Бала тәрбиесіне байыппен қараған жөн
Ағымдағы аптада аудандық мәдениет үйінде облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кеңейтілген көшпелі отырысы болып өтті. Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеровтың төрағалығымен өткен басқосуға көршілес Мойынқұм ауданының Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрағасы, комиссия хатшылары, аудандық полиция бөлімінің, прокуратураның, орталық аурухананың өкілдері мен аудандағы білім ошақтарының директорлары және психолог мамандары қатысты.
Күн тәртібінде баланың құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасындағы суицид мәселелерін шешу жөніндегі іс-шараларды үйлестіруге қатысты түйткілдер қаралып, тиісті мамандар баяндама жасады. Көшпелі отырыстың төрағасы Нұржан Сәбитұлы аудандарда жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу және осы мәселенің себеп-салдарын зерделеу мақсатында тиісті басқарма және мекемелермен бірлесіп көптеген жұмыстар жүргізіліп жатқанына қарамастан, өңірлерде қайғылы жағдайлар орын алып жатқанын атап өтті. Сол себептен де бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі күшейтіп, бала тәрбиесіне байыппен қарау керектігін жеткізді.
Басқосу барысында ең алдымен Жамбыл облысы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы Бахыт Жақсылықова баяндама жасап, аудандардағы ахуалдарға тоқталып өтті. Сондай-ақ, облыс әкімінің кеңесшісі, бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Дәурен Бағжанов, білім басқармасы басшысының орынбасары Мұхит Нысанбаев та бала тәрбиесіне қатысты ойларымен бөлісті. Одан бөлек, Шу ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Бетбаев баяндама жасап, ауданға қатысты мәліметтерді көпшілік назарына ұсынды. Бақыт Аязұлының айтуынша, ағымдағы жылдың өзінде кәмелетке толмағандарға қатысты 28 мәселе қаралған көрінеді.
– Жалпы алғанда, 2022-2023 оқу жылдарында жалпы білім беретін кешкі мектепке ауысу туралы 98 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 64 өтініш қанағаттандырылып, қалған 34 өтініш қанағаттандырусыз қалдырылды. Ал, үстіміздегі жылдың 7 айында кәмелетке толмағандар тарапынан қылмыс орын алған жоқ. Алайда, кәмелетке толмағандарға қарсы екі қылмыс жасалып отыр. Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, олардың құқықтық сауаттылығын көтеру және жауапкершілік тәртібін қалыптастыру мақсатында білім беру орындарында 65-ке жуық профилактикалық лекция өткізіліп, 85-рейдтік іс-шаралар жүргізілді. Одан бөлек, ауданымызда ерте жүктілікке қатысты деректер жыл өткен сайын қысқарып келе жатқанын айта кету керек. Дәлірек айтқанда, 2021 жылы дәл осындай 35 дерек анықталған болса, өткен жылы 20, ал биылғы жылдың 7 айында 13 дерек тіркеліп отыр. Сол себепті де ерте неке мен ерте жүктіліктің алдын алу бойынша жұмысты жақсарту мақсатында барлық оқу орындарында жұмыс күшейтілді, – дейді аудан әкімінің орынбасары.
Сонымен қатар, ауданымыздағы жалпы білім беру ұйымдарында психологиялық кеңес беру айлығының жоспары құрылып, оқушылармен, ұстаздармен және ата-аналармен психологиялық қызметтің жұмысын насихаттау, мектеп ұжымының ауызбіршілігін қалыптастыру, оқушылардың шығармашылығын, белсенділігін арттыру, психологиялық кеңес беру бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілген. Нақтырақ айтқанда, білім беру мекемелерінде жасөспірімдерге арналған 6 дәріс оқылған. Олардың қатарында «Психикалық денсаулық туралы мәлімет», «Өз-өзіне көмек беру бойынша кеңестер», «Стресс және дағдарыс», «Депрессия және суицид туралы ойлар», «Досың қиындыққа тап болса, қалай көмектесуге болады?», «Кімнен кеңес алуға болады?» сынды дәрістер бар. Бұл іс-шараларға барлығы 598 оқушы қамтылыпты. Оған қоса, балалар арасындағы буллингтің және кибербуллингтін алдын алу бойынша 5-11 сынып оқушыларының интернет жүйесіндегі жағымсыз сайттарға, әлеуметтік желілердегі «өте нашар» топтарға абайсызда қосылып кетпеуі бойынша ата-аналар арасында дәрістер өткізілді. Бұдан бөлек, аудан әкімінің орынбасары Бақыт Бетбаев аудан аумағында құрылысы бітпеген, бала өміріне қауіп төндіретін 6 ғимарат анықталғанын атап өтті. Оның ішінде Д.Қонаев ауылында соғылып жатқан спорт кешені және Абай ауылындағы мәдениет үйінің құрылыстары аяқталуға жақын қалған. Қалған 4 ғимаратты аудан әкімдігінің теңгеріміне алу жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Тағы бір айта кетерлігі, ағымдағы жылдың басынан бүгінгі күнге дейін аудан аумағында жас жеткіншектерге қатысты 5 төтенше жағдай орын алған. Оның ішінде кәмелетке толмаған 4 жасөспірімнің суға бату дерегі анықталса, 1 бүлдіршінді көшедегі иесіз жүрген ит қапқан. Облыс әкімінің орынбасары дәл осындай деректер орын алмас үшін аудандағы жұмысты одан әрі жүйелей түсу керектігін жеткізді.
Шынын айту керек, кейінгі кезде жастардың, әсіресе, ұлт болашағын тәрбиелейтін қыздардың жат әдеттерге бой ұрындырып бара жатқаны кім-кімді де толғандырып отыр. Қыз балалар тәрбиесі күн өткен сайын барша қоғамды алаңдататын, күрмеуі қиын мәселелердің біріне айналып келеді. Өйткені, аузынан ана сүті кеппей жатып, жүкті болып жатқан жасөспірімнің саны арта түсуде. Мұндағы басты себеп – жыныстық тәрбие жөніндегі насихаттың аз болуы, аналардың қыздарына жыныстық тәрбие турасында дұрыс ақпарат бермеуі екені анық. Көптеген отбасыларда бұл тақырыпты қозғау ұятқа саналып, әңгіме қозғалмай, жабық күйінде қалады. Стастистикаға сүйенсек, жоспарланбаған жүктіліктің 90 пайызы отбасындағы тәрбие мен қарым-қатынасқа байланысты екен. Одан бөлек, бұрнағы жылдары Тараз қаласындағы мектептердің бірінде 12 жастағы оқушының қаскөйлердің қолынан зардап шегіп, оның соңы үлкен дауға ұласқаны әлі күнге есімізде. Қайбір жылы Шөлдала ауылында оқушылардың бір-біріне тапанша қолданып, салдарынан бірнеше оқушының ауруханадан бір-ақ шыққанын да көрдік. Біз естімеген, көрмеген дәл осындай оқиғалар ауданымызда да болып жатқаны жасырын емес. Ересектерді былай қойғанда, мектеп жасындағы оқушылардың арасындағы атыс-шабыс, топ болып төбелесу сынды келеңсіз жайттар күнара орын алып жатады. Бұл – білім ошақтарындағы қауіпсіздік шаралары, оқушылардың тәртібі мен оларды үнемі бақылауда ұстау сынды маңызды мәселелердің әлі де болса өзектілігін жоғалта қоймағанын анық аңғартып отыр. Әлбетте, кез келген ата-ана баласын жаман болсын демейді. Отбасы, ошақ қасында балаларына жақсы тәрбие беріп, дұрыс көзқараста өсіреді. Дейтұрғанмен, «қызым үйде, қылығы түзде» деген тәлімді тұжырымды естен шығармаған жөн. Өйткені, кәмелеттік жасқа толмаған балалар арасындағы қылмыстың барлығы дерлік сыртта, өзі араласатын ортада, түнгі уақыттарда орын алып жатады. Бұл ретте, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жұмыс істейтін мектеп инспекторларының алатын орны ерекше екенін де айта кеткен жөн. Десе де, қазіргі кезде бала қауіпсіздігіне мектеп инспекторынан бөлек, ата-ана мен білім ошағындағы мұғалімдер де мүдделі болуы тиіс. Міне, аталған мәселелер көшпелі отырыста кеңінен талқыланып, тиісті мекеме басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.
Дәл осы күні облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров Алға ауылдық округінде болып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Басқосу барысында ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Рысбай Райсов мектеп маңынан Амангелді Имановтың ескерткішін салуға қатысты өтінішін жеткізді. Одан бөлек, Амангелді ауылының тұрғындары елді мекендегі ауыз судың қысымы аз екенін айтты. Аталған мәселе бойынша Нұржан Сәбитұлы аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысына қалыптасқан мәселені жуық арада шешуді тапсырды. Сонымен бірге, ауылдықтар республикалық «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автомобиль жолында мал өтетін жол белгісінің жоқтығын, соның салдарынан жайылымға мал шығару қиынға соғып жатқанын айтып қынжылды. Оның үстіне, кейінгі кезде жол бойындағы малды көлік қағып, салдарынан жазатайым оқиғалардың көптеп орын алып жатқанын да жеткізді. Ауылдағы ағайынның көтерген мәселелерін тыңдаған облыс әкімінің орынбасары алдағы уақытта нақты жұмыстар атқарылатынын айтты.