Құрылыс қарқыны бәсеңдемейді
Елімізде тамыз айының екінші жексенбісі күні Құрылысшылар кәсіби мерекесін атап өтеді. Республика Президентінің Жарлығымен бұл кәсіби мерекенің ресми мәртебесі сонау 1998 жылы берілген.
Тіпті, бұл мерекенің тарихы Кеңес Одағы кезінде, Қазақстан Республикалардың бірі ретінде КСРО құрамында болған кезден бастау алады. Сонау 1955 жылдың өзінде КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен жаңа кәсіби мереке белгіленді. Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін мемлекетті қалпына келтіріп, Отан игілігі үшін еңбек еткен құрылысшылардың еңбегіне мемлекет тарапынан айрықша құрмет осылай көрсетілген. Сол тарихи кезең көбінесе ел арасында «құрылыс дәуірі» деп аталады. Себебі, тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды дамып, зауыттар, комбинаттар, фабрикалар, инфрақұрылымдық нысандар салына бастаған.
Құрылысшылар алғаш рет кәсіби мерекелерін 1956 жылы тамызда атап өтті. Бұл күнді тамыз айының әрбір екінші жексенбісінде атап өту дәстүрі посткеңестік кеңістікте қалыптасқан көптеген мемлекеттерде сақталған. Бұл үрдістен Қазақстан да шет қалмады.
Адамзат тарихымен астасып жатқан бұл алпауыт державаларды да, әлжуаз елдерді де қамтып, құрылысшы деген құрметті мамандықтың маңызы еш кеміген емес. Алысқа бармай-ақ ауданымыздың өзінде бұл салада айтарлықтай алға жылжу бар екенін аудан тұрғындары анық аңғарып отыр.
Мәселен, 2021 жылдың өзінде «Астанаэнергомастер» ЖШС мердігер ұйымымен «Қонаев ауылындағы 180 орындық Мәдениет үйінің құрылысы» жобасы бойынша №48 келісімшарт жасалған. Аталған құрылысқа 2021 жылға 176 000,0 мың теңге қаражат бөлінсе, былтырға бөлінген қаржы 109 641,0 мың теңгені құрады. Нысанның құрылысы өткен жылдың желтоқсанында аяқталып, ел игілігіне берілген.
Сондай-ақ, 2022 жылы «Төле би ауылындағы 147,73 га тұрғын үй алқабын газбен қамту» нысанына 294 791 000 теңге қаралып, мердігер «Газ Энерджи Констракшн» ЖШС-мен де келісімшарт жасалды. Сараптама қорытындысы бойынша құрылыс мерзімі 5 айды құрады. Нысанның құрылыс жұмыстары толығымен тәмамдалып, былтырғы желтоқсанда мемлекеттік қабылдау актісімен қабылданды.
Қазіргі уақытта да құрылыс қарқыны үдеген емес. Оған Абай ауылындағы 100 орындық Мәдениет үйінің құрылысын жатқызуға болады. Осы жылға өтпелі нысан болып саналған мәдени ошақтың бүгінде құрылыс жұмыстары соңына жетті. Сондай-ақ, нысанның жылу жүйесіне газ жалғанып, жиһаздары орналастырылып, сахна пердесі қойылды. Жуық арада пайдалануға берілмек.
Ауылдың ажарын ашқан құрылыстар қаланың да шырайын кіргізіп келеді. Оған Шу қаласындағы 258,7 га тұрғын аумаққа ауыз су жүйелерін салу және көгілдір отынмен жабдықтауды жатқызуға болады. Қазірдің өзінде алғашқы нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары 100 пайыз орындалды. Құрылыс ұзақтығы 11 айға созылып, нысан қабылданды. Ал, екінші жұмыс өкінішке қарай кешеуілдеп жатыр. Оған басты себеп – мердігердің құрылыс-монтаж жұмыстарын толығымен аяқтамауы болып отыр. Соған байланысты сот амалдары жүргізілуде. Бүгінгі күнге құрылыс жұмыстары 95 пайызға орындалды.
Нысан бойынша анықталған кемшіліктер қалпына келтіріліп, абоненттік крандары ауыстырылып және траншеялардың орны қалпына келтірілуде. Сонымен қатар, бетон бағаналар тартылуда. Нысандағы құбырларға қысым жіберу жұмыстары 50 пайызға жасалды.
Д.Қонаев ауылындағы спорт кешенінің құрылысы да ауыл тұрғындары үшін айрықша нысан. Қазіргі таңда нысанның құрылыс монтаж жұмыстары 45 пайызға орындалды. Ғимараттың қабырғасы қаланып, колонна-ригель қаңқасы тоқылып, шатыр қаңқасы құрастырылуда. Нысан келісімшарт бойынша 2023 жылдың 30 тамыз күні пайдалануға беріледі деп күтілуде. Биылғы қарастырылған қаржы – 207 776,1 мың теңгені құрайды.
Бұдан бөлек, ағымдағы жылы әзірге бірнеше нысан бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының басталуы жоспарланған. Солардың бірі – «Алға ауылындағы 25 га тұрғын аймақты газбен жабдықтау» нысаны. Аталған нысан бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, жеңімпаз анықталды. Құрылысты мердігер – «Ремстрои» ЖШС жүргізбек. Келісімшарт құны – 118 327,0 мың теңге. Біршама жұмыстар басталып та кеткен.
Аудан бойынша жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін берілетін жер кезегінде тұрған азаматтардың саны 11 155 адамды құрайды (Шу қаласы 7645 адам, Төле би ауылы 3035 адам, Алға ауылы – 475 адам).
Мәселені шешу мақсатында, 2016 жылы Шу қаласы «Оңтүстік-батыс» тұрғын аумағы 258,7 га, Төле би ауылы «Батыс» тұрғын аумағы 147,73 га және Алға ауылы «Оңтүстік» тұрғын аумағы 25 га егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы негізінде су, газ, қиыршық тас жолдарына жобалық-сметалық құжаттар әзірленген.
Бүгінде Шу қаласындағы 258,7 га инженерлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында 435,8 млн электрмен жабдықтау (2019 ж), 611,9 млн көше жолдары (2020-2021 ж.ж.), 868,2 млн сумен жабдықтау (2022 ж.) және 452,6 млн газбен жабдықтау жұмыстары (2022 ж.) жүргізілді (жалпы 2 млрд 368,9 млн).
Сондай-ақ, Төле би ауылы 147,73 га инженерлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында 464,1 млн электрмен жабдықтау (2020 ж.), 598,9 млн сумен жабдықтау (2021 ж.) және 278,2 млн газбен жабдықтау жұмыстары (2022 ж.) жүргізілді (жалпы 1 млрд 341,3 млн). Көше жолдарына 893,018 млн теңгеге облыстық құрылыс басқармасына бюджеттік өтінім берілді.
Алға ауылындағы 25 га инженерлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында 221,2 млн электрмен жабдықтау (2019-2020 ж.ж.) және 87,6 млн сумен жабдықтау (2020 ж.) жұмыстары жүргізілді. Газбен жабдықтауға мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, жеңімпаз мердігер анықталды. Мердігер – «Ремстрои» ЖШС. Келісішарт құны – 118 327,0 мың теңге. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 70 пайызға орындалды. Көше жолдарын жабдықтауға облыстық құрылыс басқармасына бюджеттік өтінім берілді, құны – 270,336 млн.
Осылайша, кезекте тұрған 1265 азаматқа жер телімі берілді. Олардың ішінде Шу қаласынан – 375, Төле би ауылынан – 680, Алға ауылдық округінен – 210 тұрғын баспана салу үшін жер теліміне қол жеткізген.
Одан бөлек, бас жоспармен қамту жұмыстарына тоқтала кетсек. Бүгінгі күнге 35 елді мекен бас жоспармен және оңайлатылған сызбасымен қамтылған. Өзгерістер мен толықтыру енгізуді қажет етпейді.
2020 жылы Шу қаласы және Төле би ауылы бас жоспарларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
2021 жылы Шу ауданы бойынша 5 елді мекенге (Алайғыр, Еспе, Кұлақшын, Аспара, Кұмөзек, Бөлтірік) бас жоспар жобаларының оңайландырылған нұсқасы әзірленді.
Шу ауданы Бірлік, Алға, Д.Қонаев, Бірлікүстем, Ақсу, Оразалы батыр ауылдарының және Тасөткел су қоймасының оңайландырылған бас жоспар жобалары дайындалды.
2022 жылы 19 елді мекендерде (Көкжиек, Жайсан, Сауытбек, Далақайнар, Бәйдібек, Белбасар, Еңбекші, Жаңа жол, Көктөбе, Балуан Шолақ, Жиделі, Шоқпар, Көкқайнар, Мойынқұм, Еңбек, Жиенбет, Абай, Тасөткел және Ақтөбе) оңайландырылған бас жоспар жобасы әзірленді.
Аталған жұмыстардың қатарында инженерлік коммуникацияларға түгендеу жүргізу жұмыстарын ұмыт қалдыруға болмайды. Инженерлік коммуникацияларға түгендеу жүргізудің өңірлік жоспарына тоқталып кететін болсақ, аудан орталығы – Төле би ауылының барлығы 841 га (2019 ж. – 361,8 га – 10,0 млн бөлінген, 2020 ж. – 479,2 га – 13,240 млн теңге жоспарланған). Шу қаласына барлығы 2024,7 га (2019 ж. – 939 га – 25,957 млн 2020 ж. – 1085,4 га – 30,0 млн) инженерлік-геодезиялық ізденіс жұмыстарын жүргізуге РГП «ГрадКадастр» мекемесімен 2019 жылдың 6 мамырында №40 келісімшарт негізінде жүргізілді.
Д.Қонаев ауылының жаңадан қосылған алқаптарының инженерлік жүйелерін түгендеу жұмыстарын жүргізу үшін 25 200,0 мың теңгеге бюджеттік өтінім беріліп, келісімшарт жасалып, жобалаушы мекеме тарапынан жұмыстар атқарылып жатыр.
Біздің бөлім үйлестірушісі болып табылатын бірқатар шаруалардың жайы осындай. Мұның барлығында құрылысшылардың маңдай тері төгілгенін айта кеткен жөн. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдалана отырып, әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Баршаңызға зор денсаулық, қажымас қайрат пен толағай табыстар тілеймін!
Дидар Нұрлыбеков,
аудан әкімдігінің сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы.