САЯСИ НАУҚАНҒА ДАЙЫНДЫҚ БАРЫСЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ
Жуырда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ҚР Парламент Мәжілісі мен облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтетіндігін айтқан болатын. Сонымен қатар Президент Парламент Сенатының отырысында Мәжіліс пен мәслихат сайлауы жаңа әрі әділ ереже бойынша өтетінін мәлімдеді.
– Жұрт жақында өз таңдауын жасайды деп сенемін. Алдағы сайлауда партиялардың бәріне бірдей мүмкіндік беріледі. Әкімдер қандай да бір саяси ұйымға жетекшілік ете алмайды. Ата заңға енгізілген өзгеріске сәйкес Президент барлық саяси күштен тысқары тұруға тиіс. Мәжіліс пен мәслихат сайлауы жаңа әрі әділ ереже бойынша өтеді. Алдағы сайлауды Қазақстан парламентаризмі тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы деуге болады. Қоғамның түрлі өкілдерінің мүддесін партиялар арқылы қорғау мүмкіндігі артады. Мұның бәрі саяси жүйенің орнықты және тиімді болуын қамтамасыз етеді, – деді ел Президенті.
Бұл ретте, жергілікті жердегі атқарушы биліктің саяси науқан алдындағы дайындығы үлкен маңызға ие екені сөзсіз. Оған қоса, үстіміздегі жылдың ақпан айында аудандағы 4 ауылдық округтің әкімдері сайланбақ. Осыған орай, апта басында аудан әкімі мен ауыл әкімдері және бөлім басшыларының қатысуымен өткен аппараттық кеңесте өңірдегі сайлау учаскелерінің дайындығы мен аудан тұрғындарының саяси науқаннан тыс қалмауына қатысты мәселелер жан-жақты қаралды. Жиын барысында аудан әкімі аппаратының басшысы Нариман Абай баяндама жасап, дайындық жұмыстарына кеңінен тоқталды.
– ҚР Парламенті Мәжілісінің, облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру және өткізуге дайындық жұмыстары жоспарлы жүргізілуде. Қазіргі таңда аудан бойынша 106 283 тұрғын бар десек, оның ішіндегі сайлаушылар саны 64 878 адамды құрап отыр. Ауданда барлығы 44 сайлау учаскесі бар болса, оның басым бөлігі білім ошақтарында орналасқан. Саяси науқан барысында 2000-нан астам мүмкіндігі шектеулі азаматтың дауыс беруі күтілуде. Сондықтан да аталған азаматтарға үй жағдайында дауыс беру ұйымдастырылады және учаскеге келушілерге екі инватакси қызмет көрсетеді, – деді Нариман Жетпісбайұлы.
Жиында аудан басшысы саяси науқан қарсаңында жергілікті тұрғындарды ақпараттандыру жұмыстарын жоғары деңгейде ұйымдастыру қажеттігін айтты. Одан бөлек, ауылдық округтердегі сайлау учаскелерінің дайындығына, сайлаушыларға ыңғайлы жағдай жасауға, call орталықтар мен округтік сайлау комиссияларының жұмысына қатысты мәселелер де кеңес барысында талқыланды.