Ақпараттық портал

ЖЫЛУ ЖҮЙЕЛЕРІ ҚАЛЫПТЫ ЖҰМЫС ІСТЕУІ ҚАЖЕТ

Жуырда ғана тағайындалған аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков аймақтағы әлеуметтік нысандарды аралап, танысу жұмыстарын бастап кетті. Өңірдегі алғашқы жұмыс сапарын Шу қаласындағы орталық қазандықтан бастаған аудан басшысы ондағы жұмыстардың барысын көзбен көріп, жылыту маусымындағы мәселелермен жан-жақты танысты. Жылу энергиясын өндіру, жөнелту және оны тасымалдаумен айналысатын «Шу-Жылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны қаладағы жүздеген нысандар мен тұрғын үйлерге үздіксіз қызмет көрсетеді. Әсіресе, қалалық емхана, әлеуметтік нысан, жеке және көпқабатты үйлер, мемлекеттік және коммерциялық мекеме дейсіз бе, яғни бас-аяғы 350-ден аса маңызды нысанды қатал қыста жылумен қамтып отырған да осы қазандық.

Бұрнағы жылдары мекеме басшылары жылу орталығын жаңғырту мақсатында мұндағы КЕ-25/14С маркалы бу қазанын газбен жұмыс істейтін BOSCH маркалы UNIMAT UT-L46 су қыздырғыш қазандарына ауыстыру жұмыстарын жүргізген. Одан бөлек, қатты отынмен жұмыс істейтін қазандық та резервке қойылған. Ал қазіргі кезде жұмыс істеп тұрған газ қазандықтарының тиімділігі сол, бұл қазандықтар аса көп жұмыс күшін қажет етпейді. Расымен де, байқағанымыздай Германиядан әкелінген бұл қазандықтардың жұмысы автоматтандырылған. Ол дегеніміз, қазандық сырттағы температураға қарап, тиісінше, ішкі температураның қанша мөлшерде болу керектігін өзі анықтайды.
Қала халқы үшін үлкен маңызға ие нысанды аралау барысында мұнда түйткілді мәселелердің бар екенін аңғардық. Кәсіпорынның инженер-жылу технигі Ержан Сүйерқұловтың айтуынша, қаладағы көппәтерлі тұрғын үйлерге жеткізілетін жылу энергиясының сапасын арттыру үшін үйлердің жертөлесіндегі және негізгі жылу құбырлары жөндеу жұмыстарын қажет етеді екен. Құбырлардың басым бөлігі жеке тұрғын үйлердің жертөлесінде болғандықтан, аталмыш жұмыстарға жергілікті тұрғындар да мүдделі болуы тиіс. Сол себепті де аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлы алдағы уақытта тұрғын үй иелеріне құбырларды жаңарту бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу керектігін жеткізді.
Сонымен қатар, аудан басшысы аудандағы бірқатар білім ошақтарының бүгінгі жай-күйі мен жылу жүйелерін көрді. Ең әуелі «Қант зауыты» мөлтек ауданындағы Ғ.Мұратбаев мектебінің жылу жүйесімен танысқан Б.Жәнібеков білім ошағындағы түйткілдерге құлақ түрді. Бірнеше жыл бұрын мектептің бір бөлігі апатты деп танылып, жарамсыз күйге түскен. Сондықтан да 1338 оқушы білім алатын мектепке жапсарлас ғимарат соғу қажеттілігі туындап отыр. Өз кезегінде аудан әкімі бұл мәселе алдағы жұмыс жоспарына енгізіліп, жан-жақты қаралатынын айтты. Оған қоса, «Ауыз су-Шу» мекемесінің дәл осы мөлтек аудандағы су тарату нысанымен де танысты. Байқағанымыздай, бұған дейін жауапты мамандардың салғырттығынан мұндағы су мұнарасы тесіліп, салдарынан мұнараға мұз қатқан. Десе де, өткен жылдың соңында мұнда жаңа мұнара орнатылыпты. Аудан әкімі аталмыш нысанды ағымдағы жылдың наурыз айына дейін іске қосуды тапсырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.