып балық аулаудың да машақаты бар. Қауіпсіздік ережелерін сақтамау, құтқарушылардың ескертпесіне құлақ аспау соңы өкінішті жағдайға ұласып жатады. Себебі жұқа мұздың беті құдды шыныдай нәзік. Сондықтан сақтық шараларын ұмытпауымыз керек. Нендей сақтық шаралары бар екенін аудандық төтенше жағдайлар бөлімі тәптіштеп түсіндіруде.
Таяуда ғана төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері аймақтағы ең үлкен «Тасөткел» су қоймасында мұзды ойып балық аулағанда қаперде ұстайтын қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау туралы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген.
Аталған бөлімнің бас маманы Бақыт Бегалиевтың айтуынша, қыс айларында балық аулағанда төменгідей қауіпсіздік шараларын сақтау керек. Олар құтқару жилеті, құтқару көкірекшесі, арқандар сияқты құтқару құралдарын дайындау, ракета, шамдар, радиотелефон және ұялы телефондар сынды байланыс жабдықтарын балық аулауға ала бару. Одан бөлек, алдын ала ауа райы жайында ақпарат алған артықтық етпейді. Алайда ауа райы күрт өзгеріп кетуін де ескерген жөн. Мұз бетінде балық аулағанда ең алдымен мұздың қалыңдығын тексеру қажет. Әдетте, су қоймаларының барлығында бірдей мұздың қалыңдығы бір қалыпты бола бермейді. Қатты мұздың түсі көкшіл немесе жасылдау әрі түйіршіксіз болады. Бір адамды көтеретін мұздың қалыңдығы 7-8 см., ал бір топ адамға 12-14 см.-ден кем болмауы керек. Сондай-ақ осал мұз мөлдір ақшыл түстес болып келеді.
-Балық аулау барысында алкогольдік ішімдікті тұтыну аса зиянды. Егер айдын шағын болса мұздың бетін бейберекет оюға болмайды. Қайнары бар жерде немесе қамыс өскен жерлерде мұз жұқа болып келеді. Мұздың үстінде топтасуға тиым салынады. Ойылған мұздың бетіне қоршау немесе белгі қоюды ұмытпаңыздар. Балық аулауға шығар алдында қай жаққа баратындарыңызды жақындарға ескерткен жөн. Себебі жаман айтпай, жақсы жоқ. Аудан тұрғындарына айтарымыз мұз бетінде сақ болыңыздар! Қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаңыздар және қауіпке ұшырағандарға қол үшын соза жүріңіздер!- дейді азаматтық қорғау капитаны Бақыт Бегалиев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.