МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ Қ.ТОҚАЕВ АСТАНА ҚАЛАСЫН ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕ КЕҢЕС ӨТКІЗДІ
Қазақстан Президенті жиында сөйлеген сөзінде ел дамуындағы Астананың орны ерекше екенін атап өтті. Қалаға қойылатын талап та жоғары болады және бұл – тек экономикаға байланысты емес, архитектуралық, урбанистикалық, рухани және әлеуметтік салаға қатысы бар мәселе.
Қасым-Жомарт Тоқаев қол жеткізген жетістіктерге тоқмейілсімеуді ескертіп, астананы дамыту жөнінде бірқатар нақты міндет қойды. Оның айтуынша, Астананың инфрақұрылымын дәйекті түрде дамыту қажет. Урбанизация үдерісінің қазіргі қарқыны сақталатын болса, елорда халқының саны 2030 жылға қарай екі миллион адамға жетуі мүмкін.
– Қала тез үлкейіп келеді. Сол себепті қазіргі таңда Бас жоспарға қойылатын талаптар жиі бұзылады. Сондықтан инженерлік инфрақұрылымды кешенді түрде дамыту – басты міндет. Алайда бұл бағытта бірқатар мәселе бар. Атап айтқанда, әкімдік ЖЭС-3-ті пайдалануға бере алмай келе жатқанына 10 жылдан асты. Жобаны аяқтау мерзімі бірнеше рет шегерілді. Бұл оның 53 миллиард теңгеге қымбаттауына себеп болды. Аталған мәселе 2019 жылы көтерілді. Бірақ нысанның әзірлік деңгейі бұрынғыдай 83 пайызды құрап отыр. Нәтижесінде, қазір елорда 300 гигакалорийден астам жылу энергиясы тапшылығынан зардап шегіп отыр. Үкімет әкімдікпен бірлесіп, жыл соңына дейін ЖЭС-3-тің бірінші кезеңінің іске қосылуын қамтамасыз етуге және екі газ қазандығының құрылысын аяқтауға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Президент аса маңызды міндеттерге – электр қуатымен тұрақты түрде қамтамасыз ету мен қаланы газбен қамту мәселесіне назар аударды.
– 2019 жылы «Сарыарқа» магистральді газ құбырының бірінші кезеңі аяқталды. Әкімдіктің міндеті – 300 мыңнан астам адам тұратын тұрғын үй алаптарына газ жеткізу. Қазіргі таңда небәрі 8 мыңға жуық абонент газға қосылған. Газбен қамту қарқынының баяу болуы салдарынан экология бүлінеді. Аязды күндері пешпен жылытылатын үйлердің түтіні қаланы басып қалады. Елорданы газбен қамту ісін аяқтау жөнінде бұған дейін бірнеше рет тапсырма бердім. Бірақ оның орындалу мерзімі үнемі кейінге шегеріледі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, газ желісіне қосылу шығыны азаматтарымыз үшін қымбатқа түсіп жатыр. Құны екі миллион теңгеге дейін барады. Мұндай жағдай барлық аймақта байқалады. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне Үкіметпен бірлесіп, халық үшін газға қосылудың тиімді әрі ашық бағасын бекіту жөнінде нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды. Сондай-ақ тұрғын үй құрылысы саласында қордаланған мәселе көп.
– Төрт мыңға жуық үлескердің мәселесі әлі күнге дейін күн тәртібінен түспей тұр. Әкімдік пен Үкімет бұл мәселені жылдың соңына дейін шешуге тиіс. Сонымен қатар заңнамалық базаның осалдығы салдарынан қалада жаңа түйткілді нысандар пайда болуы мүмкін. Қазір Астанада рұқсат етілген құжаттары жоқ 90-нан астам тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс компаниялары жай ғана мардымсыз айыппұл төлеп, азаматтардан ақша тартуын қояр емес. Үкімет мемлекеттік реттеу шараларын қатаңдатқаны жөн. Құрылыс компанияларының заңды белден басып, үлескерлерден ақша тартуына жол беруге болмайды. Бұл жұмысқа Қаржылық мониторинг агенттігі атсалысуға тиіс, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жер телімін бөлу жұмыстарының ашық болмауына қатысты өкілетті органдарға арыз-шағым көп түсетінін атап өтті. Әңгіме белгілі құрылыс компанияларына жасалатын «айрықша» жағдай туралы болып отыр. Мемлекет басшысы бұл процестің түгелдей ашық болуы керек екенін айтып, жерді цифрлық сервистер арқылы және конкурс негізінде бөлуді тапсырды. Сонымен қатар Астананың көлік жүйесін дамыту мәселесіне де тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әкімдігіне LRT-ға қатысты жұмысты мейлінше тездетіп аяқтауды тапсырды.
– Мен бұрын да айттым. LRT жобасы, негізінен, қате болды. Бірақ қазіргі таңда басқа амалымыз жоқ. Бұл жобаны жүзеге асыруымыз керек. LRT-ның құрылысын тоқтатсақ, шығын одан да көп болады. Ал балама жобалар жоқ, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қаланы дамыту тұжырымдамасын қайта қарауды ұсынды. Оның пікірінше, қазір Астанада саябақтар жетіспейді, тұрғындар серуенге шығатын, демалатын орындар аз. Бірақ қала әкімдігі мұны ескермей, құрылысқа рұқсат береді. Саябақтарды, жаяу адамға арналған көшелерді көбейту қажет.
Сонымен қатар қаланың келбетін сақтап қалу және қаладағы орынсыз құрылыс жұмыстары көбейіп кеткені жайында айтылды. Көлік тұрағы жоқ үйлердің көптеп салынуы тағы бір маңызды мәселе ретінде атап өтілді.
Президент қаланың абаттандырылу, көшелерді жарықтандыру, сондай-ақ қала ішіндегі қардың уақтылы шығарылмау мәселелерін сынға алды. Оның айтуынша, қар жауып, боран соқса, тұрғындар қарға малтығып жатады. Жақында Астана көшелері бірнеше күн бойы кәдімгі мұз айдынға айналды. Қаланы көгалдандыру ісінің біртұтас тұжырымдамасы да жоқ.
Мемлекет басшысы азаматтардың әл-ауқатын арттыруға баса мән беру қажет екенін айтты. Үкімет әкімдікпен бірлесіп, қаладағы жастармен жұмысты күшейтуі қажет. Сондай-ақ қалада медициналық қызметтің сапасына және оның қолжетімді болуына қатысты шағым көп екеніне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Астана дарынды және зиялы азаматтар шоғырланған орталыққа айналуға тиіс деп есептейді. Бірақ бұған кедергі болып отырған жайттар бар. Соның бірі – балабақшадағы және мектептегі орын тапшылығы. Қазір балабақша кезегінде 45 мың бала тұр.
Президент Астананың және Астана агломерациясының экономикалық әлеуетін жүйелі түрде арттыру қажет деп пайымдайды. Елорданың қарқынды экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін, ең алдымен, арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын қайта қарау керек.
Мемлекет басшысының айтуынша, қаладағы өте өзекті мәселе – инфляцияның жоғары болуы. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бағаның қымбаттауы 23 пайызға жеткен. Бұл – республикадағы ең нашар көрсеткіштердің бірі. Астанада азық-түлік бір жылда, орта есеппен, 25 пайызға қымбаттады. Әкімдік тұрақтандыру қорында резерв жинауды қойып, «айналым схемасы» аясында сауда желілеріне жеңілдікпен зайым беруге көшті. 14 миллиард теңге бөлінген. Бұл – өңірлер арасындағы ең жоғары көрсеткіш.
Қасым-Жомарт Тоқаев Астана агломерациясын жүйелі дамытуды стратегиялық маңызды бағыт ретінде атап өтті. Елорда мен қала маңы арасындағы тығыз сауда-экономикалық, көлік-логистикалық кооперацияны ынталандыру қажет екені айтылды. Жаңа өндірістік кәсіпорындар мен инфрақұрылымдық нысандарды орналастыру елорда іргесіндегі ауылдардың әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Бұл Астана қаласы мен оған жақын орналасқан елді мекендердің тұрмыс деңгейіндегі алшақтықты жоюға мүмкіндік береді.
Президент елордамыз дамудың жаңа үлгісіне көшуге, Астана инновациялық шаһар болуға тиіс екенін атап өтті. Әлемде қаланы басқарудың жаңа цифрлық тәсілдері қарқынды түрде енгізіліп жатыр. Біз де бұған баса назар аударуымыз керек.
Мемлекет басшысының айтуынша, елорданы тез арада жаңғыртып, қаланың даму стратегиясын қайта қарау керек.
– Құжатта қаланы кешенді түрде дамытудың негізгі бағыт-бағдары айқын көрсетілуге тиіс. Әкімдікке арнайы қоғамдық тыңдау өткізіп, қаланың жаңа Бас жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Сосын Үкімет оны жыл соңына дейін мақұлдауы керек. Президент Әкімшілігі жұмыстың уақтылы әрі сапалы орындалуын бақылауға алады, – деді Президент.
Жиын барысында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр және Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов баяндама жасады.
Аkorda kz