СЫНЫПТЫҚ ЖҰМЫСТЫ ТАЛДАУ
Жуырда М.Мақатаев атындағы тірек орта мектебінде директордың эксперимент ісі жөніндегі орынбасары, осы жолдар авторының ұйымдастыруымен, «Сыныптық жұмысты талдау» тақырыбында семинар өтті. Магниттік мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасарлары, сынып жетекшілері және ұйымдастырушы мектептің сынып жетекшілерінің қатысуымен өткен семинардың мақсаты – жас ұрпақтың тәрбиесі нәтижелі болуы үшін мектептегі және мектептен тыс тәрбие үдерісін жетілдіру. Қарым-қатынас пен біріккен іс-әрекет жүргізуге арналған топ құру, іскерлік қатынас желісін орнату, сыныптық жұмыстың кешенді жүргізілуін қамтамасыз ету семинардың басты міндеті саналды.
Семинарда жиынның мақсат-міндеттерін іске асыру аймағын толық ашып, нақты дәйектер келтірілді. Сонымен қатар, ұлттық тәрбие мәселесін назарға ала отырып, қатысушы қонақтардың бұл жөніндегі өз ойларын ортаға салуына мүмкіндік жасап, ой-пікірлерін тыңдады. Өткен күннің бала тәрбиесі жөнінде «Менің атым Қожа» фильмінен үзінді көрсете отырып, осы бағыттағы өзекті ойды ортаға салды. Бүгінде бала тәрбиесі жөніндегі олқылықтардың орнын толтырып, жетістікке жету жолында атқарылуы қажетті жұмыстарға тоқталды.
Ал, семинар жұмысына жауапты мұғалімнің бірі А.Орынбаева өз сыныбына жүргізген жұмыстың зерттеуін, яғни «социометрия» әдісін тәжірибе жүзінде түсіндірді. Зерттеу жұмысы «социометрия» әдісі барысында анықталған тұйық, оқшауланған, назардан тыс қалған оқушылармен жұмыс жүргізуді мектеп психологына тапсырды. Зерттеу нәтижесінде қатысушыларға бала тәрбиесіне қатысты ситуациялық сұрақтар қойылып, пікірлері тыңдалды.
«Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың Һас жауы» дегендей, тәрбиеден кейін білім сапасы талқыланды. М.Жаппарова сынып жетекшілік етіп жүрген 10-сынып оқушыларының білім сапасына қатысты өткен екі тоқсанды салыстырмалы түрде көрсетіп, іс-тәжірибесімен бөлісті. Сыныптағы жетістікке жету жолдарын сыныппен жүргізілген талдау жұмыстарын салыстырмалы түрде көрсетіп, екі тоқсан арасындағы жетістікке қалай жеткені туралы мәлімдеді. Сондай-ақ, білім сапасын көтерудегі атқарылу керек жұмыс бағыттары бойынша ой бөлісті.
Семинар соңына қарай кешегі және бүгінгі күннің бала тәрбиесі талқыланып, болашаққа көз жүгірту де ұмыт қалмады. С.Дауренбекова сөз кезегін алып, қатысушы қонақтарды «Болашаққа көзқарас» деп аталған постерді қорғауға жұмылдырды.
Барлық қатысып отырған сынып жетекшілер мен мектеп әкімшілігі белсене қатысып, постерді тамаша қорғап шықты.
Семинар соңында Еңбекші орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Жапсарбаев, Алға орта мектебінен келген ағылшын тілі пәнінің мұғалімі С.Мадраимова, Жайсан орта мектебінен келген мұғалім, сынып жетекші А.Абике, М.Мақатаев атындағы тірек орта мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Б.Ақылбекова өз сөздерінде семинар жұмысына оң бағаларын беріп, тәжірибе алмасуда қажетті әрі маңызды ой түйгендерін жеткізді.
Мұнан кейін мектеп директоры А.Сихимова сыныптық жұмысты талдау, жетістіктері мен кемшіліктерінің басты себептерін тауып, келесі жұмысты дұрыс жоспарлау, оқыту сапасын жақсарту, сынып жетекшінің кәсіби шеберлігін арттыру, жұмыс тәжірибесіне жаңалық енгізу, сабақтағы оқу-тәрбие процесін бағалау мақсатында оқушының дамуын анықтау жұмыс нәтижесін көру үшін аса қажетті ұстанымдар екенін айтып өтті.
Жалпы, семинар жоғары деңгейде өтіп, мұғалімдер өз ұсыныстарын білдірді. Барлық қатысушылар әр іс жүйелі жүзеге асырылған кезде нәтиже болатынына көз жеткізіп, тарқасты.
Баян жексенбаева,
М.Мақатаев атындағы тірек орта мектебі директорының
эксперимент ісі жөніндегі орынбасары.