Жаңа жылдық достық әзілдер
2022 жылғы желтоқсан айында аудандық мәслихаттың шешімімен төмендегі азаматтарға «Шу ауданының Құрметті азаматы» атағы берілген болатын. Біз бүгін сол айтулы азаматтарға арналған мерекелік достық әзілдерді оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
№36 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің
директоры Абдуманапов Сайфидин Нұридинұлына!
Тойған қозы сияқты көрінесің,
Ертелі-кеш турникке керілесің.
Доп ойнайсың алпыстан ассаң-дағы,
Шат сезімге қалайша берілесің.
Өрге сүйреп келесің өспірімді,
Жас ұрпаққа дарытып үлгі ісіңді.
Спорт деген бір сиқыр баурап алған,
Қуанышпен жалғайды келер күнді.
Еңбек ардагері Гасанов Агабала Алисаұлына!
Атақ алдың жоғары күні бүгін,
Күйттеп жүріп ауылдың тіршілігін.
Атқарғансың мұраптық қызметті де,
Диқан қауым береді көрімдігін.
Көсегесін көгерттің ауылыңның,
Қадірлісі болдың сен қауымыңның.
Дала төсін бөледің ән мен жырға,
Өсер ұрпақ тәу етсін мұның бәрін.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жылжымалы құрам және механизация департаментінің
бас менеджері Оңланбаев Үсембай Алтайұлына!
Еңбек жолы Шоқпардан бастау алған,
Теміржолшы болдың ғой топты жарған.
Қолың жетті биікке, билікке де,
Бір кездері өзіңе арман болған.
Болашаққа ізгілік гүлін шаштың,
Бекетінде Хантаудың мешіт аштың.
Қайырымды істерің көп екен ғой,
Имандылық жолынан сауап таптың.
Шу сигнализация және байланыс
дистанциясының бастығы
Сазаев Қайрат Оралбайұлына!
Теміржолдың басқарып байланысын,
Арындады қолыңа алған ісің.
Қауіпсіздік ең басты мұрат болды,
Тауың сенің ешқашан шағылмасын.
Достарың көп, аз емес дұшпаның да,
Қызғанады шаттықты құшқаныңда.
Депутаттық мәртебең өсе берсін,
Жүйрігіңді бәйгеге қосқаныңда.
Кәсіпкер, меценат, «Standart Construction» ЖШС құрылтайшысы
Шалқарбеков Мұханбеталы Жеңісұлына!
Айтарымды өзіңе дұрыс түсін,
Өркен жайып келеді өндірісің.
Жаңа жылда жұлдызың жарқырайды,
Бар шындыққа айналса көрген түсің.
Жомарттығың жетеді, қолың ашық,
Көмегіңді бересің көңіл тасып.
Мақтағанға масайрап кетпе бірақ,
Демеушілік дем берген қырдан асып.
Достық әзілдердің мәтінін жазған
Ахметжан Қосақов.
Суреттерін салған Қали Қораласбаев.