Ақпараттық портал

КӨРСЕТКІШ БАР, КӨЛДЕНЕҢ МӘСЕЛЕ ДЕ АЗ ЕМЕС

Жыл басынан бері еліміздің кадрлық құрамында бірқатар ауыс-түйістер орын алған болатын. Дәл осындай тағайындаулар біздің облысымызда да жалғасын табуда. Дәлірек айтсақ, бейсенбі күні ауданымызға жаңа әкім тағайындалды. Жаңадан тағайындалған әкімді аудан активіне облыс әкімі Нұржігітов Нұржан Молдиярұлы таныстырды. Өңір басшысы өз сөзінде ауданды осыған дейін басқарып келген Сәкен Арубаевтың ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып сайлануына байланысты ҚР Президенті аппаратының және аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен, облыс әкімінің өкімімен Шу ауданының әкімі қызметіне Бақытжан Жәнібековтың тағайындалғанын айтып, жиынға қатысушыларды оның еңбек жолымен таныстырды.

Бұдан әрі облыс әкімі Н.Молдиярұлының қатысуымен актив жиыны өтіп, онда 2022-2025 жылдарға арналған Шу ауданының даму жоспарының орындалу барысы қаралды. Осыған дейін аудан әкімінің міндетін атқарып келген Сәрсенбеков Серік Жұмалыұлы аталған мәселе бойынша баяндама жасап, атқарылған жұмыс пен алдағы жоспарға жан-жақты тоқталды.
– Ауданның даму жоспары аясында 2022-2025 жылдары құны 185,7 миллиард теңгені құрайтын 165 инвестициялық жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Нәтижесінде, 1221 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұдан бөлек, өткен жылы түрлі салаларда оң көрсеткіштерге қол жеткіздік. Шынын айту керек, шешімін күткен мәселелер де баршылық. Олардың қатарында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар, білім ошақтарын күрделі жөндеуден өткізу, ауыз сумен және газбен қамтамасыз ету, мәдениет ошақтарын салу және жастарды жұмыспен қамтуға қатысты түйткілдер де бар, – деді Серік Жұмалыұлы.
Өз кезегінде облыс әкімі 2022-2025 жылдарға арналған Шу ауданының даму жоспарының орындалу барысына көңілі толмайтынын тілге тиек етті. «Ауданда шешімін күткен күрделі мәселелер шаш етектен. Бір ғана мысал – өткен жылдың қорытындысы бойынша Шу ауданы бюджет кірісі орындалмаған жалғыз аудан болып отыр. Нәтижесінде, 412 миллион теңге игерілмей қалды. Осының өзі мұндағы жұмыстың тым сылбыр жүріп жатқанын аңғартып тұр. Одан бөлек, аудандағы 35 елді мекеннің тоғызында ауыз су жоқ болса, 17 елді мекен табиғи газбен қамтылмаған» – деген Нұржан Молдиярұлы бірқатар бөлім басшылары мен ауыл әкімдеріне сын-ескертпе жасады.
Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Бақыт Бетпаев баяндама жасап, тиісті салаларда атқарылған жұмыстарды атап өтті. Алайда, облыс әкімі аудан бойынша тіркелген 2930 шаруа қожалыққа субсидия беру жұмыстары тым баяу жүріп жатқанын ескертті. Сонымен қатар, аудандағы әлеуметтік саланың да бүгінгі ахуалы сараланып, жан-жақты талқыланды. Аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлмира Керімбаеваның айтуынша, ауданымызда барлығы 21845 аула болса, соның ішінде 4569 отбасының тұрақты табысы бар екенін жеткізді. Сондай-ақ, көпбалалы отбасылардың саны 3201-ді құраса, қалғаны аз қамтылған отбасылар мен өзін-өзі жұмыспен қамтып, маусымдық жұмысты атқарып жүргендер екен. Өңір басшысы өз кезегінде ауыл әкімдерінен әр ауладағы жеке қосалқы шаруашылықты дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, оған қажетті құрал-жабдық пен қаражат көлемі және ауылдықтардың жүзеге асырғысы келетін шағын жобалары, тұрақты табысы бар-жоғын сұрады. Өкінішке орай, қойылған сауалға ауыл әкімдерінің ешқайсысы да мардымды жауап қайтара алмады. Оған қоса, облыс басшысы аудандағы 47 мектепте білім алатын 20740 оқушыны тиісті үйірмелермен қамту жұмыстары да төмен деңгейде екенін атап өтті.
– Бүгінгі атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелі болуы ең алдымен ауыл әкімдеріне тікелей қатысты. Өйткені, әрбір елді мекен тұрғындарымен жеке-жеке жолығып, олардың ауласындағы ахуалын күнделікті көзбен көріп жүрген де дәл осы әкімдер. Тек, қол астындағы мамандарын тиісті жұмысқа дұрыс бағыттап, бізге шынайы ақпарат берсе болғаны. Оған қоса, мемлекеттен берілетін түрлі жеңілдіктер мен тиімді жобалар жайлы ақпаратты әрбір тұрғынға жеткілікті деңгейде жеткізулері қажет. Ал қазіргі кезде ауыл әкімдері бұл бағытта дұрыс жұмыс істей алмауда, – деді облыс әкімі.
Жиын соңында өңір басшысы Нұржан Нұржігітов аудан әкімі мен ауыл әкімдеріне және бөлім басшыларына нақты тапсырмалар беріп, түйткілді мәселелерді жуық арада шешуді жүктеді. Сонымен қатар, ауданға жаңадан тағайындалған Бақытжан Оразалыұлына да бірқатар тапсырмалар жүктеп, оның аудан әкімі ретіндегі қызметіне сәттілік тіледі. Бұдан бөлек, алдағы уақытта ауданның өндіріс саласында қолға алынып жатқан жұмыстардың көп екенін және оны жүзеге асыруда аудан әкімінің үлесі зор болу керектігін ескертті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.