Ақпараттық портал

Мерекелік кеш мерейімізді тасытты

Өткен жылдың соңы көрнекті шараларға толы болды. Әсіресе, мерекемен қатар қайырымдылық шаралары көптеп өткізілді. Солардың бірі – Ақмарал Салмарбекова басқаратын «Шу аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы» КММ-нің қызмет алушы балаларға арналған жаңа жылдық шыршасы. «Көңілді шырша мерекесі» деп аталатын сазды бағдарлама аудан орталығындағы «Гурман» мейрамханасында өткенін атап өту керек.
Орталық директоры Ақмарал Қазбекқызы өз құттықтауымен шараның шымылдығын түріп, ата-аналар мен балаларға жылы лебізін жеткізді. Одан бөлек, шара қонақтары балаларды жаңа жылмен құттықтады.
Шарада Нұрасыл Тұрсынхан «ЛП» және «Жаңа жыл» әнін шырқаса, жезтаңдай әнші Әлмұхамед Измағанбетов «Биле ламбада» мен «Көріктім» әнін нақышына келтіріп орындады. Рамазан Жұмақастың орындауындағы «Жаңа жыл» әніне де көрермендер шапалақ соқты. Сонымен қатар, аталған мекеменің мәдени ұйымдастырушылары Гауһар Сұлтанова, логопед Ботагөз Баетова, дефектолог Балжан Бокиева, тәрбиеші Айнұр Есендіковалардың шәкірттері Алижан Болат, Әмірхан Айтжан, Қадыржан Төлеген, Диас Мұхаділдер «Гномдар биін », кішкентай ханшайымдар Гүлдана Темірғали, Амина Әлімжан, Жібек Тоқтағұл, Арай Бекетайлар ата-аналарға «Ақшақарлар» биін тарту етті. Сонымен қатар Қуаныш Төлеген, Дарын Жұмабектер жаңа жылдық флешмоб көрсетті.
Көрермендер көрсеткен құрметке разы болған балалардың жүзінен шаттықтың лебі есіп, шабыттана түскенін байқадық. Сондай-ақ ата-аналар да перзенттерінің дарынды екенін байқап, жүздері бал-бұл жайнап жатты. Аудиторияның ауанына қарап, кештің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын білдік.
Қандай шара болмасын қайырымдылықтан шет қалмайтын жомарт жандар аталған кешке де өз үлестерін қосты. Ұйымдастырушылардың шараға демеушілік көрсеткен Шу станциясындағы желілік полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Болат Мұсақұловқа және оның жеке құрамына, «KMF» ЖШС Шу аудандық филиалына, жеке кәсіпкерлер Әйгерім Жансүгіроваға, Самат Ильясовтарға алғысы ерекше. Сондай-ақ мерекелік безендіру жасап, балаларға дәмді дастархан жайған «Гурман» мейрамханасына ризашылық білдіреді.
Біз де басылым атынан балалардың тез оңалуына тілектестік білдіріп, биылғы жыл берекеге толы болсын дейміз. Аналардың арманы орындала берсін!

Leave A Reply

Your email address will not be published.