Ақпараттық портал

АЯҚСЫЗ ҚАЛҒАН ЖҰМЫС КӨП

Біз Ескі Шу ауылдық округіне қарасты «Еңбекші ауылында тұрамыз. 110 отбасы, 1000-ға жуық халық бар. 2021 жылы ауылішілік жолдарға асфальт төселген болатын. Бірақ осы асфальт алақандай ауылдың жартысында бар, жартылай аяқсыз қалды. «Жаңбырсыз жер жетім, басшысыз ел жетім» демекші, мұның басты себебі, сол кездегі жергілікті әкімнің салғырттығы болса керек. Өйткені, ауылда қанша көше, қанша бұрылыс бар, қай тұста халық көп шоғырланғандығын нақты білмейді. Осындай сәтте тым болмаса, ауыл ағаларымен ақылдасып, білмеген жәйттерді сұрастырып отырса жөн болар еді. Мұндай базына жалғыз біздің басы-мызда емес. Белбасар ауылындағы асфальттау жұмысы да толымсыз күйде. Бұл жұмыстарға жауапты сол кездегі әкім Бақыт Жаманғараев және әкімдік қызметкері Айдос Нүсжанов есімді азаматтар болатын.
Еңбекші ауылы тұрғындарының көкейінде жүрген тағы бір мәселе – түнгі жарық. Шағын ауыл болса да мұнда 180 бала мектепке барады.Қыс мезгілінде өздеріңіз білетіндей, ерте қараңғы түсетіндіктен, әсіресе екінші ауысымда оқитын балаларға жарықтың қажеттілігі ауадай. Бұл жөнінде тұрғындар тарапынан өтініш айтылып, жарықтандыру жұмысы қолға алынған. Алайда, бұл да мардымсыз. Нақты айтар болсам, сол уақыттарда ауылдағы бір көшеге ғана арақашықтығы жиырма метрден 8 шам орнатылды және барлық көшенің бұрылысы қамтылмады. Бұл мәселеге сол кездегі әкім Бақыт Игіліков есімді азамат жауапты болатын. Есімдері аталған бұл азаматтардың ешқайсысы қазір ауылда жұмыс жасамайды. Уақытша басшылықта болған әкімдердің салғырттығының салдарын ауыл тұрғындары көріп отыр. Мұны қалай түсінуге болады? Бұл уақытша көзбояушылықпа, әлде басшылардың қызметтік жауапкершілігінің мүлдем төмендегеніме? Сонда халық кімге сенім артады?
Осындай мәселелерге аудандық деңгейдегі билік өкілдері жіті мән беріп, назарда ұстаса деген өтінішіміз бар. Алдағы уақытта халық сенген билік сенімді ақтайды деп үміттенеміз.
Кеңесбек Дуанбаев,
Шу ауданының Құрметті азаматы,
Еңбекші ауылы ақсақалдар алқасының төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.