БАТЫР ЕСІМІ МӘҢГІЛІК ЕСТЕ ҚАЛАДЫ
Бүгінгі таңда ауданымызда бірнеше этномәдени орталық табысты жұмыс жасап, ұлтаралық достықты, конфессияаралық келісімді нығайтуға, заманауи азаматтық қоғамды қалыптастыруға қомақты үлес қосып келеді. Солардың қатарынан қоғамдық істерде белсенділігімен танылып жүрген, қазіргі уақытта Жаңа жол ауылының тумасы Али Тарвердиевич Мамедов жетекшілік етіп келе жатқан «Азери» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің Шу аудандық филиалын атап айтуға болады.
Біздің газетіміздің беттерінде этномәдени бірлестіктердің жұмысына қатысты мақалалар жиі жарияланып тұрады. Оның ішінде аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан балаларға, мүгедектерге, жалғыз басты жандарға қол ұшын беру мақсатындағы түрлі қайырымдылық акциялары, дөңгелек үстелдер, кездесулер және басқа да маңызды шараларды атап айтуға болады.
Соңғы жылдары Қазақстандағы әзірбайжан диаспорасы Әзірбайжан Республикасымен белсенді байланыс орнатқан, екі түркі мемлекеттерінің ағайындары арасында рухани, мәдени, тарихи байланыстар айтарлықтай жанданды. Өткен жылы Әзірбайжан астанасы – Баку қаласында екі ел қауымдастығы арасында үлкен резонанс туындатқан маңызды шара өтіп, бұл қазақ халқы мен әзірбайжан халқы арасындағы достықты одан әрі бекіте түсті.
Жергілікті аға буын өкілдері де Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін көптеген бұрынғы кеңестік республикаларда жаңғырығын әлі күнге дейін өзіміз де сезініп жүрген бірқатар қарулы қақтығыстар пайда болғандығын жақсы біледі.Сондай қанды қақтығыстың бірі – бүгінде үшінші онжылдыққа созылып отырған Карабақтағы қақтығыс. Оның себебі Кеңес Үкіметі кезінде қаланған. 1923 жылы 7 шілдеде Әзірбайжан Орталық Атқару комитетінің бұйрығымен Таулы Қарабақтың армяндар көп шоғырланған елді мекендері негізінде орталығы Ханкенді ауылы болған автономиялық облыс Таулы Қарабақ құрылды. 1936 жылы жаңа кеңестік конституция қабылданғаннан кейін бұл Таулы-Қарабақ автономиялық облысы болып өзгертілді. 1988 жылы саяси күштер қуаттана бастаған кезде Таулы Қарабақ басшылығы Әзірбайжан КСР құрамынан шығып, Армян КСР құрамына ену жөнінде сепаратистік ниет танытты. Мұның барлығы өзінің республикалық аумақтық тұтастығын сақтауға тырысқан әзірбайжан басшылығына қарсы жауап ретінде әрекет жасауға әкелді.
Жалпы, нағыз соғыс әрекеті басталып, бұл бейбіт тұрғындар арасында да, әскерилер арасында да көптеген адам шығынына ұшыратты. Әзірбайжан халқымен өзара туыстық қарым-қатынас орнатқан қазақ ұлдары осындай қиын сәтте оларға қол ұшын беруге бел буды. Осы тұстан біздің батыр ұлымыз Ербол Барынбетовтың ерлікке толы өмір жолы басталып, азаматтық ар-намысы оны майдан даласына алып келеді.
Ербол Төреханұлы Барынбетов 1974 жылы Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Құлан өңіріндегі Қорағаты ауылында дүниеге келген. Ол мектепті өте жақсы бағаға бітіріп, өз білімімен, тәлім-тәрбиесімен мектептің ең үздік оқушыларының бірі болды. Сондай-ақ, тарих пен әдебиет пәндері бойынша пәндік олимпиадаларда және күрес жарыстарында женімпаз атанған. Алайда, 1992 жылы Қарағанды Мемлекеттік Университетінің тарих факультетіне құжат тапсырса да, көздеген ұпайын жинай алмаған.
1992 жылдың күзінде әскери борышын өтеуге шақырылып, Қапшағай (қазіргі Қонаев) қаласындағы әуе-десанттық әскери бөлімінде азаматтық борышын өтейді. Бір-ақ кейіннен түсініксіз жағдайлар орын алып, бір күні әскери бөлімнің қолбасшылығы Ерболдың әскери бөлімнен өз еркімен кеткендігі туралы хабарлады. Сол күннен бастап, Ерболды іздей бастаған әкесі Төрехан өз ұлының қайда екенін біле алмай қалды. Ол қазірдің өзінде Қазақстанда хабар-ошарсыз кеткендер санатына тіркелген.
Аға сержант Ербол Барынбетовтың ерлік жолы туралы мақала 2022 жылы 11 сәуірде «Turan» сайтында жарияланған «Безвестный азербайджанский герой казахской наций» мақаласында айтылған. Армяндық агрессорлардан Бакуді азат етуге келіп, біздің әскер қатарына қосылып, Қарабақтың оңтүстігіндегі 776 әскери бөлімде Ерболмен бірге болған офицер қазақтың қайсар ұлы туралы мағлұмат береді.
Әзірбайжан әскері қатарында Ербол барлаушы болып, Муровдаге және Тертер-Ағдары аудандарындағы шайқасқа қатысты. 1993 жылы 2 мамырда оны көптеген маңызды операцияларға қатысқан №472 барлаушылар батальонына жіберді. Барлау тобына командир ретінде жау шебінде 8 рет ең қиын жауынгерлік тапсырманы орындады.
Мұнан кейін Ерболды №776 арнайы мәндегі жеке батальонға ауыстырды. 1994 жылдың ақпан айынан бұл бөлім Ағдары зонасындағы Тертер ауданындағы шайқасқа қатысып, мұнда Ербол барлаушы топтың командирі қызметін атқарды. 1994 жылдың наурыз айында барлаушылардың тағы бір тобы тұтқынға алынып, топты құтқару жолында Ербол ауыр жарақат алғандықтан, оны соғыс жүріп жатқан жерден эвакуациялап, Тертер ауруханасына жөнелтеді. Алайда, өз-өзіне келген бойда қаруластарының майдан даласында екендігін біліп, бірден осы ортаға қайта оралады.
1994 жылы сәуір айында агрессорлар Тертер ауданын оккупациялау мақсатындағы жоспарға көшті. №776 әскери бөлім ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, жаудың жоспарын күл-талқан етті. 15 сәуірде бұл бірлестіктің ерлігін бас қолбасшы Гейдар Алиев ерекше бағалады. Ал, 1994 жылдың 20-сәуірінде Ербол майдан даласында ерлікпен қаза тапты.
Әскери комиссарияттан офицер келіп, Әзірбайжан астанасы Баку қаласында алғашқы Қарабақ шайқасының жауынгері Ербол Барынбетовтың туыстарын іздеп жатқандығын айтқан кезде батырдың ата-анасы о дүниелік болып кеткен еді.
-Отбасы ағамның тірі екендігіне осы күнге дейін сенім артып келді. Тіпті, анам бал аштырып та көрді. Көп ұзамай, 1993 жылы 7-мамырда Ербол үйіне телефон соғып, аяғынан жарақат алып, Ханлар қаласындағы әскери ауруханада жатқанын айтады және анасына алаңдамауын жеткізді. Біз оны табуға тырысып, Қорғаныс Министрлігіне хабарластық. Бірақ ешқандай нәтиже болмады. Ол кезде Әзірбайжан елімен қазіргі уақыттағыдай байланыс орнамаған болатын- деп мәлімдеген «Тұран» тілшісіне батыр Ербол Нарынбетовтың ағасы.
Қаруластарының айтуынша, Ербол ержүрек, жаудан тайсалмайтын, қайсар жігіт болған. Ол жетекшілік еткен әскери бөлімнің ерлігі арқасында армяндар үлкен соққы алды. Арнайы тапсырманы орындау барысында барлаушылар тобы Ерболдың жан-жақты батыл шешімінің нәтижесінде тапсырманы лайықты орындап шықты.
Әзірбайжан халқы қазақ ұлының ерлігін ерекше бағалап, Ербол Барынбетовты осы соғыста қаза тапқан өзге де майдандастырмен бірге Баку қаласының орталығындағы Шехидтер аллеясына әскери құрметпен жерледі.
Өткен жылдың жазында Әзірбайжан астанасында Ербол Барынбетовтың туыстарының қатысуымен оның майдандастарын еске алуға арналған шара өтті. Әзірбайжан Республикасы Қорғаныс Министрлігінің өкілдері қазақтың батыр ұлының ерлігіне, рухына тағзым етіп, еске алу асын берді. Мұндай шара батырдың шағын отаны – Құлан ауылында да ұйымдастырылды. «Азери» әзірбайжан этномәдени орталығының Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Али Тарвердиевич Мамедов алғысөз сөйлеп, туыстас мемлекет болып отырған әзірбайжан елінің тәуелсіздігі жолында аянбай күрескен Ерболдай батыр ұл өсіріп, тәрбиелегені үшін Барынбетовтер әулетіне шынайы алғысын білдірді.
Бүгін де Әзірбайжан елінде сол соғыста қаза тапқандардың есімін мәңгілікке есте қалдыру мақсатында жұмыстар жүргізіліп келеді. Алайда, батырдың есімін асқақтату жолында әлі де талай жұмыс атқарылатынын және бұл қазақ халқы алдындағы өздерінің лайықты азаматтық парызы екендігін жеткізді Али Тарвердиевич.