Ақпараттық портал

БАЛЫҚШЫЛАР БІРЛЕСТІГІ ҚҰРЫЛДЫ

Бұрындары балық аулау аш қалмаудың қамы болса, қазіргідей тоқшылық кезде әуестіктің бір түріне, тіпті спортқа айналып отыр. Табиғаттың тамырын тап басып, балықтың қармақты қауып-қаппасын нақты білген балықшылар жылдың төрт мезгілінде де құмарын тарқатып жүретіні бар. Ауданымызда алуан бағытта жұмыс жасап, ісің дөңгелетіп отырған бірнеше үкіметтік емес ұйым тіркелген. Енді олардың қатарына бағдары басқаша «Балық Fest Shu» қоғамдық бірлестігі қосылды.

Аты айтып тұрғандай бұл балық аулау дегенде ас ішуді ұмытатын жандардың басын қосатын үкіметтік емес ұйым. Аудандық мәслихат депутаты, Журналистер одағының мүшесі Жұмахан Чекаев басқаратын бұл ұйым ең әуелі аудан әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Нариман Абаймен, Шу-Талас облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Болат Асамбековпен, кейін Алматы қаласына арнайы барып Д.Қонаев атындағы Халықаралық қордың Президенті Элдар Қонаевпен тізе қосып жұмыс істеу жөніндегі меморандумға қол қойды.
Жуырда ғана аса көрнекті мемлекет қайраткері, Ұлы тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Ахмедұлы Қонаевтың 111 жылдығына орай аталмыш қоғамдық бірлестігі мен Бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығының ұйытқы болуымен жастар арасында балық аулау мәдениетін қалыптастыру, әуесқой балықшылар арасында өзара тәжірибе алмасу, жастардың табиғатқа деген жанашырлығын, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында мұз үстінде балық аулаудан «Балық FEST Shu» атты аудандық турнирі өткізілді. Бұл турнир Жаңа жол ауылдық округінде орналасқан «Элдарадо» шаруа қожалығының айдынында өткенін атап өткен жөн.
Шара шымылдығы аудан әкімінің орынбасары Бақыт Бетбаевтың құттықтауымен ашылып, жаңадан құрылған «Балық FEST Shu» балықшыларына толағай табыс тіледі.
-Ауданымызда балық аулау жарыстары былтыр бірінші рет ұйымдастырылса, биыл жалғасын табуда. Бұл өз кезегінде тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, жас ұрпаққа дұрыс үлгі беруде таптырмас тәрбиелік мәні бар дүние екенін атап өткім келеді. Осы бірлестіктің басшылығына және мүшелігіне қабылданып отырған жерлестердің жұмысы табысты болсын деп тілеймін! Мінберді пайдалана отырып азаматтық сектор мүшелеріне тиісті куәліктерін тапсыруға рұқсат етіңіздер. Үлкен істі бастап, ұйыстырып отырған Жұмахан Төлеуұлына, тиісті бөлімдерге алғысымды білдіремін. Болашақты бұл бастама баянды боларына бек сенемін, – деген Бақыт Аязұлы бірқатар жандарға куәліктерді тапсырды.
Бұл шараға Д.А.Қонаев атындағы Халықаралық қорының вице-Президенті Шатырхан Керімбеков, аталған қордың қамқоршылық кеңесінің мүшесі Қалдарбек Срайылов арнайы келіп құттықтап, ізгі лебізін білдірді. Сондай-ақ Халықаралық қордың Президенті Элдар Асқарұлының сәлемін жеткізіп, Д.А.Қонаевтың бейнесі бедерленген спорттық 20 медаль мен жарыс кубогін айтулы бірлестік мүшелеріне тапсырды. Сонымен бірге «Элдарадо» шаруа қожалығының белсенді мүшесі Эркин Ойшиева заңғар тұлғаның 111 жылдығына орай төсбелгімен марапатталды.
Мұнан кейін шараға қатысушылар шатырларын тігіп, мұзды ойып қармақтарын сала бастады. Осы сәтте әсем әуен ойнап, ауданымызға белгілі «БМ» тобы әннен шашу шашып жатты. Одан бөлек жасы мен жасамысы бар балықшылар қауқылдасып, өзара әңгіме өрбітіп жатты. Балықшылар мерекесіне тілеулестік танытып “JAMBYL” телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева, аудан әкімі аппаратының басшысы – әдеп жөніндегі уәкіл Нариман Абай, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Қасымхан Мәуленов, ішкі саясат бөлімінің басшысы Эльмира Асқарова, Жастар ресурстық орталығының директоры Ғани Қойбағаровтар аталмыш шараға үлестерін қосты.
Үкіметтік емес ұйымды құрып, маңына балыққұмарларды топтастырған Жұмахан Төлеуұлының айтуынша қоғамдық бірлестік былтыр желтоқсанда облыстық Әділет департаментімен заңды түрде бекітілген. Қазірдің өзінде 20 шақты мүшесі бар қоғамдық бірлестік жыл басталмай жатып жұмыстарына қызу кірісіп кеткен.
-Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қараша айындағы өзінің ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде ауыл шаруашылығын дамыту сонымен қатар балық пен құс өсіру бағытына аса көңіл бөлетіндігі туралы айтқан. Соны жүзеге асыру жолында құрылған «Балық Fest Shu» қоғамдық бірлестігінің мақсаты да, мүддесі де мемлекет берген мүмкіндікті пайдалану, азаматтық сектор есебінде жәрдемдесу болып отыр. Алдағы уақытта мүдделестермен бірге “Фарель” тұқымдас балығы мен өңірде Африкалық түйеқұстарды өсіру жоспарда бар,-дейді Ж.Чекаев.
Рухани демалыс сыйлап, тәнді тыңайтқан турнир мәресінде жарысқа қатысушылар мен қомақты үлес қосқан азаматтарға арнайы сыйлықтар мен медальдар, кубоктар тапсырылды. Атап айтсақ, Шатырхан Керімбеков пен Қалдарбек Срайылов турнирге атсалысқаны үшін бағалы сыйлықтармен марапатталса, ІІІ-орынды Ермахамбет Илюбаев иеленді, ІІ-орынды Ержан Вахитов алса, І-орын Нұржан Қасқабайдың еншісіне бұйырды. Ал осы жарыстың жеңімпазы Сергей Мансарин жеңіс кубогын қанжығалады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.