Ақпараттық портал

Халық қалаулысы – ел ішінде

Ағымдағы аптаның
ортасында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова
Шу ауданына арнайы
сапармен келді.

Халық қалаулысының алғаш атбасын бұрған жері Шу қаласындағы инженерлік инфрақұрылымы жүргізілген жер учаскелері болды. Онда Шу қаласының әкімі Елдос Нұралиев бүгінгі таңдағы атқарылған жұмыстарды жіпке тізіп, кейбір мәселелерді алға тартты.
Шаһар басшысының айтуынша, аумағы 258 га болатын ИКИ-де (инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым) 1449 учаске бар. Бүгінде 524 шешім шығарылып, 434 тұрғынның құжаты қарастырылу барысында тұр.
2022 жылы пайдалануға берілген тұрғын алабқа бірде-бір тұрғын үй құрылысы жүргізілмеген. Қаланың тысқары тұсындағы тұрғын алабына баспана салуға азаматтардың әлеуметтік жағдайы мүмкіндік бермей отырғанын айтқан Елдос Бекболатұлы тұрғын алабын инвестордың игілігіне беріп, тұрмысы төмен әрі баспанаға мұқтаж азаматтарға үй салып беру туралы ұсынысын жеткізді.
Мұнан кейін мәжіліс депутаты Шу қаласының қақпасы саналатын теміржол вокзалының тынысымен және күрделі жөндеуді қажет ететін ғимаратпен танысты.
Мұнда мейманға 1989 жылы салынған вокзалдың тәулігіне 2000-нан астам жолаушыны қабылдайтынын, сырт келбетінің ескіруіне байланысты күрделі жөндеу мен қайта жаңарту жұмыстарын жүргізу қажеттігі айтылды.
Қазіргі таңда «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ тарапынан күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттамасы мен сараптама қорытындысы әзірлену барысында екенін білген Г.Нұрымова мәселенің өзекті әрі шапшаңдықты талап ететінін жеткізді.
Мәжіліс депутаты бастаған аудандық және облыстық мәслихат депутаттары Дулат ауылдық округінде болып, Бәйдібек ауылдық клубында тұрғындармен кездесті.
Кездесуге ҚР СРИМ СШК «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру» (ИДЖЖ-2) жобасын іске асыру тобының жетекшісі Александр Атантаев,
ҚР СРИМ СШК гидромелиорацияны дамыту басқармасының басшысы Ердос Құлжанбеков, жобаның бас мердігері саналатын ирандық компанияның өкілдері мен облыстық мәслихат депутаттары Б.Қалымбетов, Н.Адилов, өзге де жауапты тұлғалар тобы қатысты.
Кездесудің негізгі тақырыбы «Иррегациялық-дренаждық жүйелерді жетілдіру» («ПУИД-2») бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар туралы болды. Бұл бойынша су шаруашылығы министрлігінен келген мейман Е.Құлжанбеков хабарлама жасап, биыл жоба аяқталатынын және вегетация кезеңіне дейін каналдардың барлығы іске қосылатынын жеткізді.
Жүздесу барысында округтегі «Иррегациялық-дренаждық жүйелерді жетілдіру» жобасы аясындағы жұмыстар жайы талқыланды. Тұрғындар тарапынан туындаған сауалдарға жауап қайырған тиісті мекеме басшылары жобаның биылғы мамырда мәресіне жететініне уәде берді. Бірақ, каналдарға жөндеу жұмыстарын жүргізіп отырған ирандық компания тапсырыс беруші тараптан қаржыландырудың баяу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Бұдан бөлек, мәжіліс депутаты өзінің сұрақтарын мердігерге қойып, жергілікті халықтың талап-тілектеріне құлақ асқандарын абзал санады әрі сапар барысындағы әрбір мәселе назардан тыс қалмайтынын құлаққағыс етті.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.