Ақпараттық портал

КӨРЕРМЕНДЕРДІҢ КӨҢІЛІН БОСАТҚАН ҚОЙЫЛЫМ

Биыл Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Мағжан Жұмабаевтың туғанына – 130 жыл. Ол 1893 жылы 25 маусымда Солтүстік Қазақстан, Облысы қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданында дүниеге келген. Өмірін өлеңге арнап, ұлт пен ұрпақ қамы үшін күрескен жампоз 1938 жылы наурызда 44 жасында дүниеден өткен.

Осыған орай, жуырда аудандық Мәдениет үйінің сахнасында драматург Дулат Исабековтың ақын өмірін айшықтайтын «Жүз жылдық махаббат» спектаклі қойылған болатын. Оны көрермен назарына ұсынған қоюшы режиссёр Қазақ өнерінің қайраткері, Мәдениет саласының үздігі Бақытжамал Қосыбаева. Қойылымды жұртшылықпен бірге аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Жақсыбаев та тамашалады.
Спектакльде ақынның аяулы жары, оның жалынды жырларын ұрпаққа табыстаған өмірі тергеу мен тегеуріннен арылмаған Зылихамен С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облысының театрының актрисасы Мадинаның ұшырасуы суреттелген. Аракідік Зылиха Мағжан елесімен тілдесіп отырады. Ойшыл ақын мен оның жары арасындағы махаббат хикаясы мен өмірін білуге келген актриса спектакль соңында Зылихаға Мағжан ақынның иткөйлегін тапсыруымен, иткөйлекке ақын өлеңдерін орауымен Зылиханың да демі үзілуімен аяқталады. Осының бәрін бағып отырған көрерменнің көзіне еріксіз жас үйірілгенін көрдік.
Зор қошеметке ие болған қойылымда Зылиханың рөлін Бақытжамал Мұратқызы, Мадина бейнесінде Эльмира Тулешова, Мағжанның елесі болып Марлен Азаматов сомдады. Олар өздеріне берілген рөлді мүлтіксіз орындап, Жүз жылдық махаббаттың жүгін көрсеткендей болды.
Есіктен енген жылы елімізде М.Жұмабаевтың 130 жылдығы кең көлемде атап өтілетіні сөзсіз.Аталмыш спектакльді ақын тойына арналған ауданымыздағы алғашқы шара ретінде қабылдауға әбден негіз бар.
Ғұмыры рахаттан гөрі азапқа толы ақынды ардақтау, атын ұмытпау, шығармашылығымен сусындау баршамыздың және бүгінгі жас буынның міндеті. Себебі ақын өзінің жырымен «Мен жастарға сенемін» деп ұран тастағанын ұмытпайық!
Байжан ЖЕЛДЕН.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.